Жалған жәрмеңке жақсылыққа апармайды

немесе  жұртты жаппай алдаудың жаңа түрі 

Былтырғы жылы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы  жәрмеңкелері көптеп ұйымдастырылғаны белгілі. Тіпті, өзге өңірлерге де облысымыздың  тауар өндірушілері өнімін апарып, төмен бағамен  өткерген-ді. Десе де, облыс орталығында өткен кейбір жәрмеңкелерде базар саудагерлері сауда-саттық жасап жатқаны, тауар бағаларының қымбаттығы  бір-екі  мәрте айтылған. Тап басып, ешкім ұстап алмағаннан кейін ұйымдастырулар бұл тек қаңқу сөз деп сендірген. Алайда, алдыңғы аптада өткен есепті жиында  облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы  жалған жәрмеңкеге қатысты ақиқатты өздері ашты.

Жалпы басқарма берген мәліметке сүйенсек, өткен жылы облыс бойынша 327 жәрмеңке өткен екен. Онда 1 млрд. 839 млн. 400 мың теңгенің тауарлары өткерілген. Сондай-ақ, «Тарихы терең Тараздан тағзым!» атты Астана қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылса, Алматы қаласына да тауар өндірушілеріміз 3 мәрте шыққан. Бұдан бөлек, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамыту аясында Шығыс Қазақстан облысында тұңғыш рет Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы өнімдері саудаға шығарылған.

%d0%b6%d3%99%d1%80%d0%bc%d0%b5%d2%a3%d0%ba%d0%b56

Астана, Алматы қаласы мен өзге облыстарда  жәрмеңке жалған өтті деп айта алмаймыз. Алайда облыс орталығында ұйымдастырылған жәрмеңкелерде көптеген кемшіліктер орын алған. Атап айтсақ, жәрмеңкеге аудандар тарапынан ұсынылған  өнімдер толықтай жеткізілмеген. Сонымен қатар, сауда шатырларынан тауар өндірушілер емес базардағы алып-сатар саудагерлер орын алуы жиі көрініс тапқан. Нәтижесінде тауарлардың бағасы бекітілген бағадан жоғарылап, халықтың  наразылығын тудырған. Бұны біз емес ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітовтың өзі айтып отыр. Және мұндай олқылықтардың орын алуына Нұржан Молдиярұлы аудан әкімдіктерін  тікелей кінәлауда.

Десе де, басқарма басшысы жәрмеңкеге нақты осы аудандар өнімдерін жеткізбеді деп көрсетпеді. Сол себепті, жиынға қатысып отырған облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев әрбір  елді мекеннен келген аудан әкімінің орынбасарларынан жеке-жеке жауап алды. Алайда атын аттап, түрін түстемегеннен кейін жауаптылар жан салып ақталатыны белгілі ғой. Бұл жолы да барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары өздеріне кір жуытпай, кінәні өзгеге сілтеумен болды. Тек, Тараз қаласының әкімінің орынбасары Жақсылық Сапаралиев ғана қала әкімдігі әрдайым жәрмеңкеге ұйымдастыруға  дайын екенін айтып, тек сауда-саттық жасайтын шатыр мәселесін шешіп беруді сұранды. Оның айтуынша, жәрмеңке өткеннен кейін шатырды жинап, келесі жәрмеңкеге дейін сақтаудың өзі жыр көрінеді. Осылайша қала әкімінің орынбасары ел жалған жәрмеңке мәселесін талқыға салып жатса, ол  шатыр жайын айтып жиналғандардың еріксіз езуін тартқызды.

%d0%b6%d0%b5%d3%99%d1%80%d0%bc%d0%b5%d2%a3%d0%ba%d0%b532Қош сонымен, «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» керін келтірген жауапты мамандардың мардымсыз жауабынан кейін облыс әкімінің орынбасары Абдалы Тоқбергенұлы жәрмеңкеге қатысты өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, облыс әкімдігі Тараз қаласында өтіп жатқан жәрмеңкелердің денінде базар өнімдері саудаланып жатқанын естіп, біліп отыр екен. Және бұл мәселені біржақты ету үшін жақын арада батыл қадамдарды қолға алмақшы көрінеді. Сол себепті, Абдалы Нұралиев барлық ауданның әкімдеріне жәрмеңкеге «жүрдім-бардым» қарамай, жіті қадағаға алуды тапсырды. Ал егер сыннан сабақ шығармайтын болса, жаза басқандар жауапсыз қалмайтынын қатаң ескертті.

Әрине, байыбына  бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда, облыс орталығында өтіп жатқан кейбір  жәрмеңкелерден көпшілік  базардағы «баба» Гуляны  немесе «Ауыл-Берекедегі»  «баба» Таняны танып қалып жатқаны жасырын емес. Тіпті, ауылды өмірі көрмеген көршісін де жәрмеңкеден кезіктіріп жатқандар баршылық.

Сонда егер жәрмеңкеде жалған тауар  мен жалған саудагерлер тұратын болса, мұндай бастаманы көтеріп , көз бояушылық жасаудың қажеті не?

Саятхан Сатылғанов,

Жамбыл облысы