ЖАМБЫЛДЫҚ ШАРУАЛАР ЖЕРГЕ ТЕРДІ ТӨГУДІ БАСТАДЫ

Жуырда аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев сала маманы Аманалы Құрбановпен Ақбастау ауылдық округі аумағында орналасқан «Шарипов» шаруа қожалығының егістік алқабына ат басын тіреп, ондағы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысымен танысты. Оларға біз де ілескенбіз.
Байқағанымыздай, егістік алқабында жұмыс қызу. Бір-бірінің соңынан ілескен 5 техника жер жыртып жатыр. Жұмыстың басында қожалық агрономы Фарух Юнусов жүр. Жанына барып, әңгімеге тартқанымызда, ол: «Көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты бастап кеттік. Ауа райы да қолайлы болып тұр. Арпа, бидай, жүгері егеміз деп жоспарлаған 100 гектар жерімізді дайындап жатырмыз. Алдында 220 гектар жерді қызылшаға дайындадық. Өткен жылы 100 гектар еккенбіз. Жақсы өнім алдық. Биыл қызылша егетін жердің көлемін ұлғайттық», – деп су тапшылығын болдырмау мақсатында былтыр тамшылатып суару әдісін қолданғанын, биыл да егістікті сол әдіспен суаратынын айтты.
Біздің әңгімеге қосылған Қанат Базарбекұлы: «Қазір алдымызда көктемгі егіс жұмыстарын сапалы және дер кезінде өткізу міндеті тұр. Ауданда үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 57371 гектарды құрайды деп жоспарлануда. Бұл өткен жылғы егіс көлемімен салыстырғанда 568 гектарға артық. Осы орайда жаздық арпа, көкөніс-бақша және мал азығы дақылдарының егіс көлемдері ұлғайтылады. Жаздық дақылдарды орналастыру үшін аудан бойынша 28460 гектар сүдігер көтерілді.
Соңғы жылдардағы егіске қажетті су тапшылығына байланысты су үнемдеу технологияларын қолданудың маңызы артып келеді. Бұл технология бойынша тартылған инвестицияларды субсидиялау бағдарламасы бойынша тамшылатып суғару қондырғыларының құнының 25 пайызы төленуде.
Ағымдағы жылы аудан бойынша 13000 гектар жаздық арпа себу жоспарланған. Бұл көлемдегі жаздық арпа егісіне қажетті 2080 тонна, мақсары егісіне 16 тонна, көпжылдық шөпке 81 тонна, картопқа 1392 тонна тұқым шаруашылықтарда дайындалған.
Шаруа қожалықтарында көктемгі дала жұмыстарын атқаратын техникаларды жөндеу аяқталып келеді. Биыл пайдаланылатын тракторлар саны 389 дана болса, оның 364-і жөнделіп, көктемгі дала жұмыстарына дайын», – деп аудан бойынша көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын сөз етті.
«Жаздың қамын қыс ойлаған» шаруалардың жұмысына біз де табыс тіледік.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі