Жайылмада жаңа саябақ ашылды

Сарысу ауданында демалыс орындарын қалпына келтіріп, жаңа демалыс орындарын құру белсенді түрде жалғасуда. Бүгін Жайылма ауылында «Достық» демалыс саябағы ашылып, халық игілігіне берілді.

Саябақтың ашылуына аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы арнайы барып, игі шарамен тұрғындарды құттықтады.

− Бүгінгі Жайылма ауылында ұйымдастырылып жатқан елдікке, бірлікке, ауызбіршілікке шақыратын айтулы шара тарихқа, бабалар рухына тағзым етудің жарқын көрінісі. Саябақтың ашылуына қолдау білдіріп, демеушілік танытқан ағайынға алғысымыз шексіз. Бұл саябақ біріншіден ауыл тұрғындарының демалатын, мәдени шаралар өткізетін орны болса, екіншіден еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ағайынның елдігінің, достығының белгісі деп білеміз,− деді аудан басшысы.

Демеушілер заманауи үлгідегі демалыс орнына 9 млн-ға жуық қаржы жұмсағандарын жеткізіп, саябаққа әлі де түрлі ағаштар отырғызып, күтіп-баптауына көмектесетіндіктерін жеткізді.

Шара «Аламан бәйге», «Құнан бәйге», «Тай бәйгеге» ұласып, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі