«Жабайыларды жабайыларға» айдап салу қырғыны

         ҚАЗАҚ ЖАЗУЫН КИРИЛЛИЦАҒА  КӨШІРУ САЯСАТЫ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ?

Ресей отаршылдығының патшалық дәуірі: Кез келген тарихи құбылыстың алғы шарттарын ашып алмай, оның себебін табу мүмкін емес. Осы орайда, астына жараулы ат мініп, иығына жарақты қару асынып, айбатымен жаһанды тітіркенткен көшпенділер дәуірінің келмеске кетіп, XVII – XIX ғасырларда әлем тізгіні «отқаруға» сүйенген еуропалықтардың қолына толық көшкенін алдымен атап өткен абзал. Англия, Франция, Испания, Партугалия сияқты азулы батысеуропалық конкисаторлар өз «олжаларын» әлемдік мұхит жағалаулары мен алыстағы жаңа құрлықтардан іздесе, сол Еуропаға «терезе ашып» берген Ресей патшасы 1 Петр өз елінің олармен бәсекелесуге қауқарсыздығын түсініп, бұл қауіпті саясаттан уақытша бас тарта тұруына тура келді. Алайда, әрекетсіз жатуға тағы болмайтын еді. Ресей империясы Үнді мұхитына апаратын төте жолды іздеп жанталасты. Ал, Үнді мұхитына апаратын бірден-бір«төте қақпа» Қытай мен Ресей аралығында жантайып жатып алған Қазақ даласы мен Орта Азия болатын. Алысты көздеген орыс билігі енді осы аймаққа «көзін аларта» бастады. Көз аларту бар да, оны жүзеге асыру бар. Егер ол ұзақ жылдарға есептелген, көп күш-жігерді сарп ететін кешенді саяси мақсат болса ше?.. Не істеу керек?! Әрине, ең бастысы көздеген мақсаттан бас тартпау керек. Осындай империялық көзқараспен қаруланған Ресей алдымен Аюке бастаған қалмақтардың бір бөлігін өз жағына тартып, оларды басынан бақайшағына дейін мұздай етіп қаруландырды да 1723 жылы қазақтарға айдап салды. Ұзаққа созылған соғыста қазақтардың үштен екісі қырғын тапса, қалмақтар жер бетінен мүлде жойылып кете жаздады. Қазақтар ес жинап, қарсы шабуылға шығып, жау қолында кеткен жерлерді бірінен соң бірін босатып ала бастағанда әккі Қытай кеше ғана қолтығына су бүркіп, қару-жарақ беріп, көмектесіп келген қалмақтарды алдынан тосып алып, еңбектеген баласынан еңкейген шалына дейін аяусыз жусатып салды. Бұл – Қытай билігі тарапынан саналы түрде жүзеге асырылған нағыз қан-қасап геноцит болатын.

Сондағы мақсат не? Мақсат – жерді қалмақтардан босатып, орнына келімсектерді орналастырудан басқа ештеңе де емес еді. Яғни, екі империяға да керегі шұрайлы жаңа жер болатын, ал «бұратана» қазақ пен қалмақтың оларға түкке де керегі жоқ еді. Ал, Ресейге келсек, қалмақ қолы ойсырай жеңіліп, қазақ жерінен шегіне бастағанда, енді бұлт етіп басқа өңге ене қояды. Сөйтіп қазақтарға жылы қабақ танытқансып, қарым – қатынасын күрт өзгертеді. Есесіне бір кезде бауырына тартып, Еділ мен Жайықтың арасын «сыйға» берген қалмақтарды өзінің саяси мақсатын жүзеге асыруда олардың әскери күшін Қырым, Азау, Астархан, Ноғай хандығы мен башқұрт, қазаққа айдап салып, тіпті Степан Разин бастаған Дон казактарының көтерілісін қанжоса етіп басуға пайдаланып, түпкі ойларын жүзеге асырып алған соң, енді қажетсіз болып, керісінше өз бүйірінен қадала бастаған Қалмақ хандығының көзін жоюды ойластыруға көшті. Осы мақсатта Еділ қалмақтарын шоқындырып, орыстандыру арқылы ассимилияцияға түсіруге байланысты 1728 жылы патшаның арнайы жарлығы дүниеге келген. Бұл талапқа көнбеген қалмақ сарбаздары орнынан тік көтеріліп, ата қонысы Жоңғар жеріне қарай қайта бағыт алғанда жолай оларды қазақтардың қолымен «кек алуды» да естен шығармады. Осылайша қазақ пен қалмақты бір-біріне айдап салып, екі халықты да әлсіретіп алған соң, ақырын жылжып ұлы далаға сұғына кіріп, отарлауды бастады. Бұл деректерден қандай ой түйеміз? Патшалық Ресейдің «жабайыларды жабайылардың» қолымен от көсеп, тұншықтырып, жусатып, ақыр соңында түпкілікті отарлау саясатына мейілінше мән беріп, соған айрықша иек артқанын көреміз. Ақыры, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» (1723 – 1727 ж.ж.) әбден әлсіреп, әлі есін жинай алмай жатқан бүтін қазақтың үштен бір бөлігін (кіші жүздің билеушісі Әбілқайыр ханмен астыртын сөз байласу арқылы) 1731 жылы өзіне «қосып» тынды. Әрине, кіші жүздің «өз еркімен Ресейге қосылуы» бүкіл қазақ ұлысының тізе бүгуі деген сөз емес еді. Орта жүз бен ұлы жүз қазақтары орыс отаршыларына табанды қарсылық көрсетті. Яғни, 1731 жылы басталып, 1865 жылы шілде айында Ташкентті алумен аяқталған Ресей империясының тұтас қазақ жерін әскери күшпен жаулап алуы аз да, көп те емес тура 134 жылға созылды. Одан кейінгі жүз жылдан астам уақыт бойы өз білгенінше билеп-төстеп, икемге келгенін шоқындырып, орыстандырып, көнбегенін қырғынға ұшыратып, қазақты ұлт ретінде жер бетінен жойып жіберуге бағытталған отарлаудың ресейлік кезеңі осылай басталған болатын.

Бөлшекте де, билей бер!

Енді назарды мынадай бір мәліметке аударайық. Ресей императоры ІІ Александр қазақтар арасында ел билеу жүйесінің жаңа ережесін енгізу жөніндегі жарлыққа 1862 жылдың 5 – шілдесінде қол қойғаны тарихтан белгілі. Арадан жетпіс сегіз жыл өткен соң КСРО-ның билеушісі И.Сталиннің нұсқауымен қазақтарды интернационализм рухында бірізділендірудің (шын мәнінде орыстандыру бағытында –Б.Ш.)большевизм идеясына лайықталған (социализм дәуірі)жаңа бір ережесі дүниеге келді. Яғни, КСРО Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Президиумы 1940 жылдың 13 қарашасында «Қазақ жазуын латындарылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылдады.

Бір қарағанда уақыт жағынан көп қашық жатқан, бір-біріне мүлде қатысы жоқтай көрінетін осы екі оқиғаның арасында қандай байланыс болуы мүмкін дерсіз?.. Алайда, екеуі екі басқа тарихи дәуірлерге тиесілі осы даталардың арасында болып өткен тарихи оқиғалар мен құбылыстарға мұқият зер салған адам, осы екі ереженің арасында жай көзге көрінбей тұрған қандай да бір байланыстың бар екеніне көз жеткізер еді. Тек оған мұқият зер салмақ керек. Олай болса, бір-бірімен тығыз байланысты осынау оқиғаларды жүйе-жүйесімен баяндап, көп жылдар бойы ұйқыда болған қазақ жадын оятуға  тырысып көрейік.

Империя қандай айлакер болса да Ұлы даланы еркін шарлаған асау халықты бірден өзіне бағынышты ету оңай шаруа емес екенін орыс отаршылары бірден түсінді. Сөйтіп, дипломатиялық түлкі бұлаңды қолдана отырып, алдымен қазақтың ел билеу жүйесі мен рухани дүниесіне қанға былғанған сұғанақ қолын ақырындап сұға бастады. Бұл әрекет әсіресе олардың әкімшілік басқару жүйесінде жүргізген реформалары мен экономикалық және идеологиялық жағынан меңгеру жолында қолданған түлкі бұлаң құйтырқы саясаттарынан анық сезіледі.

Отаршылдар қазақтар арасындағы ел билеу жүйесінде қандай реформа жасаса да, бұл – шын мәнінде келешекте жергілікті халықты рухани-идеологиялық тұрғыдан бағынышты етуге бағытталған, әрі алысты көздеген, терең ойластырылған өте астарлы да айлалы жолдар болатын. Ғалым М. Мырзахметұлы оның мынадай үш түрлі кезеңін атап өтеді: Бірінші,  1731 – 1822 жылдар аралығында алдымен біртұтас қазақ жерін үшке бөліп, Қазақ хандықтарын протекторат есебінде ұстау, яғни тең құқықтық тұрғыдан сырттай билеу; екінші, 1822 – 1867 жылдар аралығында хандық билікті жойып, аға сұлтандық ел билеу жүйесін жолға қою, яғни қазақ жерін көптеген ұсақ әкімшілік – территориялық жіліктерге бөлу арқылы басқару. Мұндағы басты мақсат ел билеудің бұрынғы вассалдық хандық жүйесін өмірден аластату болды. Бұл не деген сөз? Қазақтардың қолындағы саяси биліктің тізгінін алып, бұрынғы хандық биліктегі жерлерді дуандарға ажыратып, бөлшектеуді көздеді. Сөйтіп, әр аймаққа әр түрлі саяси – әлеуметтік жағдай қалыптастыруға күш салып, олардың бір-бірімен тарихи-рухани байланысын барынша шектеп ұстауға тырысты. Мысалы, Кіші жүз қазақтарының саяси – әкімшілік орталығы Орынбор қаласы деп белгіленсе, орта жүздікі – Омбыға қаратылды. Ал, Орта Азияны түгелімен жаулап алған соң, оны бес облысқа бөлшектеп, ұлы жүз қазақтарының саяси – әкімшілік орталығын Ташкент қаласы деп бектті. Осындай саяси – әлеуметтік ахуалдан-ақ Ресей билігінің қазақтарға деген көзқарасы қандай болғанын аңғару қиын емес. Үшінші кезең, 1867 – 1817 жылдар аралығында қазақ даласын тұтас жаулап алып, қазақ жері мемлекет меншігі деп жарияланған соң, басқарудың аға сұлтандық жүйесін бұзып, қазақ жерін одан әрі бөлшектеп, енді оны болыстық билікке дейін төмендетілген  басқару жүйесіне көшірді.

1867 жылы сәуір айында  патшаның өкімімен Орынбор генерал – губернаторлығына бағынышты болып келген Түркістан облысын өз алдына жеке бөліп шығарып, өлкелік әкімшілік аймақ ретінде үшке жіліктеп (орталық, оң қанат және сол қанат) басқаруға шешім шығарды. Алғашында өлкенің орталығы Әулиеата қаласы болады деп шешкен еді, бірақ Шығыс Түркістандағы ұйғырлар мен дүнгендердің империалистік Қытайға қарсы дүрбелеңі шекарадан қашықтау жатқан Ташкент шаһарын таңдауға мәжібүр етті. Дәл осы жылы Ресей патшасы екі бірдей заңға «Орынбор және Батыс Сібір генерал – губернаторлықтарының Далалық облыстарды басқарудың уақытша Ережелері» (1867 жылы 11 тамызда) және «Түркістан генерал – губернаторлығын құру жөніндегі Ерекше комитеттің жобасын бекіту туралы» заңға (1867 жылы 23 тамыз) қол қойды. Әрине, мұнда ережені жасаушылар жаңа әкімшілік басқару жүйесін дайындау барысында жергілікті халықтың  дәстүрлі басқару институттары тарапынан болатын қауіп-қатерді бір сәтке де естен шығармағаны анық. Осы мәселе жөнінде арнайы зерттеу жүргізген ғалым А.К.Гейнс: «… Үкімет күштеріне қарсы тұрмас үшін, ең алдымен қырғыз (қазақ) халқының сайланбалы билігін біртіндеп жою, қырғыз халқының өз билеушілері мен рулық құрылысқа негізделген өмір салтынан ажырату болатын» деп бұл уақытша ережелердің патша үкіметі тарапынан жүргізілген ел билеу жүйесіндегі әкімшілік өзгерістердің тек отаршылдық мүдде тұрғысынан қолға алынған шара екенін атап көрсеткен.

Патша үкіметінің «жаңа низам» реформаларын жүргізудегі негізгі мақсаты – қазақтың рулық билік жүйесін талқандап, елдік тұтастығын жою және ол жүйені орталық үкіметтің қолына жинақтау еді, одан әрі қазақ жерін Ресейдің шекаралас аймақтарымен аражігін білдіртпей қосып жіберу болғанын тарихшылар соңғы кезде ғана сыналап, сипақтап зорға айта бастады.

Рухани құлдық әліпбиден басталады

Қазақ даласын отарлаудың үшінші  кезеңінде елдегі саяси –әлеуметтік жағдай мейлінше асқынып, жер-жерде «жаңа низам» деп аталған ережелерді ендіруге қарсы толқындар өріс алды. Өйткені, жаңа ереже бойынша бұрынғы сатылап, баспалдақтап ендіріп келе жатқан әкімшілік басқару саясатында шешуші мән ала бастаған жер отарлаумен бірге енді жергілікті тұрғындарды идеологиялық тұрғыдан меңгеру мақсаты жолға қойылған еді.

Отаршылдар өздері билеп-төстеп отырған түркі халықтарының болмысы мен өткендегі тарихи жолын, психологиясын, мінез-құлқын, салт-дәстүр ерекшелігін, әкімшілік билеу жүйесін, сенімін, яғни өздеріне қажетті ұрымтал тұстарын терең барлап, зерттей отырып, оларды рухани тұрғыдан меңгерудің стратегиялық негіздері мен тактикалық әдістерін, мақсаттарын белгілеп, соған байланысты саяси қадамдарын да анықтап отырды. Мысалы, Ресей өзіне қарасты халықтардың ішінде саны жағынан көп және прогрессивті даму үрдісіне бейім қазақтарды өз жағына тарту үшін ерекше белсенділікпен жандарын салды. Неге десеңіз, миссионер ғалымдардың зерттеуі бойынша, қазақ дүниетанымы әлі діни тұрғыдан көп өзгеріске түсе қоймаған, ішкі істері шариғат заңымен емес, ата-бабаларының ескі заңымен жүргізілетіндігімен ерекшеленетін. Осыған көзі жеткен Ресей өз мақсаттары үшін қазақтарды өзі тектес ұлыстардан,әсіресе татарлар мен өзбектерден, басқа да исламдық қалпы берік халықтардан мейлінше тезірек оқшаулау керек деген шешімге келген. Өйткені, бұл туыс халықтарды рухани тұрғыдан біріктіріп отырған ортақ нәрселер көп еді. Оның ең  негізгілерінің бірі, әрине, бір емлеге негізделген араб жазу графикасы болатын. Міне, осы бір емлеге негізделген араб жазуының орнына орыс жазуының әріп таңбасын енгізсе, мәселе өзінен өзі оңайлана түсетінін отаршыл оқымыстылар жақсы түсінді. Түсінгендіктен де қазақ халқының рухани болмысын идеологиялық тұрғыдан меңгеру үшін, алдымен олардың жазуын орыс әліпбиіне көшіру керектігіне жете назар аудара бастады. Одан кейін бір-екі ұрпақ алмасса болды, туыс әрі көрші елдердің діни-мәдени әсерінен оқшауланған қазақтар тезірек орыстанады деп ойлады. Осылайша, қазақ жазуын орыс әліпбиіне көшіру мәселесі алысты көздеген империяның ең басты саяси-иделогиялық мақсаттарының бірі ретінде алға тартылды. Бұл алысты көздеген мәселемен осы мақсат үшін арнайы құрылған «Обрусительная палата» деген мекеме айналысса, саясатты жүзеге асыруды «Святой синод» деп аталатын тағы бір миссионерлік мекемеге жүктелді. Ал, оның ғылыми – практикалық тұрғыдан жолға қоюдың тізгіні орыстың миссионер  ғалымдарының қолында болды. Ресей арнайы орындарының тапсырмалары бойынша іске кіріскен бұл миссионер-ғалымдар түркі халықтарының тарихы мен тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін терең зерттеп, олардың жазуын мейілінше қысқа мерзімде кирилшеге көшіру мәселесімен тыңғылықты айналысты. Жай айналысып қана қойған жоқ, жазу ауыстырудың тиімді жолдары мен мүмкіндіктерін  анықтап, бағамдап, саралап көрсетті. Оның ішінде Н.И.Ильминский, Н.П.Остроумов, А.Е.Алекторов, Ф.Д.Соколов, В.В.Катаринский, А.И.Левшин, Е.А.Малов, В.Т.Трофимов, В.В.Радлов, А.Воскресеньскийлердің есімдерін ерекше бөліп атауға болар еді. Бұл ғалымдардың жергілікті халық арасындағы іс-әрекетін «қой терісін жамылған қасқырларға» теңесек шындықтан алыс кетпейміз. Расында олардың мүләйім бейнелерінің астарында «шаш ал десе бас алатын»аяусыз, қатыгез жыртқыштық жасырынып жатты. Осылайша отаршылдар жергілікті халықтардың бірлігі мен ынтымағын ыдыратып, өзіне кіріптар ету үшін оларды жіктерге, топтарға бөліп, бөлшектеу мәселелерін дереу қолға алған еді.

Орыстандыру бұғауы алдымен қазақтарға түсті

Тыңғылықты зерттеулерден соң Орта Азия халықтары ішінен орыстануға ең бейім жұрттың қазақтар екенін терең ұғынған отаршылдар өздерінің бүкіл саяси ақыл-кенін осы жұмысқа жұмылдырды. Осы идеямен қаруланған патша үкіметі Ағарту министрі граф Л.Толстойдың бастамасымен 1876 жылы Орынборда қазақтар арасында араб жазуын орыс графикасына көшіруге байланысты арнайы мәжіліс шақырып, ұсыныстар айтылды. Іле-шала бұл ұсыныс патшаның өзінен қолдау тауып, ақыр соңында араб әліпбиіндегі қазақ жазуын орыс графикасына ауыстыру туралы жарлыққа қолын қойып та жібереді. Граф Толстой қазақ ағартушысы Ы. Алтынсаринмен жеке кездесіп, қазақ жазуына орыс алфавитін ешбір өзгеріссіз қабылдау жөнінде нұсқау берген тұсы – осы кез. Бұл жөнінде ұлы ағартушы былай еске алады: «… 1876 жылы граф Толстой Орынбор қаласына келген кезде… ең алдымен талқыға салынған мәселе – қазақ арасына орысша хат таныту жолдары және бұл үшін қазақ тіліне орыс алфавитін қолдануға болатын – болмайтыны туралы мәселе қойған еді. Бұл мәслихаттарға Орынбор өлкесінің бұрынғы генерал – губернаторы генерал – адъютант Крижиновский, Орынбор оқу округінің папечителі Лавровский, Қазандағы оқушылар семинариясының директоры Ильминский және Торғай, Орал облыстарының губернаторлары қатысты, олардың бәрі де орыс алфавитін қазақ тіліне қолдануға әбден болады деген қорытындыға келген еді» (Ы. Алтынсарин. Таза бұлақ. Алматы, 1988 ж., 133-б). Көріп отырғанымыздай, қазақ ағартушы ғалымы осы қалдырған естелігі арқылы отаршылардың түпкі мақсатын, қазақтар қолданысындағы араб жазуын орыс жазу үлгісіне көшіру туралы ойдың әуел бастан тыңғылықты ойластырған мақсатты стратегиялық жоспар екенін толық ашып беріп отыр. Яғни, патшаның өзі қолын қойып, жарлық берген соң-ақ оның қазақ даласындағы қолшоқпарлары – шенеуніктер мен миссионерлер бұл мәселені жүзеге асыруға нақтылы кіріскені айқын.

Орынборда өткен осы мәжілісте Н.И.Ильминский жасаған орыс графикасындағы қазақ жазуы мен В.Радлов қолданған орыс алфавитінің нұсқалары да талқыға түскен болатын. Нақтылық үшін айтатын болсақ, Ильминский бұл әліпбиді аталған мәжілістен он төрт жыл бұрын 1862 жылы Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы профессор В.В.Григорьевтің тапсырмасы бойынша жасаған болса, Радлов 1870 жылы жарық көрген «Образцы народный литературы тюркских племен южной Сибири и Джунгарии» атты еңбегін жазу барысында, ондағы түрік тіліндегі әдеби материалдарды осы тілдің фонетикалық табиғатына орайластырып өзі қолданған орыс транскрипциясы нұсқасындағы таңбаларды пайдаланған еді. Сөйтіп, ол орыс тілінде кездеспейтін түркі тіліндегі дыбыстарды өз бетінше таңбалап, қосымша әріптер қолданған. Міне, мәжілісте осы екі түрлі жобадағы қазақ жазуы үшін орыс әліпбиінің қай нұсқасын пайдалану тиімді деген мәселе талқыланды. Ұзаққа созылған пікірталастан соң Петербург университетінің отаршыл пиғылдағы кертартпа оқымыстыларының күш салуымен Ильминский нұсқасы қабылданады. Мұндағы олардың басты ұстанымы мынада болды – түркі халықтары өз тілдерінің фонетикалық айтылым табиғатына үйлеспесе де араб графикасын өзгеріссіз сол қалпында пайдаланып жүр, бұдан олардың тіліне ешқандай қиындық туып отырған жоқ, олай болса орыс жазуын да олар өзгеріссіз, ешқандай қосымша таңбаларсыз сол күйінде алуы керек, одан пайдаға шықпаса, зиян шекпейді деген қорытындыға келген. Ғалым Қ.Күдеринованың зерттеуінше, орыс графикасы негізінде ең алғашқы қазақ жазуы нұсқасын жасаған Н.И.Ильминский орыс әліпбиінде қазақ тілінің дыбыстық құрамына тән емес дыбыстарды алмаған екен.  Ол жөнінде жоба авторының өзі былай депті: «Кроме приспособления русских букв к татарским звукам, мне пришлос постопенно изменять и установливать орфографию. В первом издании букваря я писал су – вода, аулъ – деревня, аю – медведь. Тепер мы пишем сыу, ауыл, айыу». (Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері.– Алматы, 2010 ж., 115 б.). Ильминскийдің бұл пікіріне кезінде ғалым В.В.Григорьев үзілді-кесілді қарсы шығып, өзінің «О передаче звуковь киргизского языка буквами русской азбуки» деп аталатын мақаласында орыс әліпбиіндегі таңбалар қазақ жазу үлгісінде өзгермеуі тиіс деп көрсетті. Бір ескеретін нәрсе, бұл әліпби русскоцентрист ғалым тарапынан сынға ұшырағанымен қазақ тілі дыбыстарын таңбалаудың алғашқы әрекеті екендігімен тарихта қалады. Ендеше бүгінде тіліміздің сөйлеу жүйесін бұзып тұрған орыс әріптерін әсіре миссионер Ильминскийдің қолданбауы қазақ дыбыстарының орыс дыбыстарынан мүлде бөлек екенін аңғартады. Орыс графикасы негізінде жасалған Ильминский нұсқасындағы қазақ әліпбиінің бір артықшылығы – басы артық орыс әріптерін қазақ жазуына енгізбегендігінде жатса керек деп ойлаймыз. Өйткені , әліпби өзгерген сайын орфографиялық нормалар да өзгеріске түседі, ал орфоэпиялық нормалар өзгеріске түсе бермейді. Алайда, дыбысқа емес, әріп-таңбаға сүйене сөйлеу етек алған кезеңде тілдің ең басты өзегі болып табылатын орфоэпиялық нормаларға да қауіп төнетінін бүгінгі күннің өзгерісі көрсетіп отыр.

Осы басқосуда орыс оқымыстылары қазақтардың сөйлеу тіліндегі өз ерекшелігі бар тоғыз әріпке (ә, ө, қ, ғ, ң, ы, і, ұ, ү) сай таңба белгілеп берудің орнына, оны артық санап, бұл әріптерден саналы түрде бас  тартуға шақырған еді. Сондағы көздеген мақсаты не? Қазақтар тарихтан тыс тұрған халық ретінде түбі бір шоқындырылып, орыстандырылады, сондықтан орыс сөзін орыстар қалай сөйлеп жазса, қазақтар да солай сөйлеп жазуға дағдылана берсін, бұл түптің түбінде жүзеге асатын мәселе болғандықтан, соған үйренгені істі жеңілдетеді деген талап тұрғысынан келген еді. Бұдан қазақ тілінің фонетикалық табиғаты мен ерекшелігіне сай пайда болған ұлттық төл дыбыстарды жоққа шығарып, олардың жазылым таңбаларын оқып-білуді барынша қиындатып, қазақ тілінің сырттан сөз қабылдаудағы табиғи заңдылығын орыс тілінің сөйлеу қалпына салуды орыс миссионерлері әуел бастан әбден ойластырып жасаған саяси-идеологиялық шешім екеніне көз жеткіземіз. Ұзақ жылдарға арналған бұл идеяның арадан жүз жыл өткен соң да өз маңызын жоймағандығы 1950-жылдары ұлт тілдерінің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты жаңа заңдар мен ережелер тұжырымдарында шын мәнінде айқындала түскен еді. Нәтижесінде қазақ тіліне тән емес жаңа әріптер еніп, «орыс тіліндегі сөздер мен атаулар орыс тілінде қалай оқылып-жазылса қазақ тілінде де солай оқылып-жазылуы керек» деген қағидаттарының қабылданып, шын мәніндегі Ресей отаршылдығының түпкі мақсатын айқындап берген болатын.

Бас миссионер Ильминскийдің зұлымдығы мен залымдығы

Ойда болатын нәрсе, Ресейдің идеология майданындағы ең сенімді де белсенді тобы – миссионерлердің бар амал – айласы мен күш-қуаты татар халқын шоқындыруға жұмсағаны  белгілі. Бұл мәселені түпкілікті жүзеге асыруды патша үкіметі миссионер Ильминскииге жүктегені де көпке аян. Осы мақсат тұрғысынан үкімет Қазан қаласында арнайы «духовная» академиясын ашып, онда ислам қағидаларына қарсы «противмусульманская кафедрасы» жұмыс істеді. Бұл кафедраны ашуда көп күш-жігер жұмсаған және оның тұңғыш меңгерушісі қызметін атқарған кісі осы Ильминский болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Отаршыл-зорлықшыл үкіметтің ресми өкілі ретінде ол осынау идеологиялық күрес үстінде біраз шыңдалып, тәжірибе жинақтады, сөйтіп өзі жинақтаған тәжірибе негізінде педагогиканың миссионерлік жүйесін алғаш болып татарларға ендірді. Айтпақшы, оған дейін-ақ 1802 жылы қарулы күштің дүмімен шоқындырылған он мыңдаған татарлар правословия дінінен бас тартып, өз дініне қайта бастағанда, 1806 жылы «Святой синод» татарларды қайта шоқындыруға бұйрық бергенін кәрі тарих ұмыта қойған жоқ. Ал, дағыстандықтарды шоқындыруға шет елдік миссионерлер келіп араласқан. Осынау шет елдік миссионерлердің тәжірибесін оқып-үйреніп, білімі мен тәжірибесін жетілдіру үшін патша үкіметі әбден сыннан өткен Ильминскийді бірнеше жылға сол жаққа жіберген. Оның өзіндік себебі де бар еді. Өйткені, бұл кезде отарлаушы биліктің бұратана халықты шоқындыру мен орыстандыру саясатының әрекет өрісі көлемі жағынан кеңейіп, бүкіл Сібір ормандары, Қапқаз жоталары мен Еділ бойы жағалауын тұтас қамтып жатқан болатын. Ендігі әрекет өрісінің ауқымында Қазақ даласы, сонан соң Орта Азия халықтары тұрды. Айтпақшы, татарлар үшін орыс графикасы негізіндегі алғашқы әліпби нұсқасы да осы Ильминскийдің атымен байланысты. Бұл кезең кертартпа ғалымның миссионерлік қызметінің қатты өрістеген тұсына дәл келеді. Әрі бұл уақыт татарларды шоқындыру, одан әрі орыстандыру саясаты кең көлемде қызу қолға алынған қарбалас кезең болатын. Ал, 1858 жылдан бастап Орынбор шекаралық комиссиясына қызметке ауысқан ол миссионерлік ісін енді астыртын түрде қазақ арасында жүргізуге қызу кіріседі.

Қазақ арасында оның ең алғашқы қолға алған мәселесінің бірі – татарларға қойған талап тұрғысынан келіп, қазақ тіліндегі кітаптарды орыс транскрипциясы нұсқасында шығаруды алдына мақсат етіп қойды. Міне, Ы.Алтынсарин еңбектерінің, әсіресе оқу құралдарының бәрі орыс әліпбиі негізінде жарық көру себебі осы қатаң талаптың ырқына байланысты жүзеге асқан құбылыс болса керек деп ойлаймыз.

Осы орайда тағы бір ой. Қазақтарды шоқындыру, одан әрі орыстандыру идеясын жүзеге асыру жолында метрополия бұл қызметтің өз ішінде тұншықтырып, шиін шығармай атқаратын кісіні қазақтардың өз ішінен де іздестіргені айдан анық. Өйткені, империялық түпкі мақсатты қазақтардың өз қолымен жүзеге асыру әрі жеңіл, әрі сенімді болатыны түсінікті ғой. Сөйтіп, қазақ арасында беделді, әрі мұсылманша да, орысша да білімі бар сауатты Ы.Алтынсаринді осы айлалы іске пайдалануды көздеген. Яғни, мұнда орыс әліпбиі негізіндегі қазақ жазуын жасаушы қазақ Алтынсарин еді деп көрсетіп, халыққа оның прогрессивті жағын насихаттап, көпшілікті осы идеяға сендіруді мақсат тұтқан (Қазан архиві, 968-қор, 1-тізім, 16-іс, 1-2 б.б.). Осылайша алысты көздеген арамза Ильминскийдің талап етуімен және Ағарту ісі министрі граф Л.Толстойдың тікелей тапсыруымен Ы.Алтынсарин қазақ балаларына арнап жазған кітаптарын ресми биліктің қатаң бақылауымен орыс әліпбиі негізінде жазуға мәжбүр болған сияқты.

Патша үкіметі Ыбырай Алтынсариннен басқа осы миссионерлік іс-шараға орыс армиясының офицері Шоқан Уалихановты да, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевты да тартып, өз мүдделері үшін пайдалануға күш салғаны белгілі. Оның немен аяқталғаны да баршаға мәлім. Өз кезегімізде біз де осы бір ұлт алыптары туралы сөз еткенде, олар Ресей империясының бірде жасырын, бірде ашық түрде жүргізген миссионерлік саясатын әрқайсысы әрқилы тұрғыдан танып білгендігін айтып өтуге тиіспіз. Мысалы, кейбір ғалымдардың пікірінше, еуропаша білім алған Шоқан бұл саясатқа үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, сын көзбен сескеніп қараса, Ыбырай сол саясатты жүргізіп отырған миссионерлердің идеологтарымен тікелей қоян-қолтық араласып, оларды өзінің ағартушылық жолына дипломатиялық әдіс – айла тұрғысынан келіп, ретіне қарай пайдаланып отырған. Ал, Абай бұл мәселені іштей сезінгенімен, оның қаншалықты қауіпті, залалды екенін, түп – төркінін дөп басып тани бермеген деседі.

Осылайша, Орта Азия халықтары арасынан орыстануға ең жақын жұрт қазақтар екенін терең ұғынған отаршылдар өлкеде ашылған орыс – түзем мектептеріне ең алдымен қазақ балаларын тартуға ерекше күш салды. Сондай-ақ, мектептердегі оқу – тәрбие процесі қазақ тілінде жүргізілгеніне қарамастан, оқытуды міндетті түрде орыс жазуы таңбаларымен жүзеге асыруды қолға алды. Мысалы, Түркістан өлкесінің алғашқы генерал – губернаторы К. фон Кауфманның (1867 – 1882 ж.ж.) пәрменімен Ташкентте 1879 жылы ашылған мұғалімдер семинариясына орыс балаларымен қатар жергілікті халықтың арасынан тек қазақ балалары қабылданып отырған екен. Осы семинарияда сабақ беретін қазақ тілінің мұғалімі Я.Лютш орыс транскрипциясына негізделген қазақ тілінің алғашқы хрестоматиясын жасағандығын айта кетсек артық емес. Әрине, аталған оқу орнында қазақ тілі пәні осы хрестоматия бойынша оқытылғаны өзінен өзі түсінікті болса керек. Орыс графикасына негізделген қазақ жазуын жолға қою мәселесі мемлкеттік саясат деңгейінде қолға алынуы себепті, Ташкент генерал – губернаторы 1880 жылы 8 қараша күні Халық Ағарту министріне «қазақтарды ислам дінін терең қабылдаған көрші халықтардан бөлек ұстай отырып, орыс жазуы негізінде оқытылатын мектеп арқылы ассимилияциялау міндетін алға қойғандығы» мазмұнында арнайы хат жазып, көмек беру мәселесін қарастыруды сұрайды. Оның осы тілегі көп ұзамай патша тарапынан қолдау тауып, 1881 жылы 28 қаңтарда заңмен бекітіп берген.

Осы тұста қазақтар үшін орыс графикасындағы жазу үлгісінің алғашқы нұсқасын 1862 жылы Ильминский ұсынғандығын тағы бір еске салып өтудің реті келіп тұр. Ең ғажабы, бұл әліпбидің мәңгілік емес екенін миссионар – ғалым сол кезде-ақ жете сезінгені қайран қалдырады. «Түркі халықтары дербестікке қол жеткізген күні олар бұл графикадан бас тартатын болады» деп ол күндердің күнінде орыс жазуының қажет болмай қалатынын көрегендікпен болжап кетіпті. Содан бергі уақытта орыс әліпбиіне негізделген қазақ жазуы түрлі саяси кезеңдерден өтіп, әрқилы реформаларды бастан кешірді.

 Қазақ тіліне төнген қара бұлтты серпіген Ахаң

1891 жылы наурыз айында патша үкіметі қазақ жері мемлекеттің меншігі деп жариялады. Енді қазақтардан тартып алынған жерлерге келімсектерді орналастыру саясаты мемлекеттік сипат алып, осы мақсатта арнайы «Переселенческая контора» деп аталатын мекемелер дүниеге келді. Қазақ даласының ең шұрайлы жерлерінде орыс – украин елді мекендері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптай бастады. Осы жағдайға байланысты Орталық үкімет қазақтарды тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, идеологиялық тұрғыдан да терең және басыбайлы меңгеру керектігін жете түсініп, оны меңгерудің жолдары мен технологиясын одан әрі жетілдіріп, күшейте түсті. Алдымен Ресей мемлекеті жоғарғы лауазым иелерінің қолдауымен Шығыс халықтарын оқыту жөніндегі арнайы Кеңес құрылып, оның алғашқы отырысы 1905 жылы 10 мамыр мен 3 маусым аралығында Ресей астанасында өтті. Шенеуніктер мен кілең русскоцентрист оқымыстылар бас қосқан осы мәжілісте орыс емес халықтардың оқу жүйесін орыстандыру принципін алғаш рет ашық түрде күн тәртібіне қойды. Кеңес жұмысына Ресей императоры ІІ Николайдан бастап, Сыртқы істер, Ішкі істер, Ағарту ісі министрлері, белгілі миссионер ғалымдар,Шығыс өлкелерін басқаратын генерал – губернаторлар мен осы іске қатысы бар шенділердің барлығы дерлік қатысты. Кеңестің қорытындысы бойынша татарлардан басқа түркі халықтарының бәрі мектепте алғашқы екі жылын өз ана тілінде, басқасы түгел орыс тілінде оқытылып, оқулықтар орыс әліпбиінде болуы шарт деген шешімге келеді. Орыс билігі жаулап алынған жердегі орыс емес халықтардың оқу-тәрбие жүйесін орыстандыру  мәселесін осылайша беттері бүлк етпестен алғаш рет күн тәртібіне ашықтан ашық қойды. Арадан бір жыл өтер-өтпесте, яғни 1906 жылы 31 наурыз күні патшаның жеке бастамасымен арнайы Кеңес  тағыда Санкт-Петерборда бас қосты. Басынан бақайшағына дейін великорос идеясымен уланған жоғары шенділер бұл отырыста алғашқыдан да әріге кетеді. Мұндағы күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе – біртіндеп саяси санасы оянып келе жатқан түркі халықтарын қайтсек ауыздықтап, байлап-матап отырамыз; дербестікке ұмтылған екпінін не істесек бәсеңдетеміз; оның қандай амал-жолдары бар деген тақырыпта өрбіді. Нәтижесінде, түркі халықтарын орыс жазуына көшіру және оны кешеуілдетпеу туралы шешімге тоқтайды. Алайда, Ресей ішінде басталған әртүрлі революциялық толқындар мен сыртқы саясаттағы келеңсіздіктерге байланысты бұл мәселені одан әрі ушықтырмай, уақытша тоқтата тұруға тура келген. Сыртқы және ішкі саяси жағдайдың күрт қиындап кеткеніне қарамастан империя өзінің отаршылдық пиғылынан бәрібір бас тартпайды.

Бұратана халықтардың бойын біртіндеп кириллицаға үйрете беру үшін орыс әліпбиін ресми құжаттар мен мектеп оқулықтарында қолдануды жалғастыра беру керек деген қортындыға келді. Қол астына қараған ұлттарды, оның ішінде қазақтарды да идеологиялық тұрғыдан игеру үшін барлық саяси – рухани майданда арпалысқан күрес жүріп жатты. Бұл күрес сырт көзге бадырайып көрінбегенімен, көзі ашық, зиялы қауым өкілдері оның зардабының ауыр болатынын жан-дүниесімен терең сезінді. Сезініп қана қойған жоқ, бірде ашық, бірде жасырын түрдегі наразылықтарын да күшейтті. Өйткені, жазуды өзгерту – сананы жаулаудың басы екендігін олар жақсы білді. Түркілердің көзі ашық зиялылары сол үшін күрес тәсілдерін де жетілдіріп, жанталаса қарсыласып бақты. Бұл орайда татар елінің ұлы реформатор ғалымы, қоғам қайраткері Исмайыл Гаспаралының еңбегін ерекше бөліп айтқан жөн. Гаспаралы орыстың ұр да жық миссионер ғалымы Ильминскийдің кертартпа әрекеттеріне табанды түрде қарсы тұрып, бітіспес майдан салған ғалым. Оның түркі халықтары алдындағы айрықша еңбегі – араб графикасына негізделген бүкіл түркіге ортақ жазу үлгісін жасағанын айтуға болады. 1883 жылы жасалған бұл жазу – «төте жазу» деген атпен әйгілі. Ол бүкіл түркілерге арнап өзі шығарған «Тәржіман» газетін осы төте жазу үлгісімен жариялап тұрған. Оны кезінде Абай арнайы алдырып оқып тұрыпты. Ғалымдардың пікірінше, Гаспаралы осы газет арқылы бүкіл түркілердің басын біріктіру, саяси әлеуметін бірізділендіру түсіндірмесін жүргізіп отырған екен. Оның жәдитше, яғни жаңаша бағыттағы көзқарасын кейін қазақ әліпбиінің реформторы Ахмет Байтұрсынұлы жалғастырғаны мәлім. «… Қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отырған. Сол школдар арқылы тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді, қазақ тұтынып отырған араб әрпін тастатып, орыс әрпін алдырамыз дейді. Сол үшін балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын, ана тілімен оқыса да орыс әрпімен оқысын дейді… Үкіметке керегі – мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталуы» – деп жазады ол 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Бастауыш мектеп» атты мақаласында.  Көріп отырғанымыздай қазақ тіліне төніп келе жатқан қатерлі қара бұлтты Ақаң сол кездің өзінде-ақ жан – дүниесімен сезіп, оны бозторғайдай шырылдап қорғайды. Сөйтіп, 1912 жылы қазақ тілінің үндестік заңын негізге ала отырып араб әліпбиі негізіндегі қазақ жазуын жасап, кирилшілдерге лайықты жауабын берген де болатын. Оны орыстың белгілі түркітанушы ғалымдары Е.Д.Поливанов, А.Ф.Яковлов, Л.И.Жирковтар ерекше жоғары бағалаған да еді. Сондықтан да латын әліпбиіне, одан әрі орыс жазуына ауыстыру саясаты күш алмай тұрған уақытта, олар түркі халықтарының Байтұрсынұлы әліпбиіне қала тұруын жөн көрген, қолдау көрсетіп, көтермелеген. Өйткені, шын мәнінде қазақ ағартушысының жасаған араб жазуындағы әліпбиі бүкілтүркі жұрты үшін қай тұрғыдан алсақ өте қолайлы да тиімді болатын.

Қызыл большевиктердің ХХ ғасырдағы ауыр қылмысы

Ресей отаршылдығының кеңестік дәуірі: Соңғы үш ғасырда системалардың алмасуына да, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік төңкерістердің жүзеге асқанына да, сондай-ақ саяси-идеялық көзқарастар мен елдегі қоғамдық-әлеуметтік өлшемдердің түпкілікті өзгеріске түскеніне де қарамастан Ресей империясында бір ғана жағдай өзгеріссіз қалып отырды. Ол – өзі жаулап алған кіші-халықтарға деген Кремльдің отаршылдық пиғылы мен репрессиялық іс-әрекеті. Басқаша айтқанда, Ресей бодандығында ғұмыр кешкен ұлттар мен ұлыстардың төлтумалық қасиетін жойып, оларды рухани құлдықта ұстап отыру, сөйтіп бірте-бірте ассимилияцияға түсіріп орыстандыру қай кезде де метрополияның ең басты саяси – идеологиялық мақсаты болып отырған. Бұл мақсатты жүзеге асырудың тетіктері билік басына қызыл болшевиктер келген соң тіпті күшейе түсті. Ғалымдардың соңғы зерттеулеріне сүйеніп айтатын болсақ, адамзат баласының тарихындағы ең үлкен және ең ауыр қылмыс ХХ ғасырда өмір сүрген КСРО аталатын империя аясында жүзеге  асты деп тұжырым жасасақ шындықтан көп ауытқымаймыз. Нәтижесінде жүздеген ұлттар мен ұлыстар (шамамен 200-ден астам) жер бетінен мүлдем жойылып, көпшілігі орысқа, біразы басқа халықтарға сіңіп кетті. Бұл нені білдіреді? Ғасырлар бойы қалыптасқан жүзге  тарта ұлттық төлтума мәдениет мәңгілікке жоғалып, жер бетінің мәдени-рухани болмысы соншама жүдеу тартты дегенді білдіреді. Осынау орны толмас қайғы қасіреттің орнында милиондаған тобыр мен дүбәра қалды дегенді білдіреді. Мұндай ауқымдағы ауыр трагедияны адамзат баласы бұрын-соңды бастан кешірген емес.

Осынау отаршылдықтың тақсіретін тартқан жүздеген ұлттар мен ұлыстар сияқты қазақтар да ең ауыр кезеңді осы қызыл колонизаторлар билік құрған социализм системесы тұсында өткерді. Идеялогиялық қыспақпен миллиондаған қазақты қырып салған геноциттік саясат пен жойқын рухани басқыншылықты да осы кеңістік кезеңде бастан кешті. Оның адам айтқысыз моральдық – психологиялық ауыр зардабын қазақ халқы әлі күнге дейін тартып келеді.

Бір сөзбен КСРО империясының түркі халықтарына (оның ішінде қазаққа да) жасаған қиянатын кезең – кезеңмен айтып шығу бұл бір мақалада мүмкін емес және ол біздің мақсатымызға жатпайды. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған тақырып – қазақ жазуын кириллицаға көшіру саясатының қалай жүзеге асқандығы жайлы мәселе.

1917 жылғы Қазан ревалюциясы, шын мәнінде орыс самодержавиесіне ауыр соққы болып тиді. Әсіресе, ұсақ ұлттарды шоқындыру, орыстандыру мақсатында ұлан-ғайыр іс тындырып келген мемлекеттік миссионерлік саясаттың күлі көкке ұшты. Түркі халықтары басқа да өзі сияқты бодан ұлттармен бірге тілі мен дінінен, төлтума мәдениеті мен жазу-сызуынан айырылып, жұтылып кетуден аман қалды.

Алайда Кеңес үкіметінің бұл саябырсуы, кіші халықтарды қолтығының астына алып, қамқорси қалуы – уақытша ғана шегініс еді. Оның үстіне билікке келген қызыл большевиктер оған дейінгі тарихта бұрын – соңды болып көрмеген ұлттардың теңдігі мен өзін-өзі билеу құқығын жариялап, марксизм идеясымен қаруланған төңкерісшілер еңбекші бұқараның мүддесін биік көтеріп, патша заманынан қалған сарқыншақтармен, ескінің қалдықтарымен тынбай күрес жүргізді. Мұндай ура-ұрандар бұрынғы империядан мұраға қалған жүздеген ұлттар мен ұлыстарды революция мақсаттарын жүзеге асыруға жұмылдыру үшін қажет болды. Мысалы, 1917 жылғы 2 қарашада РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі қабылдаған «Ресей халықтары құқықтарының декларациясында» халықтардың теңдігі мен егемендігі, тіпті дербес мемлекет құруға дейін ерік беретін халықтардың өзін-өзі билеу құқығы, ұлттық-діни артықшылықтар мен шектеулердің қандайын болса да жою, ұлттық азшылықтар мен этнографиялық топтардың еркін дамуы тәрізді ұлттық саясаттың негізгі принциптерінің көрініс табуы расында да көңілге сенім ұялатты. Ал, 1920 жылғы Қырғыз (Қазақ) АССР еңбекшілері құқықтарының декларациясында «әр ұлт барлық мемлекеттік мекемелерде және мектепте өз ана тілін пайдалануға бірдей дәрежеде құқылы» деп жариялады. Міне, жаңа үкімет тарапынан қабылданған осындай қаулы-қарарлар оның өзге ұлттар арасында сенімге ие болуына негіз қалап берді. Негіз қалап берді демекші, 1921 жылғы Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесі қабылдаған «Республиканың мемлекеттік мекемелерінде қазақ тілі мен орыс тілдерін қолдану туралы» декреті мен 1923 жылғы Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті қабылдаған «Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» декреті жөнінде де осыны айтуға болар еді.

Шын мәнінде жаңа үкіметтің мұндай қамқорсуының бәрі – «уақытша шегініс» екенін одан кейінгі заман дөңгелегі анық көрсетіп берді. Белгілі ғалым Бақытжан Хасанұлын тыңдап көрейік: «Кеңестер Одағы халықтарының тілі 20-жылдары қоғамдық қызметін дамытып, қолдану өрісін кеңейтті. Алайда, 30-жылдардың екінші жартысынан бастап, әсіресе, 1938 жылғы 13 наурыздағы КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі мен БК(б) П Орталық Комитетінің «Ұлттық республика мен облыс мектептерінде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулысынан кейін ұлт тілдерінің тағдырына селқос қарау іс жүзінде берік орын алып, олардың дамуын тежеу механизмі қалыптасты…» (Б. Хасанұлы. Ана тілі – ата мұра (Қазақ тілінің жер жүзі жүйесіндегі алатын орны). – А., 1992. 54-б.).

Осылайша сөз жүзінде барлық қоғамдық және саяси құрылымдағы ұлт тілдерінің теңқұқылығы сақталады дегенмен, іс жүзінде мұндай теңқұқылық жағдай сақталмады, ол жай жалаң ұран ғана болып шықты. Анығында соцалистік режим қазақ ұлтының өзін-өзі билеу құқығын жоққа шығарып, ана тілін қолдануға қолдан келгенше шектеу қою ісімен айналысты. Сөйтіп, қазақ ұлты өз тағдырына қатысты ешбір мәселені өз еркі бойынша шеше алмайтын дәрежеге  жетті десе болады. Нәтижесі не болды? Қазақ тілі біртіндеп қолданыстан шыға бастады, ұлттың гендік қоры барған сайын нашарлай түсті, ақырында қазақтың ұлт ретінде жойылу қаупі туындады. Қысқасы  1917 жылғы  Қазан төңкерісімен жарияланған ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы ақыры жүзеге аспай қалды.

Кеңес өкіметі латын әліпбиін неге қабылдады?

Билік басына мығым орныққан болшевиктер үкіметі шын мәнінде ұсақ ұлттарды орыстандыруды бір сәтке де естен шығармағанын және оны тезірек жүзеге асырудың шешуші буыны саналатын әліпби ауыстыру идеясын алғашқы мәселенің бірі ретінде қолға алғанын Ресей ғалымдарының өзі мойындап отыр. Осы тұста түркі халықтарының жазуын бірден орыс каллиграфиясына көшіру туралы үндер де көтерілмей қалған жоқ. Алайда, большевиктер патша үкіметі сияқты күшке салса, орыс емес халықтардың арасында кері реакция тудыруы мүмкіндігінен мейілінше қатты сақтанды. Бұл залалды реформаға қарсы тұрар зиялылар табынан сескенді, оларды тұтас сыпырып тастаған соң ғана бұл мәселеге қайта оралуды көздеді. Уақыт өте келе мұның шындық екеніне көз жеткіздік емес пе?! Сөйтіп, бірден күшке салмай, тізені терең батырмай алдымен ғалымдардың пікірімен есептескенді жөн көрді. Осы ретте еске салып өтетіні, Ресей оқу-ағарту халық комиссары А.Луначарскийдің айтуынша, Кеңес үкіметі тұсында әліпби ауыстыру мәселесін алғаш рет 1919 жылы бүкілдүние жүзі пролетариятының көсемі В.И.Лениннің өзі күн тәртәбәне қойған екен. Тіпті, орыс жазу үлгісін латын әліпбиіне көшіруге бекініп, шешім де шығарып қойыпты. Алайда, орыс жазу үлгісін латын графикасымен ауыстыру туралы мемлекеттік комиссияның шешімі Лениннен кейін билікке келіп, барлық шешуші саяси тетіктерді өз қолына шоғырландырған И.Сталинге ұнамайды. Жаңа билікті әсіресе Түркияның латынға көшуі қатты ойландырады. Бүкіл түркі әлемінің жазу жағынан бірізді болуы оларды рухани жағынан жақындастыра түсетінінен сескенген метрополия өзінің бұрынғы шешімдерінен бас тартып, қолға алынғалы тұрған жұмысты тоқтатып тастайды. Билік оның басты себебін «Ресей халықтарын латын әліпбиіне көшіру басқа ұлт өкілдеріне орыс тілін үйретуді қиындатып жіберетіндігіімен» түсіндіреді. Осылайша КСРО кеңістігіндегі ұсақ ұлттардың жазуын орыс графикасына көшіруге байланысты аса күрделі де нәзік мәселе 1921 жылы ғалым Гордолевский тарапынан қайта көтеріліп, күн тәртібіне қойылады. Алайда, бұл залалды идея саяси білікті ғалымдар тарапынан үзілді-кесілді қарсылыққа тап болып, қабылданбай тасталды. Өйткені, түркі халықтарының жазуын бір дегеннен орыс әліпбиіне көшіріп, мектеп арқылы орыстандыру саясаты Ресей империясының ұзақ жылдар бойы нақты іс-әрекеттер арқылы жүзеге асыруға ұмтылған дәстүрлі саясаты еді. Ал, ұлттардың теңқұқылығын жариялап отырған жаңа үкімет үшін бұлай шешім қабылдау өте қауіпті болатын.

Осылайша Кеңес үкіметі айлаға көшіп, «уақытша шегініс» тактикасын әліпби ауыстыру ісіне де пайдаланды. Орыс жазуына бірден көшу әсіресе түрік халықтарының қарсылығын тудыруы мүмкіндігінен сескенген билік уақытша шегініс жасау туралы кеңеске құлақ асып, әліпбиді алдымен латын жазуына ауыстыру жөнінде шешім қабылдауға мәжбүр болды.

Осы жерде сауал туындайды: Кеңес үкіметі ұлттар жазуын неліктен алдымен латын жазуына көшіруді жөн санаған? Содан соң ғана латын жазуынан кириллицаға ауыстыруды мақұл көрген. Орыс жазуына бірден көшіруге болмас па еді? Мұнда қандай сыр бар?

Қазақ халқының тағдырына айтарлықтай қатысы бар осы сұрақтардың жауабы шын мәнінде біз ойлағаннан да апатты, күрделі болуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл тақырып анағұрлым байсалды және арнайы зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Біз өз тарапымыздан қандай да бір жауабын бермей тұрып, осы мәселені терең зерттеген белгілі ғалым М.Мырзахметовтың пікіріне жүгінгенді жөн санадық. Ол: «И. Сталиннің алдымен араб жазуын латын жазу таңбасымен ауыстыруға нұсқау беруінің сыры әлі де айтылмаған кінәраты бар саясат екенін сезінеміз. Алдымен латын жазуына жармасудың сыры, меніңше, шет аймақтағы қолданылып келе жатқан арап жазуын кириллицаға алмастыруды көздеген патша үкіметінің миссионерлік саясатының тарихынан хабардар ұлттық республикалардағы зиялылар тобының мол болуынан сескеніп, белгілі бір қолайлы жағдай туғанша қоғамдық пікірді адастырып жіберу үшін істелген айла – амал ғана…» – дейді. (М. Мырзахметұлы. Қазақ қалай отарланды?.. Атамұра – Қазақстан. – 1993, 108-б.).  Расында да солай  – орыс жазуына көшіру үшін алдымен халықты адастыру керек болды. Тіпті әріп ауыстыру кезіндегі халықтың реакциясын, көзқарасын бақылап, зерттеп алу керек болды. Қалай десек те бұл алғашқы қадам ең алдымен қоғамдық пікірді жұмсартып, лықсып келген іштегі ашу-ызаны сейілту болғаны анық. Яғни, түркілердің жазуын алдымен латынға көшіру, одан әрі біртіндеп кезең-кезеңмен кириллицаға ауыстырудың дайындық кезеңі болғандығында сөз жоқ. Ең ауыры мұның бәрі халықтар достығы, интернационализм ұранымен бүркемеленіп жасалды. Өйткені, орыс билігі түрік халықтарының бір емле негізінде оқып, түсінісіп, тұтасып кетуінен өлердей қорықты. Қолдан келгенше оларды бір-бірінен бөлшектеп аулақ ұстауға, тіпті бір-біріне жау, дұшпан етіп көрсетуге күш салды. Себебі, Кеңес Одағы байтағындағы түркі текті туысқан халықтардың бір әліпби негізінде емле – ережелерді пайдаланып, ортақ тіл табысып кетуі Орталық үшін қатерсіз емес еді. Сондықтан да мейлі, патшалық Ресей болсын, мейлі, большевиктік Ресей болсын, өз қол астындағы түрік халықтарын Түркия сияқты тәуелсіз елден аулақ ұстап, олардың тікелей де, жанама түрде де қатынас жасауына қатаң түрде шектеу қойып, мүмкіндігінше бір-біріне жолатпаған.

Тақырыпқа оралсақ, 1921 жылдан бастап тұтас КСРО-да латын алфавитін насихаттау ісі белең алып, оған кешеуілдетпей көшуге дайындық жасала бастайды. Қолда бар деректерге сүйенсек, түрік халықтарының ішінде араптан латынға көшу идеясын бірінші болып көтерген Әзірбайжан жазушысы Мырза Фатих-Али Ахундов (1863ж.) екен. Бірақ, патша заманында мұндай реформаның болуы мүмкін емес еді. Мүмкін болмайтын себебі – орыс отаршылары ол кезде өздері жаулап алған халықтарды шоқындыру, орыстандыру ісімен шұғылданатын да, ол үшін ұлт жазуын тек кириллицаның жазу таңбасымен ауыстыру ғана істі жеңілдетеді деп санайтын. Қазан төңкерісінен кейін, іле-шала сол Әзірбайжан еліне арап әліпбиіне қарсы қозғалыс қайта жанданып, оны большевик Ағамалы оғлы деген оқымысты басқарды. Оның осы идеясы сол замат бүкіл Кеңес Одағына кеңінен таратылып, оны қолдаушылардың легі күн санап көбейе бастады. Бұдан көретініміз төңкеріске дейін миссионер ғалым С.А.Новгородов жасаған латын жазуының негізіндегі саха – якут әліпбиін есепке алмағанда, бұл мәселені алғашқылардың бірі болып көтерген әзірбайжан ағайындар екен. Әзірбайжаннан бастау алған латын әліпбиіне өту ісі басқа халықтармен бірге Қазақстанды да кең шарпыды. Осы ретте айта кететін нәрсе, латын әліпбиіне көшу барысында қазақ зиялылары арасында үлкен айтыс – тартыс туып, ол бірнеше жылға ұласқан. Жаңа үкімет тұсындағы латын әліпбиіне көшу мәселесі алғаш рет 1924 жылы 12-18 маусым аралығында Орынбор қаласында өткен қазақ білімпаздарының бірінші құрылтайында көтерілді. Бұл құрылтайда әліпби жөніндегі баяндаманы А.Байтұрсыновұлы жасап, өзі түрлеген қазақ жазуының тиімділігін жан-жақты дәлелдейді. Ол былай дейді: «Тексеріп қарасақ, латын әліпбиінің түрік әліпбиінен кемдігі болмаса, артықтығы көрінбейді. Жаманнан жақсыға, залалдан пайдаға бой ұру – жөні бар дұрыс іс, оны әркім-ақ қостауы тиіс, жақсыдан жаманға, пайдадан зиянға бой ұрғанда, оны дұрыс деп қостауға болмайды. Латын әліпбиін аламыз деушілер ол әліпбидің түрік әліпбиінен не артықтығын айқындап ашпай, пайдалы екендігін бейнелеп түсіндірмей тек пәлен – түгендер алып жатыр; біз де аламыз дейді. Еліктеу мен лепірту базары көтеріңкі нәрсе екені рас. Бірақ, біреу алып жатыр екен деп латын әліпбиін алуға болмайды. Біреудің істегенін дұрыс-бұрысын тексерместен істеу тек еліктеу болады. Тек еліктеуді маймылша еліктеу деп атайды. Тесе қарап тексеріп, түрік әліпбиінен латын әліпбиінің артықтығы мынау, пайдалылығы мынау деп көзге көрсеткен ешкімді әлі көргенім жоқ. Көбінікі құр дүбірге қызу, дүрмекке еру сияқты көрінеді».

Одан кейін баяндама жасаған Н.Төреқұлов қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру керектігін дәлелдеп, оның артықшылық жақтарын тізбектеп, алға тартады.

Баяндамашылардан кейін жарыс сөз басталады. Жарыс сөзде М.Дулатұлы, Х.Досмұхамбетұлы, И. Арабайұлы, М.Тұрғанбайұлы, Е.Омарұлы сөз алып, олар бірден бірінші баяндамашыны қолдап, латын әліпбиі мәселесін тоқтату керек деген пікір білдіреді. Әліпби мәселесіне қатысты пікірталас қорытындысында, латынды қолдаушылар мен қарсы шығушылар тепе-тең түсіп, сегізге сегіз дауысқа ие болды. Алайда құрылтайды ашып, оған төрағалық еткен Қазақ АССР Оқу комиссары Нұғыман Зәлиұлы сол күнгі қорытынды мәжілісте өзі болмағанымен, жазбаша түрде латынды қолдап дауыс береді де, нәтижесінде қарсылар – 8 дауыс, қолдаушылар — 9 дауыс жинап, бір ғана дауыс айырмашылығымен латынды қолдаушы жақ жеңіске жетеді.

Латынға қазақ пен татар зиялыларының қарсылығы

Кеңес Одағы түркітанушыларының І конференциясы 1926 жылдың 26 ақпаны мен 6 – наурызында Баку қаласында өтті. Осы мәселені тыңғылықты зерттеген профессор Жамал Манкееваның айтуынша, бүкіл түркі әлеміндегі түркітанушы ғалымдардың бұл алғашқы басқосуында үлкен айтыс болып, ақыры бітіспес дау-дамайға ұласып, ғалымдардың екі топқа бөлінуіне әкеп соққан. Латын әліпбиіне көшуді қолдаушылар бір топ, арап графикасы негізінде Байтұрсынұлы жасаған «төте жазуды» пайдалана беру қажет деушілер екінші топ болып – екі топ арасында қызу талас– тартыс жүрген. «Шындығына көшсек, мәселе – Кеңес үкіметінің пиғылы мен көзқарасында еді» дейді Ж.Манкеева. Өйткені, Орталық билік түркілердің бас біріктіріп кетуінен өлердей қорықты десе болады. Қорыққандықтан да араб әліпбиі негізіндегі жазуды «түрікшілдік идеясы», «түрікшілдік идеяны насихаттау» құралы деп тауып, оған қолдан келгенше қарсы күресіп бақты. Ал, түрікшілдік дегеннің өзі ол кезде отаршылдыққа қарсы жүргізілген ұлт-азаттық күрестің символы іспеттес болатын. Өйткені, зиялы қауым түркі жұртының басы қосылмайынша, отаршылдық бұғаудан құтыла алмасын жақсы түсінді. Айта кететін тағы бір нәрсе, бұл конференцияда латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы ғана емес, ғалымдар бұл жиында кірме сөздер мен термин сөздер төңірегінде де үлкен айтысқа түскен болатын.

Түркітанушылардың І конференциясы түркі халықтарының жазуын латын графикасына көшіруге орай метрополия тарапынан мақсатты түрде әдейі ұйымдастырғандықтан да әзірбайжан ғалымдары латын әліпбиін жақтап шығуға тиіс болды. Бұл – патша үкіметі кезінде отаршылар жүргізген миссионерлік саясаттың Кеңес үкіметі тұсындағы қайта жаңғыруы, одан да анығырақ айтсақ, Ресейдің империялық мақсат жолындағы одан әрі жалғастыра түскен саясатының нақты көрінісі еді. Жаңа үкіметтің ашықтан ашық жүргізе бастаған осынау отаршылдық саясатына  жалаң қолмен қарсы тұра алмасын сезген А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ пен татар зиялылары оған қарсы идеялық күресін енді ғылыми тұрғыдан қоюды мақсат етті. Өйткені, олар латын әріпіне көшу түптің-түбінде орыс жазуына апарудың алдындағы құйтырқы әзірлік екенін жақсы түсінді. Шынында да, Баку қаласында өткен бұл конференция Орталық биліктің өзіне күш біріктіре алатын түркі халықтарын жуасытып, оның жазуын орыс алфавитіне көшіру алдындағы тактикалық құйтырқы айласының бір түрі ғана болатын.

Расында солай болып шықты емес пе.  1940 жылы ғалым Сәрсен Аманжолов жасаған кирилл графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі дүниеге келіп, ол ешбір кедергісіз бекітіліп кете барды. Сөйтіп, айналдырған он алты жылдың ішінде қазақтар үшінші рет жазуын өзгертуге мәжбүр болды.

Осы ретте түрік халықтарын латын әліпбиіне көшіру ісінде елеулі қарсылық көрсеткен Татарстан мен Қазақстан болғандығын атап өтсек артық емес. Арапша сауаттылар қатарының көптігін, арапша басылған еңбектердің молдығын, арап әліпбиінің жаңа латын әліпбиінен артықтығы болмаса, кемдігі жоқтығын баса айтқан татар және қазақ халқының зиялы қауымы әліпби ауыстыру ісінде біразға дейін қарсылық көрсетіп, табандап отырып алды. Мысалы, А.Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омарұлы бастаған қазақтың ұлтшыл азаматтары көпке дейін латынға бой бермеді. Олар латын әрпіне көшу – қазақты дәстүрлі мәдениетінен айыру деп үзілді-кесілді қарсылық танытып, көпке дейін Орталықтың дегеніне көнбеді. Уақыт өте келе оның ақиқат екеніне көз жеткіздік емес пе. Шын мәнінде, Кеңес Одағы құрамындағы кейбір түркі халықтарының латын әліпбиінен, сонан соң кирилл графикасынан бас тартып, дәстүрлі үйреншікті жазу үлгісінде қала беруді жақтағандағы негізгі факторлардың бірі – Ресейдің ожар күш пен зорлық-зомбылдыққа сүйенген отаршылдық саясатына көрсеткен қарсылығы болатын.

Бүкілодақтық Жаңа Әліпби Орталық Комитеті өткізген Пленум материалдарында Татарстан мен Қазақстанның латын әліпбиіне көшу ісіне айрықша өлермендікпен қарсылық танытқаны жайлы атап көрсетілген.

Қазақстандағы әліпби айтысы 1927 жылға қарай тіпті өрши түсті. Елде арапшыларды – «байшыл», «буржуашыл», «ұлтшыл», «алашордашыл», «діншіл» деген айыптау белең алып, қуғынға түсірді. Зиялы қауым арасындағы әліпби айтысы ушыға келе таптық реңк алып шыға келді. Осылайша бір халықты екіге бөліп, бір-біріне өшпенділікпен айдап салу әдісін орыс билігі әліпби тартысы барысында да жақсы пайдалана білді. Неткен өлермендік десеңізші!

Бакуде өткен конференциядан кейін көп ұзамай  Қазақ АССР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1927 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен Жаңа Қазақ Әліпбиі Комитеті құрылып, осы жылғы 19 қарашадағы қаулысы бойынша Жаңа Қазақ Әліпбиінің Орталық Комитеті жұмыс істей бастады.

Биліктің аты-билік. Билік өз дегенін істетпей қоймайды. Сонымен, 1929 жылдың қаңтар айында өткен Орталық Кеңес Комитетінің IV сессиясында Қазақстанда латын әліпбиін қолданысқа енгізу жөнінде мәселе қарап, 1929 жылдың 1 қазанынан бастап елдегі барлық мемлекет, кооператив мекемелері, түрлі кәсіп дүкендері, ұйымдарға арнап арап әліпбиімен қатар, латын әрпі негізінде түзілген жаңа қазақ әліпбиі мемлекет әліпбиі болып табылатыны туралы шешім шығарды. ( Қазақ жаңа әліпбиі туралы Қазақстан Орталық Кеңес Комитеті IV сесиясының қаулысы. «Еңбекші қазақ», – 1929, № 8. 10 январь).

Осы жерде тағы бір сұрақ туады. Ресей империясы өздері жаулап алған жердегі орыс емес халықтардың төл жазуын латын әліпбиіне көшіруді сондай бір үлкен күш-жігермен жақтаған орыстардың өзі латын әліпбиіне неге өтпеген? Зиялы қауымы қайда қараған? Міне, КСРО-ны мекендеген түрік, Қапқаз, Сібір халықтарының латын әліпбиіне өтіп, ал орыстардың өз әліпбиінде қалуы ұлт зиялыларының көкейінде бірден күдік тудырды. Басқаларға қамқорси қараған орыстар неге бұлай істеді? Оның астарында қандай сыр бүгулі жатыр? Егер орыс отаршыларының осы іс-әрекетіне ойлы көзбен көз жіберетін болсақ, талай-талай сұмдықтың табалдырығына тап болатынымыз  анық. Тіпті, жоғарыда сөз еткен «кінәратты саясаттың» бір ұшы осы араға келіп тірелетін сияқты.

Мәліметтерге сүйенсек, орыс жазуын латынға көшіру мәселесі Ресейге «батысқа терезе ашқан» І Петр заманында да сөз болған. Бірақ, провославия шіркеуінің Византиядан кейінгі гүлденген отаны болған Ресейдің ол кезде латын жазуына көшуі діни фактормен мүмкін болмай қалыпты.

Тоталитарлық «бұйрықпен», «нұсқаумен» қабылданған кириллица

Ресей сияқты алып елде социализмнің салтанат құра алатыны жөніндегі идея басшылыққа алынды. Енді тоталитарлық жүйе мұндай ұлы идеяны жүзеге асыру үшін тұтас елді – орыстарды да, орыс еместерді де бір жазу үлгісіне (орыс жазуына) көшіріп, біртіндеп бір тілде (әрине, орыс тілінде) сөйлету мақсатын алға қойды. Түпкі мақсатты бүркемелеп, жасыру үшін алдымен ұлт тілдері жазуын латынға көшіруді ұйғарды.  Латынға көшіп, өзінің төл жазу-сызу дәстүрінен айырылған ұсақ ұлттарды ендігі кезекте кириллицаға көшіру соншалық бір қиын болмасын жақсы түсінді. Алайда, орыс, армиян, грузин секілді халықтарға жазу дәстүрі қалыптасқан елдер деп қарап, «кеңшілік» жасағаны, ал татар, өзбек, әзірбайжан, қазақ сияқты жазу дәстүрі әуелден бар ұлттарға «таршылық» жасағаны түсініксіз еді. Қалай дегенде орыстың отарлық саясаты ұлттардың әліпби ауыстыру мәселесіне ерекше мән берді.

КСРО халықтарының көпшілігі латын транскрипциясына толықтай өтер – өтпестен Кремль метролитетінің шыдамы таусылып, тездетіп кирилл әліпбиіне көшіру ісін бастап та жіберді. Саяси биліктің отаршылдық пиғылынан туған «уақытша шегініс» тактикасы, міне, тап осы жерде аяқталды десе болады. Осы мәселені терең зерттеген ғалым В.М.Алпатов сол кездегі заң актлері мен басқа да көптеген фактілерге сүйеніп, биліктің жоғары органы ұлттардың кирилл әліпбиіне өтуі туралы шешімді 1933 жылдың күзінде-ақ қабылдап жібергені туралы мәлімет келтіруі тегіннен тегін емес, әрине. (А.А. Алпатов. Языковля политика в СССР в 20-30 годы: утапил и ресивность ІІ Восток, – 1993. № 5. С.123).

Сөйтіп, КСРО Орталық Атқару Комитетінің Президиумы 1935 жылдың 1 маусымында Солтүстік халықтарды кирилл жазуына негізделген әліпбиге көшіру туралы қаулысын қабылдап та жіберді. Сібірдің ұсақ халықтары арасында латын әліпбиі кең қолданысқа түспегендіктен, жаңа әліпби саясатын осылардан бастаса, одан әрі жеңіл болатынын әбден зерттеп білген отаршылдар оның алғашқы бақылау тәжірибесін 1937 жылы Қабарды – Балқар республикасында жүргізуден бастады.

Ескеретін жайт, латын әліпбиіне көшу тұсында құрылған Бүкілодақтық Жаңа Әліпби Комитеті латынды кирилл жазу үлгісіне ауыстыру үлгісіне түбегейлі және белсенді түрде қарсы шықты. 1937 жылы ақпан айында өткен Пленумда: «Әліпби ауысқан сайын уақытша болса да халықтың біраз бөлігі сауатсыздыққа ұшырайды. Әліпбиді жиі ауыстыру тиімсіз іс» – деп өз көзқарастарын ашық білдірді. Бірақ, шешім жоғарыдан шығарылып қойғандықтан, бұлардың пікіріне  ешкім құлақ аса қоймады. Керісінше, өздерінің басына қара бұлт үйірілді. Артынша Бүкілодақтың Жаңа Әліпби Комитеті шұғыл таратылып, әкімшілік аппарат қызметкерлері тұтас қамауға алынып, қуғынға ұшырады.

Одан әрі 1937 – 1938 жылдары латын әліпбиін кириллицаға ауыстыру мәселесі жедел қарқынмен жүргізілді. Орыс жазуына көшу латын әліпбиі тұсындағыдай зиялылар арасында талқылау, пікір алмасу, оның  тиімділігін дәлелдеу, ұсыныс беру сияқты нәрселердің бірде біреуі болған жоқ, тек «бұйрық», «нұсқаумен» ғана жүзеге асырылды. Өйткені, латын жазуын орыс әліпбиімен ауыстыру қолға алынғанға дейін-ақ өз пікірі бар ұлт зиялыларын шетінен атып, асып, түрмеге тоғытып, әбден селдіретіп тастаған еді, содан соң саяси элитаның бас көтеруге дәрмені де қалмаған-ды.

Ұлттың өз пікірі бар сүт бетіндегі қаймақтарын сылып алып тастаған соң 1940 жылы «халықтардың тілегі бойынша» деген жалған сылтаумен ешбір қиындықсыз латын жазуының орнына орыс жазуын ауыстырды да жіберді. Бұл кезең жөнінде белгілі ғалым Г.Батыгин: «Сталинскиие репресии обрели такой масштаб, что в многих регионах было истреблена национальная интеллигенция, каторая является носительницей истерический памяти норада.

В Азербайжане, Казахстане, Молдовий тродиционный алфавит был заменен кириллицей. Корни культуры, державшейся не многовекой традиций былы подрезаны» – деп бүркеулі жатқан (Г.Батыгин. Новая время., 1989, № 18, с. 25) шындықтың бет пердесін сыпырады.

Айтып өтейік, 1937 – 1939 жылдар тек елдегі саяси репрессияның асқынған кезеңі ғана емес, сонымен бірге 1937 жылы қабылданған Қазақ ССР Конституциясы баптарынан мемлекеттік тіл деген ұғымды мүлдем алып тастауымен де есте қалды. Ал, 1938 жылғы 13 наурызда КСРО Халық Комиссарлары Президиумы мен БК (б) Орталық Комитетінің «Ұлттық республикалар мен облыстық мектептерде орыс тілін міндетті оқыту» туралы атышулы қаулысы дүниеге  келді. Содан кейін-ақ алысты көздеген бұл саяси шешім жоғары биліктің қатаң назарында болды және күн тәртібіндегі негізгі және басты мәселенің біріне айналып жүре берді. Осылайша орыс тілін міндетті оқыту ісіне және одан әрі дамыту мәселесіне қатысты қаулы-қарарлар мен ережелер 1939, 1948, 1952, 1955, 1957, 1967, 1978, 1983 жылдары қабылданып, атқарушы биліктің міндетті бірінші кезекте назарда ұстау мәселесіне айналды. Есесіне өзге ұлт тілдері мұндай аста-төк қамқорлықтан мүлде қалыс қалды. Әр жылдары дүниеге келген осынау қаулы – ережелерге сәйкес жергілікті ұлт мектептерінде орыс тілі пәнін оқыту 2 – сыныптан бастап қолға алынады делінсе, орыс әдебиетін оқытуға айрықша назар аударып, бұл пәнді тек орыс тілінде оқыту міндеттелді. Мұндай қажеттілікті олар «оқушылардың орыс тілін жетік меңгеріп шығуына бірден-бір негіз қалайды» деп түсіндірді.

***

Сонымен, КСРО Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Президиумы 1940 жылғы 13 қараша күні «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылдап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Орталық биліктің мұндай саяси шешімге келетіні әуел бастан белгілі еді, тек оған келетін қолайлы уақытты ғана күтіп жүрген болатын. Сондықтан, биліктің бұл қадамын бұқара халық  ешбір дау-дамайсыз қарсы алды.

Енді орыс графикасы негізінде жасалған жаңа қазақ әліпбиінің бұған дейігі әліпбилерден қандай айырмашылығы болды деген мәселеге келейік.

Ең басты айырмашылық – орыс және араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздерді дұрыс оқып-жазу үшін деген сылтаумен оннан аса әріпті қазақ тіліне зорлықпен, күштеп ендіруі болды. Қазақ тілінің табиғатына жат бұл құбылыс тілге айтарлықтай зиян келтіріп, ол біртіндеп тілдің айтылым жүйесіндегі өзге тілдің сөздерін қазақтың өз артикулияциялық ерекшелігіне икемдеу қабілетінен айыруға апарып соқты. Сөйтіп, жазуымыз бен оқуымыз жартылай қазақша, жартылай орысша кейіпке еніп, «екі оттың ортасында» қалды. Бұл жазу жобасының түптің-түбінде тілді дүбәрә күйге түсіріп, өзіндік төлтума ерекшелігінен айырып тынатын, өте зымияндықпен тыңғылықты ойластырып жасалған мақсатты стратегиялық жоспар екендігі кім-кімге де түсінікті еді.

Шынында да солай болып шықты да. 1940 жылы қабылдап, күні бүгінге дейін қолданып келе жатқан кирилл графикасы негізіндегі жазуымыз әуел баста қазақ тіліндегі сөздердің айтылымы мен жазылымын орыс тіліне барынша икемдеп, тіліміздің төлтума ерекшелігін жоюды көздеген құйтырқы әрекеті ақыры дегеніне жетті. Қазіргі әліпбиіміз, соған сәйкес емлеміз бен тілдік ерекшеліктеріміздің бәрі (орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық, т.б.) қолданыстағы орыс әліпбиін үйретуге, тілімізді соған бағынышты етуге арналғандықтан қазақ тілінің өзге тілдерден енген сөздерді, атау тұлғаларды, терминдерді өз ерекшелігіне икемдеу қабілетінен мүлдем айырылып тынды. (Мысалы, самовар – самауыр, Москва – Мәскеу, Россия – Ресей, СССР – КСРО, тағы басқа). Мұқият ойластырылған, алысты көздеген бұл орыстандыру саясатын олар жүйе-жүйеге бөліп, кезең-кезең мен жүзеге асырды.

Қазақ халқының санасын жаулап, дүбәрә қалыпқа түсіру үшін жасалған әртүрлі стандарттағы шабуылдар одан кейін үдей түспесе, бір сәтке де саябырсыған жоқ. Әрине, мұндай жойқын идеологиялық шабуылдардан қорғану қазаққа оңайға түспегені анық. Мәселен, өткен ғасырдың 50-ші жылдары ұлт тілдері мен тіл ғылымына метрополия тарапынан келесі бір жойқын жабуыл жасалды. 1950 жылдың 20 ақпаны күні И.Сталиннің «Марксизм және тілтану мәселелері» атты мақаласы жарық көрді. Осы мақаладан кейін Кеңес Одағының барша республикаларында тілдік мәселені «сталиндік сара» жолға салу саясаты басталып кетті. Нәтижесінде елімізде тағы бір тілге байланысты реформа жүзеге асып, қазақ тілінің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты жаңа заңдылықтар қабылданып, күшіне енді. Осы реформадан кейін тілімізге жат ю, я, е, э, в, ц, щ, ч, ф, х, ь, ъ сияқты жаңа әріптердің асығы алшысынан түсіп, «орыс тілінен енген сөздер мен атау тұлғалар орыс тілінде қалай оқылып-жазылса, қазақ тілінде де солай оқылып-жазылуы керек» деген қағидаттар енгізілген еді. Міне, бұл жоғарыда сөз еткен мәдени-рухани тұтастықтың бір көрінісі, әрі халықтың тарихи жадының елеулі бір саласы болып саналатын жазу дәстүрінің төлтумалық іргесі сөгіліп, істен шыға бастауы – Ресей отаршылдары көп жылдар бойы саналы түрде жүзеге асырып келген саяси-идеялогиялық мақсатымен байланысып жатқан құбылыс болатын. Яғни, жаңа замандағы халықтар теңдігі мен достығы, интернационализм сияқты жалған идеялармен барынша бүркемеленген, шын мәнінде бұрынғы патша үкіметі кезіндегідей бұратана халықтарды шоқындырып, одан әрі орыстандырып, түптің-түбінде қазақ даласын тұтас отарлау еді. Осы сәттен бастап қазақ тілінің жағдайы, табиғи қарсыласу механизмдері әлсіреп, сыр бере бастады. Тек сыр беріп қана қойған жоқ, біздің әліпбиіміз қазақ әліпбиі емес, ғалым Ә.Жүнісбек айтқандай «қазақ-орыс», оданда анығырағы орыс-қазақ әліпбиіне айналды.

Орыс  тіліне қатысты қабылданған қандай қаулы-қарар, ереже, шешім, нұсқау болмасын, ол бір ғана тұжырымдамаға негізделді: қайткенде де қазақ тілі емлесін орыс тілі емлесіне тәуелді ету. Осы жайтты жақсы түсінген Қ.Жұбанов 1933 жылы қазақ тіліне тән сингорманизм заңына сәйкес әліпби жасау керектігін тілге тиек етіп, емлеге өзгерту енгізуді ұсынған еді. Алайда, бұл ұсыныс назарға алынбады. Назарға алмаған да себебі бар еді. Өйткені, тағы да қайталауға тура келіп тұр, орыс отаршыларының негізгі мақсаты қайткенде де қазақ тілі емлесін орыс тілінің емлесіне тәуелді ету болатын. Одан әрі қазақтарды орыстандыру әлдеқайда жеңіл болатынын  өзінен өзі түсінікті емес пе. Осы тұста айрықша айтып өтетініміз, 1930 – 1950 жылдар аралығындағы қазақ зиялыларын қудалау, асу, ату, итжеккенге айдау секілді репрессиялық әрекеттің бәрі саясаттан оқшау тұрған құбылыс емес  еді. Бұл КСРО империясының жаңа бағыттағы өзгеріске түскен ұлттық саясатының құрамдас бір бөлігі болып табылатын. Бұл уақытта пролетарлық интернационализм идеялары орнына ұлыдержавалық шовенистік көзқарастар өмірге келді, орыс халқы шамадан тыс мадақталып, ол «Ұлы Русске», яғни Кеңес Одағы құрамындағы басқа теңқұқықты халықтар арасында басты халыққа айналды. Елдегі мұндай өзгерістер кеңес идеологтарының орыс патшалары мен қолбасшыларын, олардың келбеттері мен тұлғаларын үгіт – насихат жұмысында пайдалануына жол ашып, ұлыорыстық бағытқа қарай ұмтылды. Иван Грозный, І Петр, ІІ Екатерина, тағы басқа орыс патшалары, сондай-ақ қолбасшылары мен қаһармандарын дәріптеу басталды. Жоғарыда айтып өткендей, 1938 жылы ұлттық мектептерде орыс тілін міндетті оқыту мәселесі енгізілді, 1941 жылы Қазан төңкерісінің 24 жылдығын мерекелеу кезінде (7 қараша күн) И.Сталин халық пен Қызыл  Армияға «осы соғыста сіздерге Александр Невский, Дмитрий Донской, Кузьма Минин, Дмитрий Пожарский, Александр Суворов, Михайл Кутузов сияқты біздің ұлы ата-бабаларымыздың ержүрек бейнелері рух берсін» ұран тастаған соң-ақ ұлы орыстық шовенизм бұрын соңды болмаған дәрежеде қарқын алды. Ұлы орыстық шовенизм соғыс жылдарындағы және одан кейінгі уақыттағы КСРО Компартиясының атымен бүркемеленген өзінің идеологиялық майдандағы жұмысының негізін қалады, ал орыс халқы басқа тең халықтардың арасында «көшбасшы» ұлтқа айналды. Сөйтіп Ресей империясы мен Кеңес Одағының арасындағы саяси – идеологиялық айырмашылық өзінен-өзі тегістеліп жүре берді. (Питер Э.Б. Национальное стройтельство или руссификация? (обязательное изучение русского языка в советских неруских школах. 1938 – 1953 г.г) В кн: Государство наций: империя и национальное стройтельство в эпоху Ленина и Сталина – М.: РОССПЭН. 2011. – С. 310 – 318) Содан кейінгі уақытта Кеңес Одағындағы басқа ұлттар туралы әңгіме «екінші кезекке ысырылып», олар тек орыс ұлтының «көлеңкесінде» қалуға мәжбүр болды. Әрине, ұлттық республикаларда да «өз» ұлы бабаларының қаһармандық бейнелерін іздестіруге рұқсат берілгенімен, бірақ олар великоросстардың «ұлы бабаларына» қарсы қойылмау керек деп табылған еді. Мысалы, жаңа тарих бойынша белгілі орыс-кеңес ғалымдары А.В.Ефимов пен А.Н.Яковлев ұлы орыстық бағыттағы патриоттық тарихнамалық басылым даярласа, С.К.Бушуев республикадағы ғалымдарды «ұлттық нигилизмнен» арылуға шақырды. Ал, Қапқаз, Татарстан, Башқұртстан, Сібір, Орта Азия және басқа да жаулап алынған және езгіге түскен халықтардың царизмге, оның отарлық саясатына және сомодержавиені жақтаған жергілікті қанаушыларға қарсы ұлт-азаттық сипаттағы бас көтерулер қайта-қайта қаралып, осы бағыттағы ғалымдар билік тарапынан  қудалауға ұшырады. Айталық, Сталиндік сыйлық алған Шәміл туралы монографияның авторы – әзірбайжан тарихшысы Гейдар Гусейнов арнайы орындардың қыспағына шыдамай асылып өлсе, татар және башқұрт ғалымдары Едіге үшін жапа шекті, Кенесары Қасымов үшін қазақ ғалымдары Ермахан Бекмаханов, Бекжан Сүлейменов, Қажым Жұмалиев, Е. Ысмайлов, тағы басқалар жазықсыз жазаға душар болды, итжеккенге айдалды.

Егер Яковлев пен Бушуев халықтардың теңқұқылығын ескермей, ашықтан ашық ұлыдержавалық және русскоцентристік бағытты насихаттап, белден басса, П.Смирнов пен Е.Тарле патшалық Ресейдің жаңа аймақтарды басқыншылықпен жаулап алуын өркениеттік тұрғыдан тілге тиек етті. Онымен де қоймады Ресейді ұлы держава дәрежесіне жеткізгендер кімдер деген мәселе қойып, ұлы орыс халқының көшбасшылығы арқасында Кеңес одағының Ұлы Отан соғысы кезінде фашистік Германияға қалай лайықты соққы бергенін алға тартып,орыс ұлтын ашықтан-ашық дәріптеуге көшті. Содан соң-ақ патшалық Ресей дәуірін дәріптеушілер көбейген үстіне түсті де, отаршылық езгідегі басқа ұлттар орыс менмендігінің көлеңкесінде қалып отырды. Бұл жағдай 1945 жылы 24 мамырда Кремльде өткен Кеңес Армиясының қолбасшыларын салтанатты қабылдау барысында И.Сталиннің орыс халқы үшін көтерген тосында тіпті айқындала түсті. Сонда бүкіл халықтардың әкесі былай деген болатын: «Жолдастар, маған тағы бір тост, соңғы тост көтеруге рұхсат етіңіздер. Мен бұл тосты біздің Кеңес халқы үшін, соның ішінде орыс халқы үшін көтергім келеді. Мен ең алдымен орыс халқының денсаулығы үшін ішемін, себебі олар Кеңестер Одағына кіретін ұлттардың ішіндегі үздігі. мен орыс халқының денсаулығы үшін тост көтеремін, себебі олар біздің еліміздегі барлық халықтардың ішіндегі осы соғыста Кеңестер Одағындағы басқарушы халық болды. Мен тосты орыс халқының басқарушы халық болғаны үшін ғана емес, сонымен қатар оларда айқын ақыл, табанды мінез және шыдамдылық бар екені үшін көтеремін…» (Сталин И.В. Сталина на приеме в Кремле в честь командующих войсками Красной Армий. 24 мая 1945 годо. ВКН.: – М.: ОГИЗ Главполитизмдат, 1947. – С. 197).

 Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Жаны сергек ұлтшыл ғалым Қ.Жұбанов 1933 жылы жарық көрген бір мақаласында «… Ресейге қарағаннан кейін, қайта қатынас әлсіреп, қазақ елінің бірлігі ыдырап, қоғам организмдері ұсақталып, осыған сәйкес қазақтың бұрынғы тұтас мәдениетінің іргесі сөгіліп, бөлшектеніп, жарықшақтанып, бытырауға айналғанын көреміз» деп жазыпты. Ол мақаласында бұл құбылыстың әсіресе 1867 мен 1917 жылдар аралығында ерекше қарқын алып, қазақтың мәдени – рухани тұтастығы ыдырауға бет алғанын арнайы түрде атап өтеді. Біз де негізінен мәртебелі ғалымның пікіріне қосыла отырып, өз тарапымыздан Қазақ елін біріктіріп, тұтастандырып тұрған қоғамдық организдерді бытыратып, бөлшектеп, жойып жіберуде әсіресе отаршылдық пиғылын халықтар достығы, интернатционализм сияқты жасанды идеялармен бүркемелеп жүргізген большивиктік (кейіннен коммунистік) – кеңістік – тоталитарлық биліктің рөлі бәрінен де апатты, қауіпті, жойқын болды деп есептейміз. Орыс отаршылдығының түпкі мақсаты мен пиғылына терең үңілген сайын, әрі оның қиратқыш күшінің мүмкіндігін танып-білген сайын жаның түршігеді. Іштей булығып, тамағыңа ащы өксік тығылады, еріксіз жұдырығың түйіле бастайды…

Еске салатын нәрсе, қазақ тарихында Ресей империясының үш жүз жылдық басқыншылық саясатының түпкі мақсаты мен оны іс жүзіне асыру жолында кезең-кезеңмен қолданған, әрі бүркемелеп жүргізген түрлері, айла-тәсілдерінің механизмдері, яғни, отарлаудың кешенді түрдегі шын тарихы әлі зерттелген де, жазылған да емес. Меніңше, оның зерттелуі де, жазылуы да екіталай. Өйткені, осы күнге дейінгі әлем тарихы отаршылдық мүдде тұрғысынан зерделеніп, жазылып, сарапталып, түсіндіріліп келді. Олай болса, орыстың тарихи білімінің көлеңкесінен шыға алмай отырған қазақ тарихы ендігі жерде қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан отарсыздану мақсатында зерттеу жүргізіп, саралап, баға беріп жазатын уақыт келді деп ойлаймыз.

Бір анық нәрсе, орыс тілі – басқыншылықтың, зорлықтың, зомбылықтың тілі болса, кирилл жазуы –  отаршылдықтың, озбыр күштің жазуы. Отаршылдықтың дәуірі өтіп, ожар күштің ақыры таяп келеді. Бұл не деген сөз? Орыс әлемінің, кирилл әліпбиінің дәуірі өтіп, күні батып барады деген сөз. Дәуірі өтіп бара жатқан жазу үлгісі бізді алға сүйрей ала ма, өркениетке жеткізуге дәрмені жете ме?..                  

Болат ШАРАХЫМБАЙ