«ЖАҢА ЕСІМ-2024»

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық халық шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында аудандық мәдениет үйінде шығармашыл жастардың «Жаңа есім-2024» облыстық жобасының аудандық кезеңі өтті. Өңірлердегі жас таланттарды іздестіру, оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отырған жоба 4 номинация бойынша үш кезеңде өтуде. Атап айтсақ, вокал (жеке орындауда), би (жеке орындауда), дәстүрлі орындаушылар (халық әндері, жыр-терме) және аспапта орындау (домбыра, қобыз, жетіген, баян, сыбызғы, гитара, аккордеон, фортепиано т.б).
Жобаның аудандық кезеңіне ауылдық іріктеуден мүдірмей өткен, өнерге деген жаны құмар, елді мекендердің түкпір-түкпірінен келген жас мөлшерлері 18-35 жас аралығындағы әр саланың 12 қызметкерлері қатысып, бойындағы өнері мен талантын көпшіліктің назарына паш етті. Жастарға мотивация, серпіліс беретін бұл жобаның әділдігін саралаған қазылар алқалары облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Азамат Байжанов, орталық әдіскері Арайлым Нарбатырова және әнші, Ш.Қалдаяқов атындағы республикалық конкурстың лауреаты Көпшіл Ертаевтар жобаның ережесіне сәйкес, жүлдегерлерді өздерінің ұйғарымы бойынша бөліп, жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп, топ жарған биназарлық Гүлдана Қаржаубайға «Вокал» номинациясы бойынша облыстық іріктеуге жолдама алғандығы жөнінде сертификат табыс етті.
Жеңімпаз 12 мамыр күні Тараз қаласында өтетін Гала-концертте өнер көрсетіп, марапатталатын болады. Мәдениет саласындағы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, дарынды жастардың орындаушылық шеберлігінің шыңдалуына, танылуына мүмкіндік жасау, облыстағы әншілер мен аспапта орындаушылар қатарын жаңа жас дарынмен толықтыру, үлкен сахнаға шығару мақсатында бұл жоба жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатынын ескертеміз. Өз мүмкіндігіңді жіберіп алма.
Мақпал ШУБАЕВА,
аудандық мәдениет үйінің
әдістемелік бөлімінің меңгерушісі.