«Жаңа Жібек жолы»  туристік маршруты түзеледі    

    Жамбыл облысы туризімінің түтінін тік ұшыруда аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Соңғы  екі жылдың  бедерінде тарихи орындардарымыз  айқындалып, олардың электронды картасы да әзірленді. Десе де, әлі де болса бұл бағытта бағдарын табатын  жұмыстар аз емес. Бұл жайында өңірга іссапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты айтты.  

— Әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орны  туризм саласымен байланысты. Бұл бағытқа ерекше көңіл бөлу керек. Өңірде туристерді қызықтыратын тарихи орындар жеткілікті. Бес нысанға  ЮНЕСКО тарапынан  халықаралық мәртебе берілген (ежелгі қалашықтар: Ақтөбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас) орындар кіреді.

Жамбыл жеріндегі  Айша Бибі және Қарахан кесенелері, Жайсаң киелі жері, Көксай шатқалы және басқа да тарихи орындар – халқымыз үшін  ортақ мәдени құндылықтар. Үкімет  туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауда. Оған ең маңызды  10 туристік нысан  кіреді. Оның екеуі Алматы өңірінің тау кластері. Ал Түркістанның тарихи-мәдени туристік орталығы Жамбыл облысымен шекаралас орналасқан.

Өңірдің тарихи-мәдени маңызын ескере отырып, Жамбыл облысының әкіміне, үш  облыс аумағымен өтетін  «Жаңа Жібек жолы»  экспедициялық маршрутының (Алматы, Түркістан, Жамбыл) туристік инфрақұрылымын дамытуды тапсырамын. Аймақтың туристік қуатын арттырып, инвестиция тарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет.

Үкімет пен әкімдік  бұл саланы бірлесе дамытуға күш салуы керек, — деді Президент.  

Облыстың білім беру және денсаулық сақтау саласын көтеру де маңызды міндет. Қасым-Жомарт Кемелұлы жамбылдық жұртшылықпен жүздесуде бұл бағытта да жанданғалы тұрған жобалар аз емес екенін тілге тиек етті.

— Білім беру саласы бойынша, Жамбыл облысында  әлі күнге мектептерде оқушыларға орын жетіспейді. Сондықтан жаңа тұрғын үйлерді салу барысында оқушылар үшін орын тапшылығын, үш ауысымды мектеп пен апатты жағдайдағы ғимараттар мәселесін ескеру керек. Жаңа ықшам аудандарда  дайын инженерлік желі болуы міндет және ол халық өсімін ескере отырып салынуы қажет.

Денсаулық сақтау саласына келсек,  облыс тұрғындарының денсаулық көрсеткіштері қалыпты. Енді алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісін  халыққа жақын жерге орналастыру керек. Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді. Сондықтан аурудың алдын алуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша назар аударған жөн.

Мен  Үкіметке медицина саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтеру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырдым. Әкімдіктер бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуі тиіс.

Нақтырақ айтсақ,  медицина саласы қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етіп, ауылға келген жас дәрігерлерді ынталандыру керек. Бұл жерде «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалану қажет.

Сапалы медициналық қызметтер ауыл тұрғындарына толық қолжетімді болуы маңызды.Ол үшін мобильді дәрігер тәжірибесін енгізіп, қашықтықтан медициналық қызмет көрсету саласын дамыту керек.

Қазірдің өзінде жылжымалы бекеттер құрылып, жедел медициналық жәрдем қызметіне көлік пен  реанимобильдер сатып алынуда. 2022 жылға дейін бүкіл ел бойынша аталған мақсаттарға 27 миллиард теңге бөлінеді.

Мұның барлығы халық үшін жасалып жатыр!, -деді Мемлекет басшысы.

Төлен Дедек