Жаңаөзен қаласында 7 бағыт бойынша жұмыс істейтін коворкинг орталығы ашылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Жаңаөзен қаласында коворкинг орталығы ашылды. Орталық үшін қалалық білім бөлімі мекемесінен арнайы кабинет берілген. Бұл туралы Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Орталық 7 бағыт бойынша жұмыс істейді. Оның біріншісі – озық тәжірибелі мектептер мен дебат клубтарының жұмысын ұйымдастыру. Екіншісі – «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру, педагогтердің авторлық бағдарламаларына әдістемелік қолдау көрсету. Сондай-ақ ардагер ұстаздар, үздік педагогтермен кездесу, сыр-сұхбаттар өткізу. Мұнда білім алушылардың ғылыми жобаларына халықаралық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек жетекші мектептер мен педагог-психолог мамандардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріледі.

-Коворкинг орталығы заман талабына сай жабдықталған. Бұл жерде әр педагог оқу бағдарламасы аясындағы креативті жобаларын жүзеге асыра алады. Ал оқушыларға олимпиадаларға дайындалып, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бар, – деді Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің басшысы Ысқақ Құлатай.