Жаңа Парламент те тіл мәселесін шешпейді!

Сонымен, Парламенттегі кешегі ұятты жағдай үмітті көзбен Нұр-Сұлтанға телміріп отырған жұртшылықты жерге қаратты. Үш партияның үкілеп мәжіліске өткізген депутаттарының көпшілігі мемлекеттік тілдегі ант мәтінін сауатты айтып беруге тілі келмеді!
Мұндай «халық қалаулылары» Тіл туралы Заңның әлеуетін күшейтетін, қазақ тілінің қолданыс аясын мүмкіндігінше кеңейтетін, республиканың барлық азаматын мемлекеттік тілді білуге міндеттейтін заң актілерін қабылдайды деймісіз?..
Бұл Парламент те халықты алдаусырататын ескі әдісті қолданады. Мұхтар Шаханов, Бекболат Тілеухан, Оразкүл Асанғазы, Геннадий Шиповских сияқты депутаттарға қазақ тілі туралы сөйлеуіне мұрсат беріледі. Солардың сөздерін тележәшіктен тыңдаған тіл жанашырлары екі санын шапалақтап қуанған бес жасар бала секілденіп кәдімгідей мәз болады… Қарабайыр құйтырқы әдістің тиімділігі соншалық зор!..
Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi органында заңдық тұрғыдан шешімін таппаған тіл, ономастика салаларындағы проблемалар мемлекетшіл, ұлтшыл азаматтардың емі жоқ бас ауруына айналғаны қашан. Көрнекті философ ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы мемлекеттік тілдің мүшкіл жағдайын айта-айта әбден шаршаған сияқты, кейінгі кезде үні естілмейді. Есесіне көшеде жүрген шала сауатты шолақ белсенділер тіл проблемаларын қара басын жарнамалаудың көрнекі құралы ретінде әккілікпен пайдалануда! Әрине, ондайлардың Мәжіліс депутаттарына қандайда бір ұсыныс білдіруге я сын айтуға білімі мен біліктілігі жетпейді. Осы себепті және пілге үрген канден иттің кейпіне енгісі келмегендіктен, әкімдіктердегі шенеуніктерді сынап-мінеумен шектеледі. Додада әркімнің тақымына түсіп түте-түтесі шыққан көкпар сияқты болған қазақ тілі мәселесін енді шынайы ұлт жанашырлары қолға алуға ұялатын шығар.
Тоқ етерін айтқанда, Парламент депутаттарының бұл құрамы да мемлекеттік тіл мәселесін шешпейді! Тек партиясының атауын өзгертіп, тонын теріс айналдырып киген коммунист депутаттар «мінез» көрсетіп, мәжіліс отырыстары демократия талаптарына сай қызу пікірталаспен өтуде деген жалған қоғамдық ой тудыруы мүмкін.
Ал Парламент депутаттарының тіл мәселесінде осы ұстанымынан таймауының себебін жұртшылыққа түсіндіріп бере алатын бірде бір саясаткер болмай тұр.
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.