Жайылмалық шаруалар 30 гектарға картоп егіп, мал азығын молайтты
Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылдық округіндегі «NUR TLEU» кооперативінің негізгі бағыттарының бірі – егін шаруашылығы. Шаруашылық жыл сайын егіс алқаптарын тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарын қажетті өніммен және мал азығымен қамтамасыз етуге күш салады. Қазіргі таңда кооператив 30 гектар картоп дақылын екті. Әр дақылдың өзіндік ерекшелігін ескеріп, жердің құнарын сақтауға және өнімділікті арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Жердің тілін түсініп, оның мүмкіндігін тиімді пайдалану оңай шаруа емес. Ол үшін уақытылы жер жырту, тұқым себу, суару, арамшөппен күресу, жинау сияқты жұмыстардың барлығы өз мерзімінде атқарылуы қажет. Осы ретте кооперативтің техникалық мүмкіндігінің артуы егіс науқанын сапалы ұйымдастыруға оң әсерін тигізуде. Мал шаруашылығы да шаруашылықтың маңызды бағыттарының бірі. Егіннен алынған өнім мен шабындықтан дайындалған мал азығы төрт түлік өсіруге қолайлы жағдай қалыптастырып отыр. Осылайша Сарысу ауданындағы бұл кооператив егін және мал шаруашылығын өзара сабақтастырып, тиімді өндірістік тізбекті қалыптастыруда.
Кооперативтің бұл бағыттағы жұмыстары ауылдағы шаруалардың еңбекке деген көзқарасын өзгертіп қана қоймай, өңірлік өндірістің әлеуетін арттыруда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында басталған әрбір бастама нақты нәтиже беріп, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға тікелей ықпал етуде.

