Жан Аманиидің ертегі әлемі

Жуырда, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне байланысты Алматыда қазақстандық жас автор Жан Аманиидың «Даниялдың ғажайып әлемі» және «Алуан түсті балықтар және Дария» атты ертегілері желісінде ұйымдастырылған кеш өтті.

«Colibri» МОЛЛ» шағын және «Мама, почитай» кітап дүкендерінің желісі, халықаралық «Almaland» мектебімен бірігіп ұйымдастырылған кеш барысында балаларға ертегіден үзінді оқылып, сол үзіндіден сұрақтар қойылып жауабын тауып, атсалысқан бүлдіршіндер әртүрлі бағалы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, балақайлар сурет салып, өздерінің шығармашылық қырларын танытты. Кеш қонақтарына Жан Аманиидың ертегі кітаптары ұсынылды. Шара барысында «Almakid» шығармашылық клубының балалары өнер көрсетті.
Балалар күніне арналған кеш барысында Амании Жан өзінің мақсаттарымен бөлісті. Оның айтуынша, алдағы уақытта балаларға арналған екі кітапты шығару жоспарланып отыр. Шығарылатын кітаптардың ерекшелігі — ертегілер алты тілге аударылмақ. Ал Амании ханымның осы уақытқа дейін жарық көрген екі кітабы үш тілде аудио нұсқасымен бірге оқырмандарға ұсынылған болатын. Сөз соңында автор ата-аналардан балаларына ертегі оқуды үзбеуін сұрады.
— Өскелең ұрпақты жан-жақты жетілген, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуде ертегінің алатын орны ерекше. Ертегі баланың қиялына қанат бітіреді. Білмегенді білуге сүйрейді. Жақсылық пен жамандықты ажыратып, жағымсыз қасиеттерден аулақ болуды насихаттайды, — деді автор.
Түстен кейін дәл осындай кеш «Достық Плаза» ойын-сауық орталығындағы «Kids lab» балалар клубында жалғасты. Балалар кітап авторымен кездесіп, кітаптағы басты кейіпкерлердің суретін салып, әңгімелеп берді. Кішкентай балақайлар авторға көкейдегі сауалдарын қойып, әрқайсысы сыйлыққа екі кітаптан алып, мәз-мейрам болысты. Осылайша балалар мерекеде жаңа ертегілермен танысып, рухани азық алды.

Айдана Абдрахманова