ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР МЕН ЖАРҚЫН БАСТАМАЛАР КЕЗЕҢІ
Білім – адамға өмір бойы жол көрсететін шамшырақ, ал мектеп – сол білімнің алғашқы баспалдағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруді ел болашағын айқындайтын маңызды міндеттердің бірі ретінде үнемі атап келеді. Өйткені бүгін мектеп партасында отырған бала – ертең ел тізгінін ұстайтын азамат. Сондықтан әр жаңа оқу жылы – білім саласы үшін жаңа міндеттердің бастауы ғана емес, мыңдаған баланың арманға қарай жасаған алғашқы қадамы.
1 қыркүйек – Білім күнінің орны қашанда бөлек. Әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршін үшін бұл күннің әр сәті жүректе жатталып қалады. Қолынан жетектеген ата-анасымен мектеп ауласына алғаш енуі, әріп танытып, қалам ұстауды үйрететін алғашқы мұғалімімен қауышуы, алғаш рет мектеп партасына отыруы, алғашқы кітабын қолына алуы, алғашқы қоңыраудың үнін естуі – бала өміріндегі қайталанбас сәттер. Кеше ғана балабақшада алаңсыз ойнаған бүлдіршін осы күннен бастап білім атты үлкен әлемнің есігін ашады.
Мектеп өмірінің тағы бір ғажабы – осы бір алғашқы қадамның жылдар өте үлкен өмірге ұласуында. Кезінде дәл осылай қолына алғашқы кітабын ұстап, мектеп партасына именіп қана отырған бала он бір жылдан кейін сол білім ордасынан қанат қағып шығады. 2025–2026 оқу жылында Шу ауданы бойынша 1234 түлек 11 сыныпты аяқтап, алтын ұясымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басса, қалыптасқан игі дәстүрге сай биыл олардың ізін басқан 2033 бүлдіршін «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» білім ордасының табалдырығын алғаш аттады. Оның ішінде ауданның 45 мемлекеттік мектебіне 1947 бала, 3 жекеменшік мектебіне 86 бала бірінші сыныпқа қабылданды.
Осылайша, бір буын мектеппен қимай қоштасып, болашаққа қанат қақса, екінші буын қолына алғашқы кітабын алып, білім жолындағы сапарын бастады. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының, мектеп өмірінің үзілмейтін алтын арқауы. Бүгін ұстазының қолынан жетектеп сыныпқа кірген бүлдіршіндердің ертең ел дамуына үлес қосатын білімді де білікті азамат болып қалыптасуы – мектеп пен мұғалімге жүктелген үлкен сенім әрі зор жауапкершілік.
Осындай ерекше көңіл күймен биылғы 1 қыркүйек – Білім күні Шу ауданындағы білім беру ұйымдарында жоғары деңгейде өтті. Жаңа оқу жылының басталуы әсіресе күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енген білім ошақтарында айрықша қуанышпен өрілді.
Соның жарқын дәлелі, Көкқайнар ауылындағы Саттар Естемесов атындағы орта мектептің ашылу салтанатына аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев арнайы қатысты. Жаңарған мектептің есігін ашып, жаңа оқу жылын жаңа кейіптегі ғимаратта қарсы алу – ауыл тұрғындары, мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар үшін көптен күткен қуанышты сәт болды. Кеше ғана жөндеу жұмыстары жүріп жатқан білім ордасының бүгін жарқырап, балалардың шат күлкісіне толуы ауыл жұртшылығының көңіліне ерекше қуаныш ұялатты.
Бұған қоса Абай ауылындағы Абай атындағы орта мектеп те жаңа оқу жылын жаңарған кейіпте қарсы алды. Білім ордасының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев қатысып, мектеп ұжымы мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Ал күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген Мойынқұм орта мектебі санаулы күндерде пайдалануға беріліп, оқушыларын жаңарған ғимаратта қарсы алмақ.
Жалпы, 2026 жылы Абай, Мойынқұм және С.Естемесов атындағы үш мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 683 млн 919 мың 265 теңге бөлінді. Үш мектептің әрқайсысына 3 жаңа модификацияланған кабинеттен беріліп, білім беру кеңістігін заман талабына сай жаңғыртуға басымдық берілді.
Аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар мұнымен шектеліп қалмады. 2026 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ауданның 11 мектебіне жалпы сомасы 512 млн 302 мың 390 теңгеге әрқайсысына 3-тен жаңа модификацияланған кабинет берілді. Аталған кабинеттерді қосымша техникалық жабдықтауға 30 млн 784 мың 84 теңге бағытталды. Заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттер – ауыл баласының сапалы білім алып, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына жасалған нақты мүмкіндік.
Сонымен қатар, С.Шәкіров, Еңбекші, М.Дулатұлы және Ғ.Мұратбаев атындағы мектептерге жапсарлас құрылыс жүргізіліп, акт залдары, спорт залдары мен асханалар салынды. Өйткені, бүгінгі мектеп – тек сабақ өтетін ғимарат емес, ол – баланың білім алып, өнерге қанат қағып, спортпен шұғылданып, жан-жақты тұлға болып қалыптасатын үлкен тәрбие мен тағылым беретін ордасы.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында оқушыларды қажетті оқу әдебиеттерімен қамтамасыз етуге де айрықша көңіл бөлінді. Осы мақсатта оқулықтар сатып алуға 81 млн 353 мың 420 теңге қарастырылып, 3 сынып пәндері мен 7 сыныптың дүниежүзі тарихы пәні бойынша 15 079 дана оқулық сатып алынды. Сапалы білімнің бастауында қажетті оқу құралдарының толық әрі қолжетімді болуы да маңызды.
Ал мектептің жүрегі – мұғалім десек, зәулім ғимарат пен заманауи құрал-жабдықтың шынайы мәні балаға білім беріп, бағыт көрсететін білікті педагогпен толығады. Осы орайда GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары болған жоғары оқу орны түлектерін конкурссыз жұмысқа қабылдау мүмкіндігі аясында ауданның білім беру ұйымдарына 7 жас маман қабылданды. Жас педагогтердің қатарға қосылуы – ауданның білім саласына жаңа серпін, тың ізденіс пен заманауи көзқарас әкелетін маңызды қадам.
Биылғы Білім күнінің мазмұны мерекелік көңіл күймен ғана шектелмей, тағылымды тәрбиемен сабақтасты. Барлық мектептерде «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында сынып сағаттары өткізілді. Өйткені мектептің міндеті балаға әріп танытып, есеп шығаруды үйретумен ғана шектелмейді. Білім ордасы – елін сүйетін, заң мен тәртіпті құрметтейтін, адалдық пен жауапкершілікті бойына сіңірген саналы азамат қалыптастыратын қасиетті орта.
Білім күніне арналған барлық білім беру ұйымдарындағы іс-шараларға аудан әкімдігінің өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысып, мектеп ұжымдары мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Мұның өзі бала тәрбиесі мен оның сапалы білім алуы мектеп пен ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін көрсетеді.
Бүгінгі таңда әлемдегі озық ойлы елдердің жетістігіне көз салсақ, олардың даму жолының негізінде ең алдымен білім, ғылым және адами капиталға салынған инвестиция тұрғанын аңғарамыз. Заманның көшінен қалмай, бәсекеге қабілетті мемлекет болудың да, технология мен ғылымды игерудің де, қуатты экономика мен саналы қоғам қалыптастырудың да түп қазығы – сапалы білім.
Сондықтан мектептерді жаңғырту, заманауи кабинеттермен жабдықтау, оқулықпен қамтамасыз ету, білімді жас мамандарды салаға тарту – бүгінгі күннің ғана қамы емес, елдің ертеңіне бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция. Оның шынайы нәтижесі жылдар өте осы мектептерден түлеп шыққан білімді, ойы азат, бәсекеге қабілетті ұрпақтың жетістігімен өлшенбек.
Озық ойлы елдердің қатарынан көрініп, өркениет көшінде өз орнымызды айшықтау үшін білімге арқа сүйеу – уақыт талабы. Ал білімді ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ мұрат. Осы жолда жасалған әрбір игі іс – ауданның ғана емес, тұтас елдің жарқын болашағына қаланған берік негіз.




