ЖАҢА МЕШІТ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Жаңатұрмыс ауылында жаңа мешіт пайдалануға беріліп, оның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев, аудандық “Байзақ баба” мешітінің бас имамы Рамиз Азизов, ауданның Құрметті азаматтары, ауыл тұрғындары, жамағат қатысты.

Халықты имандылыққа ұйытып, бірлік пен ынтымаққа шақыратын мешіттің ашылуы құран оқуымен басталды. Ары қарай аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағының, қалталы азаматтардың қолдауымен бой көтерген мешіт өсіп келе жатқан жастарды отанды сүюге, имандылық пен жақсылыққа тәрбиелейтіндігін айтып, жиналғандарды қуанышымен құттықтады. Аудандық «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Рамиз қажы Азизов мешіт салудың сауабы туралы жиналған халыққа уағыз айтты. Үлкен еңбекпен салынған имандылық үйінде бес уақыт намаз оқылып тұруының маңыздылығын атап өтті. Жаңатұрмыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалдыбек Мейірбеков Алланың жердегі үйі-мешітті салу үшін ауыл тұрғындары, қалталы азаматтар, 82, 86, 90 жылғы түлектермен қатар 9-10-сынып оқушыларына дейін үлестерін қосқандығын айтып, баршасына алғысын білдірді. Алдағы уақытта мешіттің айналасын қоршау, алдыңғы жағын асфальттау, жанына бастырма салу сынды жұмыстарды атқару қажеттігіне екпін салды. Әрмен қарай игілікті істің басы-қасында жүрген бірнеше азаматтарға Алғыс хат табысталды.
Ауылдың құрметті ардагері Төленді Басығараев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев мешіт лентасын қиған соң, әжелер шашу шашты. Көпшілік жаңа мешітке кіріп, Рамиз қажы оқыған Құран аяттарын ұйып тыңдады.
Ауыл тұрғындарының қуанышын спорттық шаралар жалғады. Қол күресі, арқан тарту, кір тасын көтеруден өткен сайыс өз мықтыларын анықтады. Топ жарған жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан құрмет көрсетілді. Сонымен қатар көкпар ойыны да ұйымдастырылды.

PS. Жаңатұрмыс ауылында ашылған бұл мешітте жамағаттың құлшылық жасауына барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

«Ауыл жаңалығы» — ақпарат.