ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУДЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5-маусым күні республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Әлбетте бұл науқанның саяси һәм қоғамдық маңызы зор. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы көптеген кемшіліктерімізді көрсетіп, бәрімізге сабақ болғаны шындық.
Мұны Президентіміз де ашып айтқан болатын. Сол себепті жаңа Қазақстан құруға бет түзедік. Ал мұның астарында дегеніміз демократиясы мығым, заң үстемдігі орнаған әділетті Қазақстан идеясы жатыр. Ал оның негізгі іргетасы барша халықтың көңілінен шығатын, әділдік қағидаларына сүйенген Конституцияны әзірлеу. Осы мақсатта жұртшылықтың пікірі ескерілген Ата Заңның жаңа жобасы көпшілік талқысына ұсынылып отыр. Күллі қазақстандықтарға ортақ Конституцияға енгізілген өзгерістерді жаппай халықтың дауыс беру арқылы қабылдау өте құптарлық шешім. Сол үшін жоғарыда айтқанымдай референдум өткізудің рөлі де маңызы тым жоғары. Ендеше барлығымыз осы науқанға біркісідей атсалысып, ел ертеңіне дұрыс таңдау жасауымыз қажет. Сонда ғана жаңа Қазақстанды құра аламыз.
ӘЙМЕН ӘНУАРБЕК, э.ғ.д., профессор М.Х.Дулати атындағы Тараз өнірлік университетінің технологиялық факультетінің деканы.