ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ҚЫЛМЫС ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕГЕН

Желдің жылдамдығындай жүйіткіген қоғамда салалар да жаңа заманның игілігін, жаңалығын өзіне сіңіріп жатыр. Себебі, болашақтың беталысы бізді «сандық жүйе» деген жаңа талапқа үйретуде. Бүгінде айналамыз цифрландыру өркениетіне еніп кетті. Осы орайда уақыттың тиімділігі және жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін біз де осы бағытқа дендеп еніп жатырмыз. Қазір қызметкерлер планшетпен жұмыс істейді. Сондай-ақ аса ауыр емес, орташа қылмыстар электронды түрде тіркеледі. Бұл жұмысымызды біраз жеңілдетті десек те болады. Ағымдағы жылдың 3 айында Жамбыл ауданы көлемінде 56 қылмыс дерегі тіркеліп отыр. Оның ішінде аса ауыр санатындағы қылмыс 2-еу болса, ашылуы бүгінде 100% құрап отыр. Бұдан бөлек тіркелген 19 ұрлық дерегінің 5-еуі ауыр санатындағы. Пәтер ұрлығы бойынша 4 дерек орын алса, ұялы телефонды жымқыру, бұзақылық, ауыр дәрежеде дене жанрақатын алу сияқты қылмыс түрлеріне мүлде жол берілмеген.

 

 

Мал ұрлықтары бойынша 1 қылмыс тіркелсе, есірткі қылмыстары бойынша 6 дерек анықталып, заңсыз айналымнан 27,30 гр марихуана есірткі заты тәркіленді. Қоғамдық орындарда 2, көшеде жасалған 2 қылмыс дерегі орын алды. Бұрын істі болған тұлғалардың қайта қылмыс жасауының 9 дерегі төбе көрсетсе, 1425 әкімшілік құқық бұзу туралы хаттама тіркеліп, 6 млн 792 мың 211 теңгеге айыппұл салынды.
Жергілікті полиция қызметкерлері қоғамдағы кез келген жайттардың басы-қасынды жүретіні белгілі. Мысалға, жергілікті әкімдікпен бірлесіп, мына сананы сарсаңға салған коронавирус індетін ауыздықтау үшін 17 ауылдық округтегі учаскелік полиция инспекторларының қызметтік көлігі арқылы халыққа індеттен сақтану жолдары, карантин талаптары дауыс ұлғайтқыштың көмегімен хабарлануда. Бұдан бөлек жұқпалы дерт алқымнан алған кезде ауыл араларына орнатылған блок-бекеттерде біздің тәртіп сақшылары аянбай еңбек етіп, тұрғындар саулығы үшін алаң күй кешкенін мақтанышпен айтқым келеді. Қазір тәртіп сақшыларына артылған жүктің қаншалықты ауыр екенін айтпасақта түсінікті шығар. Түн баласы ел тыныштыңын күзетіп, тіпті, сенбі, жексенбі күнгі уақытын жұмысына арнайтын әріптестерімді әркез мақтан тұтамын. Жұмыс барысында қатаңдықты ту еткенімізбен олармен шүйіркелесіп, жақыныңдай тіл табысып, әзілдесіп жүру менің қашанғы дағдым. Оның үстіне әрқашан қолдау көрсетіп, тәртіп сақшыларымен етене байланыс орнатқан аудан әкімі Сәкен Арубаев ризашылығымыз шексіз.

 

Талғатбек ТАТЕНОВ,
аудандық полиция бөлімінің бастығы.
Жамбыл ауданы