ЖАҢАТАСТЫҢ БІРІНШІ ӘКІМІ

Шерағаңның, Шерхан Мұртазаның атақты «Қара маржан» романынан бастап кеншілер қаласы- Жаңатас туралы талай дүние жазылды.
Совет Одағының бас басылымы — «Правда» газетінде, республикалық, облыстық газеттерде де Жаңатас пен Қаратаудың тыныс-тіршілігі үздіксіз жазылып жатты.
Өндіріс ерлерімен қатар, қала басқарған азаматтардың іскерлік қырлары,
ұйымдастырушылық қасиеттері де кеңінен
жазылатын. Компартия кезінде үгіт-насихат дегеніңіз сондай болатын.
Жаңатас қаласының бірінші әкімі Итен Әлімтаев туралы бүгінде мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желіде жазылмақ түгілі, айтыла бермейді. Ол кісі
Тәуелсіздіктің елең-алаңында елімізде басқарудың әкімдік жүйесі енгенде Жаңатастың тұңғыш әкімі болып тағайындалды. Қаладағы іргелі құрылыс мекемесін басқарып жүріп, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болған Итен Әлімтайұлының қарапайымдылығын, іскерлігін Жаңатастың байырғы тұрғындары аңыз қылып айтатын. Ол кісінің керзі етікті киіп алып, коммуналдық құрылымның әлде бір жері істен шықса білек сыбана өзі кірісіп кететінін, құрылыс нысандарының күндіз-түні басында жүретінін талай естідік. Оны қала әкімі болғанда өзімізде көрдік.
Итен Әлімтаев әкім болған жылдары қолма- қол ақша болмады. Дүкенде нан-сүт, басқа да азық-түлік тауарларына ұзын-сонар кезек болды. Қолдан лотерея билетін жасатып, ақша орнына жүргізді, азық-түлікке талон шығарды.
Қу ауыздар «лотерея-ақшаны» «Әлимтаевка» деп атады. Соны естісе де қабақ шытпады азамат. Ең бастысы жаңатастықтарды қолдан жасалған ақшамен болса да айлық-жалақысыз, аш-құрсақ қалдырмады.
Бүгінгі Түркістан облысының Төрткүл өңірінің азаматы еді-ау. Әтең, өмірден ерте кетіп қалды. Жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын, Жаңатас қаласы үшін еңбегі сіңген есіл ердің!
Амангелді Әбіл
Қазақстанның Құрметті журналисі
(Суретте Итен Әлімтайұлы бір топ құрылысқа жауапты басшылармен «Бастилия» тұрғын үй құрылысында.
Сурет жергілікті белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин ағамыздың «Жаңатас дастаны» кітабынан алынды).