Жаңа спорттық орталық жұмысын бастады

Оралдағы Оқушылар сарайында батуттық гимнастика, акробатикалық жолда секіру және көркем гимнастика орталығы ашылды.

Аталған спорт түрлері Батыс Қазақстанда кейінгі жылдары кеңінен дамып келеді. Олимпиадалық спорт түрі саналатын батутта секіру, акробатика және көркем гимнастикамен айналысатын жас спортшыларды бұған дейін қаладағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі дайындаған. Нәтижесінде облыстың мерейін асқақтатып, есімдері елге мәшһүр болған жеңімпаздар көбейіп, спорт мектебінің мақтанышына айналған. Ендеше осы спорт түрлеріне қызығушылығы жоғары жеткіншектер қатарының көптігін ескерсек, мұндай орталықтың маңызы зор екені түсінікті.

 

 

 

Мұны акробатикалық жолда секіру, батуттық және көркем гимнастика орталығының ашылу салтанатына қатысқан қадірменді меймандар мен спортшылар да жоққа шығармады. Жерлестерімізді орталықтың ашылуымен құттықтаған Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов: – Жас спортшыларға мүмкіндіктер жасауда инфрақұрылымдардың тиімді пайдаланылуы – басты назарда. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген бұл Оқушылар мен жастар сарайы бүгінде жасөспірімдердің шығармашылықпен және спорттың түр-түрімен айналысуына мүмкіндіктер жасайтын орынға айналды. Бүгін осы ғимараттағы жеңіл атлетикалық залдың қызметі кеңейіп, енді батуттық гимнастика, акробатикалық жолда секіру және көркем гимнастика салаларын бойынша жұмысын жалғастырмақ. Инфрақұрылымды тиімді пайдалану мақсатында қажетті құрал-жабдықтар алынды. Осы орталықта тәрбиеленген балаларымыз болашақта құрлықтық және әлемдік олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері болады деп сенеміз, – деді.

 

 

Шараның құрметті қонағы, ҚР-ның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, акробатикадан, гимнастикадан спорт шебері Хикматулла Нұрходжаев спортты жанына серік еткен балаларға осындай мүмкіндік жасаған жергілікті билік өкілдеріне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ орталықтың ашылу салтанатына қатысушылар №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі спортшыларының және батуттық гимнастикадан халықаралық санаттағы спорт шебері, ҚР-ның бірнеше дүркін чемпионы, екі мәрте Әлем чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері Пираммад Әлиев пен акробатикалық жолда секіруден ел чемпионы, Әлем чемпионатының финалисі Рустам Юсуповтың көрнекілік көрсетілімдерін тамашалады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы