Жамбылдық мектеп директорлары үздік атанды

Жамбылдық директорлар мектеп басқару мен білім беруде ғана емес, пікір мен ой алмасып, сөз жарыстыруда да шебер. Жуырда Атырау қаласында ІІ республикалық «Director`s CUP» дебат турнирі аясында мектеп директорлары арасында өткен қазақша «QUIZ» зияткерлік сайысында облысымыздың мектеп директорларының командасы І орынды иеленді.

10 облыстың командасы бақ сынасқан сайыста үздік атанған жамбылдық команданың құрамында Байзақ ауданындағы Ғани Мұратбаев атындағы гимназияның директоры Мұхит Наметқұлов және Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназия директоры Әлішер Әзімбай болды.

Қоғамдағы өзекті мәселелерді, саяси тақырыптарды талқылауда сөзге еркіндік беріп, ойға қанат бітіру кімге болса да оңай болмаса керек. Дегенмен күнделікті мектеп өмірінен бір сәтке бас көтеріп, қоғамға деген жеке көзқарасты көрсету, пікір алмасу басшылар үшін бір серпіліс, жаңа шабыт болғаны анық.

Облыста тың идеяларымен таңдай қақтырып жүрген басшылардың пікірсайыс алаңында үздік атанғаны біздің облыс үшін үлкен мақтаныш.

Айжан ӨЗБЕКОВА, журналист