Жамбылдық полицейлерге жаңа көлік берілді  

Жамбыл облыстық  Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде халыққа есеп беру жиынын өткізді.  Басқосуда департамент басшысы құқық қорғау органдарына ашықтық пен жариялылық қағидаттарын енгізу, азаматтардың өтініштерін  жедел қарау  және  бұқарамен  тығыз байланыс орнату бағытындағы  шараларды  әңгіме арқауына айналдырды. Сондай-ақ кешкілік 102 жаңа автокөліктің кілтің құқық саласы қызметкерлеріне табыс етті.

Ең алдымен тұрғындармен ашық диалогқа кіріспес бұрын Арман Молдиярұлы облыстық  ішкі істер органдарының ағымдағы жылдың сегіз айында атқарған жұмысы мен алда тұрған  жоспарлы міндеттер  туралы баян етті.

— Басты  көрсеткіштер — жалпы қылмыстардың 12 пайызға (6464-тен 5680-ге дейін) төмендеуіне қол жеткізілді. Кісі өлтіру, тонау, қарақшылық шабуыл, алаяқтық, бұзақылық, ұрлық, соның ішінде мал ұрлығы және ұялы телефон мен пәтер ұрлығының саны азайды.

Облыс орталығында жаяу патрульдер саны артып, бейнебақылау жүйесі кеңейтілуде, қолайсыз аудандарда тұрақты  жұмыстар жүргізілуде. Алдын алу шараларының нәтижесінде қоғамдық орындарда және көшелерде жасалатын қылмыстар саны айтарлықтай қысқарды, -деп  бастады сөзін департамент басшысы.

Бұдан кейін ол  Тараздың орталық зиратындағы вандализм  мәселесін көтерді.

-Барлық өтініштер бойынша қылмыстық істер қозғалып, «бірнеше  рет» жасалыну белгісін қолдана отырып, ұсталған тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қолданамыз. Алдағы уақытта осындай деректерді болдырмау үшін зират аумағын патрульдеу бағыты, сондай-ақ металл қабылдау бекеттерін тексеру жұмыстары қарастырылған, — деді А. Оразалиев.

Түс ауа  Тараз қаласының орталық алаңында Арман Оразалиев облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековпен бірге патрульдік полиция қызметкерлеріне 102  жаңа автокөліктің кілтін табыс етті.

Жалпы  ағымдағы жылдың шілде айында 131 автокөлік учаскелік инспекторларға берілген болатын, ал 2020 жылы әрбір УПИ көлікпен қамтамасыз ету жоспарда қарастырылған. Бұл ең алдымен облыстың шалғай ауылдарындағы криминогендік жағдайды жақсартуға мүмкіндік бермек.

Арман Оразалиев шарада құқық қорғау органдарына айтарлықтай қолдау көрсетіп жатқаны  үшін облыс әкімдігіне алғысын  білдіріп, патрульдік полиция қызметкерлеріне   әріптестері А. Есенов пен Қ. Әбсаттаровтан үлгі алу қажеттігін айтты. Олар осы жылдың сегіз айында 1,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық дерегін  анықтаған.

Осылайша құқық саласы жаңа көліктермен толықты. Бұл өңірдегі қылмыстық деңгейді төмендетуге септігін тигізері анық.

 

Дедек Төлен