ЖАМБЫЛДАҒЫ ЖАРЫЛЫСТЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ? САЛДАРЫМЕН КҮРЕС ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?

Жамбылда болған жарылыстың себебін арнайы құрылған комиссия жан-жақты сараптап, саралап зерттеп жатыр. Ал жергілікті атқарушы билік апат салдарымен күрес жұмыстарын одан әрі жалғастыруда.
Жарылыс нүктесіне ең жақын орналасқан, жойқын соққы бірінші тиіп, тас-талқанын шығарған Қайнар ауылына халықаралық «Қазақстан дәуірі» газетінің бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызымен жұма күні арнайы барып, тұрғындарымен тілдесіп қайттық.

 

Қайнар 19 ғана түтіннен тұратын аядай ауыл. Кезінде «Түрксіб» темір жол магистралінің бойынан салынған ескі разъездердің бірі. Әскери оқ-дәрі базасы пайда болғанға дейін мұнда елді мекен болған. Қазір 20 отбасының құтты қонысына айналған.
Бірақ төтенше жағдайдан кейін ауылдың жайма-шуақ тіршілігінің құты қашқан. Асыр салып ойнап жүрген бала жоқ. Жарылыс бір астаң-кестеңін шығарса, құрылыс жұмыстары және әр жердің шаңын шығарып жатыр. Әрине құрылыстың қызғаны көңілге медеу болып тұр.
«Жарылыстан зардап шеккен тұрғындар қазір қайда тұрып жатыр, қираған үйлер қашан қалпына келтіріледі? Әлеумет пен әлеуметтік желінің арасындағы жел сөздің ара-жігі қандай?» деген сауалдарға жауап іздеу мақсатында барған сапарымыз жайлы газетімізге алдағы аптада көлемдірек мақала береміз.

 

Тұрғындарымен тілдесіп, жақыны қаза тапқандарына көңіл айтып, болаттай берік болуға шақырдық. Бірлік көшісінің №3 үйінде тұратын Роза Серікова 28349 әскери бөлімінде қызметте болған күйеу баласынан айырылыпты. Осы қаралы хабар Розаның күйеуіне өте ауыр соққы болып, микроинсульт дертіне шалдығыпты. Қазір екі аяғы сіресіп, ісіп кеткен. Әупіріммен балдаққа сүйеніп жүріп жүр екен.
Ал осы көшенің бас жағында, яғни, әскери қоймаға ең жақын орналасқан үйлердің біріне, Нәдірбековтер шаңырағына аяқ басқанымызда қызып жатқан құрылыс жұмысын көрдік.

 

Үйдің үлкендерін сөзге тарттық.
– Жарылыс бәріміз үйге қайтып кеткенде болды, – дейді Қорғаныс министрлігінің 28349 әскери бөлімінде еңбек ететін Шолпан Нәдірбекова. – Басшылық дабыл көтерген соң әскерилер шұғыл сапқа тұрды. Алгоритм бойынша әрекетке көштік. Сонда болған өрт сөндіруші бауырымыз айтып жүргендей, біздің жігіттер бөлімді тастап қашқан жоқ. Біз де әскерге жаңадан шақыртылған өрімдей, әлі ешнәрседен хабары жоқ жап-жас сарбаздар келген болатын. Офицерлеріміз сол жас сарбаздардың өмірін сақтау үшін оларды сапқа тұрғызып, дереу казармадан алысқа шығарып кету керек болды. Және ауыл тұрғындарын эвакуациялау үшін біразы ауылға қарай жүгірді. Ал осы көріністі көргендер әскерилер қашып кетті деп ойлап жүр, – дейді Ш.Нәдірбекова.
Әрине, осындай алып-қашпа әңгімелер қазір елді шатастыра бастады. Одан бөлек «Әскерилер неге бөлімді тастай қашты?» деген сұрақ та желдей есіп тұр. Біз мұның жауабын тапқан сияқтымыз. Толығырақ газетте баяндайтын боламыз.

 

Ал ҚР Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының басқарма басшысы полковник Жұмабек Хасенов осы апаттың себебін анықтауға астанадан арнайы келген білікті әскери мамандардың бірі. Полковник бізге оқиғаны басынан бастап баяндап, жалпы картинаны көз алдымызға әкеліп, апаттың қалай өрбігенін суреттеп берді. Және ол Арыс апатынан кейін еліміздегі оқ-дәрі қоймаларын елді мекендерден жыраққа көшіру жайлы 2019-2024 жылдарға арналған бағдарлама қабылданғанын атап өтті. Және біраз уақыттан бері облыс аумағында ауылдардан кәдімгідей аулақ аумақта екі қойманың құрылысы қолға алынғанын жеткізді. Әскери құпия болғандықтан, нақты орналасқан жері жарияланбайтынын айтты.

 

Сондай-ақ, отағасынан айрылған үш отбасының шаңырағына барып, көңіл айттық. Алдымен Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары болған, Халық қаһарманы Мейіржан Аймановтың шаңырағында болып, марқұмның рухына Құран бағыштадық.
Жұбайы Қарлығаш Абдіқұлова күйеуінің жұмысына берілген, өз саласының нағыз маманы еді дейді. Зейнетке де шығып, үйде отыра беруіне болар ма еді. Бірақ өзі күш-қайратым барда еңбек етейін, саланың тасын өрге домалатайын, келіп жатқан жастарды шеберлікке, батылдыққа тәрбиелейін деп қызметін жалғастырған көрінеді. Оның соңғы сәтке дейін апат орнында болып, талай адамның өмірін құтқарып қалғаны жұбайының жанына ауыр болса да, жұбаныш, жебеу болып отыр.

 

 

Әскери бөлімдегі өрт сөндіруші болып борышын өтеген Руслан Жанболатовтың жұбайы да Жазира Қожахметова отағасының ерте кеткеніне қынжылып, жүрегі қарс айрылып отыр. Арманы көп еді дейді. Балалары болса әлі кішкентай. Үлкені алтыншы сыныпқа аяқ басыпты.
Күйеуінің денесін араға төрт күн салып әрең тапқан Екатерина Щукина марқұм жолдасының мәйітінің бүтін табылғанына шүкір етумен ғана өзін жұбатып отыр. Естеріңізде болса Сергей Заикиннің денесін кинологтар иісшіл иттердің көмегімен тапқан. Сергейдің денесі жарылыс болған маңда тау болып үйілген топырақтың астынан 3 метр тереңдіктен табылыпты. Екатерина марқұм күйеуіне мемлекеттік награда неге берілмегенін түсінбей жүр екен.

 

– Әрине, награда енді маған күйеу болмайды. Бірақ өсіп келе жатқан «майор» қызына мен әкесінің батылдығы жайлы тәрбие беруім керек қой, – деген Катя күйеуінің қызды болуын көп уақыт аңсап жеткенін айтып өтті.
– «Егер сен майор шенін алсаң мен саған қыз босанып беремін» деп те еркелеуші едім. Құдай жарылқап сол уәдемді орындап, қыз туып бердім, ал ол бізді тастап кетті,- деген ана көз жасына ерік берді. Тастап кетті дегенін реніші емес, қимастығы, шарасыздығы деп түсіндік.
Алдағы уақытта көз көріп, қолға түскен ақпараттармен тағы да бөлісіп отырамыз.

Жасұлан СЕЙІЛХАН