Жаңа Заңға халық неге наразы?

Азаматтарды тұрақты және уақытша тіркеуге қатысты заңға енгізілген өзгерістер қоғамда түрлі пікірлер туғызып жатыр. Алып-қашты әңгімелер көп. Қоғам екіге жарылып айтысуда. Бірден айтайық, елді шулатқан заңның қалтарысбұлтарысын білетін, кем-кетігін күзеген, артық-кемін түзеген депутаттармен хабарласу мүмкін болмады. Олар халықпен кездесу өткізу үшін өңірлерді аралап жүр.

Жер үй салып, алайда мүлкін заңдастырып үлгермеген азаматтардың жайы не болмақ? Баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұратындардың хал-ахуалы не күйге түспек? Полицейлер олардың бәрін ұстап, айыппұл салмақшы ма? Осы тектес сан алуан сұрақтарға жауап алу да оңай болмай тұр. «Заңға бағынған құл болмайды» деп Бауыржан атамыз айтпақшы, заңның аты — заң! Алайда көпшілікті әбігерге салып, ашуына тиіп жатқан жаңа заң ғана емес, оны жүзеге асыруда еш дайындықтың болмауы да кедергі секілді. Осы мақала аясында шама-шарқымыз жеткенше өзекті мәселенің ара-жігін ашуға күш салмақпыз.

%d1%86%d0%be%d0%bd

Руслан Айтжанов, тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманың білгір маманы:

Салық ешқандай қиындық тудырмайды

— Алдымен уақытша тіркеудің енгізілгені дұрыс екенін айтқым келіп отыр. Қазіргі кейбір бұқаралық ақпарат құралдарындағы «оны енгізген дұрыс емес, ол адам құқықтарын шектеу» деген тәрізді әңгімелермен келіспеймін. Иә, xалыққа алдын ала түсіндіру жұмыстары жағынан кемшіліктер болған шығар. Содан жаңа жылдан бастап барлығы әбігерге түсті. Дегенмен, уақытша тіркеудің болғаны дұрыс. Сондай-ақ, пәтер жалдаушыны уақытша тіркеуге қойғаннан кейін салық жағынан ешқандай қиындықтар туындамайды. Себебі үйдің салығы жылына бірақ рет төленеді және адам санының оған еш қатысы жоқ. Ал коммуналдық төлемдер бойынша өзгерістер болуы мүмкін. Бірақ ол өзгерістер айтарлықтай болады деуге келмейді. Мәселен, электр энергиясы, жылу мен ауызсу ақысы пәтердің шаршы алаңына және есептегіш құралдарына қарай төленеді. Демек, ол жағынан ешқандай өзгерістер болмайды. Сондықтан уақытша тіркеу тек күл-қоқысты шығару, лифт сияқты адам басына төленетін ақының мөлшеріне ғана әсер ете алады», — дейді ол.

— Азаматтарды уақытша мекенжайда тіркеу тәртібі үкімет қаулысы деңгейінде бұрын да болған. Енді бұл тәртіп заң деңгейінде бекітілді. Қазір көші-қон заңына «уақытша мекенжай» деген түсініктің анықтамасы мен уақытша мекенжайда тіркеу міндеті енгізілді, — деді Қазақстан ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон департаменті бастығының орынбасары Галина Сәрсенова орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте. Оның айтуынша, уақытша тіркеу тәртібі азаматтардың еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді әрі халықаралық тәжірибеге сәйкес енгізілген. Галина Сәрсенованың сөзінше, халықты белгілі бір формада тіркеу ережесі көп елдерде бар, өйткені экономикалық және әлеуметтік саясат соған қарай жоспарланады.

%d1%86%d0%be%d0%bd2

Бұл заңның бір қарағанда тиімді тұстары да бар. Соның бірі бұрын пәтер иелері уақытша тіркеуге тұрғызғаны үшін ірі қалаларда пәтер жалдаушылардан 5 мың теңге алатын болса, енді тіркейтін ХҚКО олардан 200 теңге ғана талап етеді. Бірақ әбігері көп болып тұр. Сонымен, заңның жаңа редакциясы бойынша 10 күннен 3 айға дейін тіркеуге тұрмағандарға ескерту жасалады. Ол үшін уақытша тұрып жатқан жердің иесі ХҚКО-ға барып, тіркеуге тұруға мүмкіндік жасауы керек, ал егер ол одан бас тартатын болса, жауапқа тартылатын болады. Тіркеуге тұрмағандарға 1 ақпаннан бастап айыппұл салынады. Енді жаңа заңға сай, тұрғылықты жерінен тысқары жаққа бір айдан асатын мерзімге барған әр қазақстандық мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төлеп, әрі халыққа қызмет көрсету орталығына барып, уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы тиіс. Бұл талап қонақүйде тұрып, өзге қалада жұмыс істейтін адамдарға да, өзге қаладағы ауруханада жатып ұзақ емделетін адамдарға да қатысты. Алғашқыларын қонақүй орналасқан мекенжай, ал екіншілерін емделетін орны бойынша тіркейді.

Уақытша тіркeу нe үшін қажет?

Бұған келіспеген белсенділер тобының да айтар өз уәждері бар. — 2017 жылдан бастап 48 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады. Тіпті кейбір мемлекеттердің азаматтарына елімізде 3 айға дейін болу мүмкіндігі беріліп отыр. Осыдан кейін қазақстандықтарды 1 ай ішінде тіркелуге міндеттеу ақылға сыймайтын талап секілді көрінеді. Қазақстан шетелдіктердің елге кіруіне жағдай жасап жатыр, ал өз азаматтарына керісінше кедергі келтіруде. Мұның себебі неде?

Шынын айтайық, аталмыш заң Ақтөбе мен Алматыдағы терактілерден кейін қабылданды. Өйткені тапа тал түсте сойқан салған содырлар жымысқы ойын жалдамалы пәтерде жатып іске асырғаны жайлы ақпарат көп. Әлеуметтік желіде де бұған қатысты пікірлер жазылуда. Бір әлеуметтік желіні пайдаланушы өз парақшасына: «пәтер қожайыны клиентін менің қонағым немесе туысым дей салады. Оның кім екенін полицей қайдан білсін?! Кейін көшедегі адамдардан да тіркеу қағазын сұрайтын болады. Сонда тәртіп сақшыларының істейтін басқа жұмысы жоқ па? Қылмыскерді кім ұстайды?» — деп жазып қойды. Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев «Уақытша тұратын жері бойынша тіркеу деген не және ол не үшін қажет?» деген сұрақ бойынша жауап берді. Вице-министрдің түсіндірмесі мынаған сайды. Ауызекі тілде «прописка» деп аталатын нәрсе бар. Ол — азаматтың негізгі тұратын жеріндегі тұрақты тіркеуі. Уақытша тіркеуді онымен шатастыруға болмайды. Бұл — азаматтың уақытша қоныстанған жердегі тіркеуі. Яғни уақытша тіркеу үшін тұрақты тіркеуден шығу қажет емес. Негізгі айырмашылық осы жерден басталады. «Тұрғылықты жері бойынша тіркеумен бірге уақытша тұратын жерде тіркеу бар. Уақытша тіркеу кезінде бұрынғы жердегі тіркеу сақталады. Уақытша тіркеу белгілі бір мерзімге жасалады, оны азаматтың өзі анықтайды, мерзім біткен соң тіркеу автоматты түрде жойылады», — дейді Ерлан Тұрғымбаев.

%d1%86%d0%be%d0%bd3

Уақытша тіркеуге тұру үшін ешбір органның рұқсаты талап етілмейді, тек үй иесінің келісімі жеткілікті. «Бұл не үшін керек?» — деген сауалға да жауап берілді. Уақытша тұратын жерде тіркелу ішкі көші-қонды бақылау, белгілі бір елді мекенде тұратын азаматтар санын анықтау үшін қажет екен. Осы мәліметтер негізінде жаңа жұмыс орындарын ашу, мектеп немесе ауруханалар салу, жол, электр, интернет, телефон желілерін, су және газ құбырларын тарту жұмыстары жоспарланатыны белгілі болды. Ерлан Тұрғымбаев көші-қон мәселесіне байланысты соңғы жылдары қалыптасқан жағдайға назар аударды. «Пәтер иелері тіркеуге рұқсат бермеуі себепті пәтершілер — студенттер немесе басқа аймақтардан жұмыс іздеп келгендер нақты тұратын жері бойынша тіркеле алмайды. Соның салдарынан олардың мемлекеттік қызметтерді, медициналық қызметті, басқа да әлеуметтік игіліктерді пайдалану мүмкіндігі жоқ болды. Заңды бұзбау үшін олар жалған тіркелу жолдарын іздеді, яғни өзі тұрмайтын жерде тіркелді. Кейде ондай мекенжайларда ондаған, тіпті жүздеген адам тіркеуде тұрады. Ал расында олардың қайда екенін ешкім білмейді. Ақтөбе мен Алматыдағы оқиғалар көрсеткендей, мұндай жағдайды қылмыстық элементтер, экстремистік ағымдағы адамдар пайдаланады», — деді вице-министр.

Елордалық Халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркейтін қызметкерлер саны тым аз. Оны өзіміз де көзімізбен көрдік. «Бұрын басқа жерде тіркеуде болғанмын, қазір заң күшіне енгеннен кейін тұрып жатқан жеріме тіркелгелі жатырмын. Тұрғылықты мекенжайға тіркелу ыңғайсыз, өйткені ХҚКО-да кезек көп, адамдар ұзақ күтеді. Әр терезеге кезекке тұру керек. Бағанадан бері үш терезеге кезекке тұрдым. Келгеніме 4-5 сағат болды. Әлі күтіп тұрмын. Көп адамды қабылдау үшін қызметкерлер саны да сәйкесінше көп болу керек деп ойлаймын. Мысалы, мұнда азаматтарды тіркейтін екі-ақ терезе қызмет көрсетеді», — деді елорда тұрғыны Мырзабек ағай. Тұрғынның айтуынша, бұл жұмыстың барлығын электронды жүйеге көшірсе, жақсы болар еді. «Тіркелу үшін үй иесін шақыру керек, үйдегілердің барлығы, мысалы, келіншегің мен балаңды да міндетті түрде әкелу қажет. Сол жағы, әрине, ыңғайсыз», — дейді жас жігіт Қайролла.

Үкімет басшысының ескертпесі

ТҮЙІН: 10 қаңтар күні Үкімет отырысында Үкімет басшысы Ішкi iстер министрiне тiркеу шикiлiктерiне қатысты сынескертпе жасады. ҚР Премьер-министрi Бақытжан Сағынтаев тiркеу енгiзiлгеннен кейiн ХҚКО-ларда үлкен кезектiң қалыптасқанын және бұның халық арасында наразылық тудырғанын қадап айтты. Сонымен қатар Премьер-министр тiркеуге қатысты сұрақтардың тым көп екенiн және түсiндiру жұмыстарының дұрыс жүргiзiлмегенiн де жеткiздi. Сынға қатысты жауап беру барысында министр Қ.Қасымов аталған заңға 2016 жылдың 22 желтоқсанында қол қойылғанын айтып, ХҚКО-ларда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

%d1%86%d0%be%d0%bd6Оның сөзіне малданбаған Б.Сағынтаев халыққа қатысты заң бойынша түсiндiру жұмыстарын ертерек, 22 желтоқсаннан бастау керек едi деп қынжылысын білдірді. Жаппай тiркелуге көшпес бұрын электрондық тiркелу жүйесiн әзiрлеу керектiгiн де естен шығарып алғандарын мойындауға шақырды. Сөзінің соңында Б.Сағынтаев «Азаматтарға арналған үкiмет» корпорациясын ондай болса не үшiн құрдық?» — деп, үкімет мүшелеріне өкпесін де жасырмады. Осы ретте Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жақын арада қазақстандықтардың уақытша тіркеуді онлайн режимде іске асыра алатынын хабарлады. «Қазіргі кезде онлайн режимде тек тұрақты тіркеу қызметі ғана жұмыс істейді. Енді, бір айдың ішінде оған уақытша тіркелу қызметі де қосылады. Қазіргі кезде ішкі логистика мәселeлері реттеліп жатыр. Негізгі мақсат — xалыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезектерді азайту. Ол үшін деректер базаларын өзара кіріктіру керек. Содан кейін уақытша тіркеуді онлайн режимде іске қосуға болады. Оған ұлттық ақпараттық теxнологиялар орталығы мен ішкі істер министрлігі жауапты. Бір айдан аз уақытта аталған қызмет енгізілeді», — деді ол.

«Астанада өткен демалыс күндері шамамен 2400 азамат уақытша тіркеуге тұрды», — деп хабарлады қалалық полицияның баспасөз қызметі. «Қазақстанда 7 қаңтарда православтардың Рождество мерекесі күні және ертесіне тұрғылықты мекенде жалпы саны 6500 адам тіркелді», — деп хабарлады Астана ІІД баспасөз қызметі.

Нағашыбай Қабылбек