ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Санаулы уақыттардан соң жаңа оқу жылы басталғалы тұр. Мұнымен қоса ата-аналар тарапынан ғана емес, білім беру мекемелеріне де артылар жауапкершілік көп.
Жалпы ауданымызға қарасты білім ошақтары қаншалықты жаңа оқу жылына даяр?
Осы сауалға жауап алу мақсатында облыстық білім басқармасы Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаевпен әңгіме өрбіткен болатынбыз.

– Нұрболат Серікұлы, әне-міне дегенше күз айы жақындап, жаңа оқу жылы қадам басқалы тұр. Осыған орай аудандық білім бөлімінің дайындығы қалай жүруде?

– Биыл әдеттегідей барлық мектептерде ағарту-сырлау жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгінгі күні, жаңа оқу жылына дайындау мақсатында 3 610,252 мың теңгеге 2035 банка еден сыры, ақ сыр, көгілдір сыр және 1 180,844 мың теңгеге 5825 литр су эмульсиясы (водоэмульсия) сатып алынып, білім мекемелерінің ғимараттарына және жылыту қазандықтарының ғимараттарына әктеу, сырлау, тазалау жұмыстары жүргізілді.

– Аудан аумағындағы қанша білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді? Қанша қаражат қарастырылған? Апатты жағдайда тұрған мектептер бар ма?

– Ағымдағы жылға білім бөліміне қарасты мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары қаражат қарастырылмауына байланысты жүргізілмеді. Алайда 2023 жылға 7 мектепке, соның ішінде Жамбыл, Ә. Жанқұлиев, М.Мәметова, Н.Ақшабаев, А.Пушкин атындағы орта мектептер мен №3 орта мектебі, Дихан тірек мектебі күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл алдағы жылдың жоспарындағы жұмыстар.
Биыл жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, 15 012,057 мың теңгеге Көкөзек ауылындағы Т.Ақбозов атындағы орта мектептің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Яғни бұл дегеніміз күз айында балалар әсем, мұнтаздай таза мектепке барады деген сөз.
Сонымен қатар биылғы жылы Көктал ауылында 600 орындық, Сеңкібай ауылында 100 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Алдағы күз айында осы екі мектеп пайдалануға берілмек.
Ал, апатты жағдайдағы мектепке келер болсақ, ондай жағдайдағы білім беру мекемелері жоқ. 2021 жылы Қайнар ауылында орын алған төтенше жағдайға байланысты № 5 мектеп апатты деп тіркелген болатын. Бірақ биылғы жылдың қаңтар айында оқушыларға жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Тағы айта кететін жайт, 2023-2024 жылдары 3 жекеменшік мектеп ашу жоспарда бар. Олар Сарыкемерден 2, Бурылдан 1 мектеп. Бұл дегеніміз мектептегі орын тапшылығының мәселесі шешіледі деген ойдамыз.

– Жалпы ауданымызға қарасты барлық мектептер толықтай көгілдір отынмен қамтылған ба?

-Бүгінде аудандағы 44 мектептің 13-і қатты отынмен, 31-і көгілдір отынмен жылытылады. 2021-2022 оқу жылында білім мекемелері 36 916,860 мың теңгеге 1734 тонна қатты отынмен қамтамасыз етіліп, толығымен жылыту маусымында қолданылды. 2022-2023 жылғы жылыту маусымына 1764 тонна қатты отынмен тамыз-қыркүйек айларында қамтамасыз етілетін болады.
Қазіргі таңда Ақжар ауылындағы С.Сейфуллин орта мектебінің қолданыстағы қазандығын қайта жаңғырту және көгілдір отынға қосуға 50 576,2 мың теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған елді мекендегі “Ақжар” балабақшасы қазандығының құрылысы және көгілдір отынға қосу үшін 52 829,2 мың теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта барлық мектептер көгілдір отынмен қамтылады деген сеніміміз мол.

– Бүгінгі таңда білім беру мекемелерін сапалы кадр, білікті ұстаздармен қамтудың маңызы артып келеді. Аудан мектептерде қандай пән мұғалімдері жетіспейді? Осыған тоқтала кетсеңіз?

-Кадр тапшылығы бойынша ауданның білім беру мекемелерінен 2020-2021 оқу жылына 6 (орыс тілі – 3, ағылшын тілі – 1 математика – 2) мамандығы бойынша орын тапшылығы болған. Бұл орын тапшылығы қоса атқарушы және зейнетке шыққан педагогтарды жұмысқа тарту есебінен шешілген.
2021-2022 оқу жылында білім беру мекемелерінен нақты алынған қажеттілік бойынша 19 бос орындарға сұраныс беріліп отыр. Олар: орыс тілі мен әдебиет пәнінен – 8, математика – 8, физика – 2, музыка – 1. Аталған мамандықтарға қажеттілік бойынша білім беру мекемелері Тараз Мемлекеттік университетімен бірлесіп, жас мамандарды ауыл мектептеріне тарту жұмыстарын жүргізу үстінде. 2020-2023 оқу жылынан бастап білім беру мекемелеріне тұрақты немесе уақытша бос орындарға педагогтарды жұмысқа қабылдау ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 19 қарашадағы №568 бұйрығымен бекітілген Ережеге сәйкес, конкурстың негізінде қабылданатын болады.

Сұхбаттасқан: Арайлым Нарбатырова