Жаңа энергия саласының көшбасшысы

ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіндегі ең үлкен павильон Қытай елінің павильоны болып аумағы 1000 шаршы метрді алып жатыр. Аса қуатты экономикасымен әлемнің алдыңғы қатарынан бой көрсете бастаған Қытай елі, ғылым-білім саласында да биік белестерді бағындырып келе жатыр. Солардың ішінде адамзат болашағымен тығыз қатысты болып отырған, жаңа энергия көздерін ашу, дамыту жақтарындағы Қытай жетістіктері аса ауқымды тақырыптардың бірі. Қазақ елінің астанасында өтіп жатқан «Болашақтың энергиясы» тақырыбында халықаралық көрмедегі Қытай павильонына қызығушылықтың астарында, шығыстағы алып көршіміздің жеткен жетістіктерімен танысу- деген мақсат әрбір туристің көңілінде жатары сөзсіз. Біз де өз міндетімізді ұмытпай, оқырмандарға Қытай павильоны туралы, сонымен қатар жаңа энергия саласындағы Қытай тәжірибелерін таныстыра кетуді жөн көрдік. «Болашақтың энергиясы, жасыл жібек жолы» тақырыбындағы Қытай павильоны «өткен дәуір, бүгін, болашақ» сынды үш дәуірмен сабақтастырған. Сан ғасырдың алдында табиғи энергиядан пайдаланған адамдар оны өндіріске пайдаға жаратуды бастаған екен. 960 жылдардың кезінде су күшімен айналдыру арқылы мата тоқитын ағаш станок, саяхатшы Жың Хының 1405-1433 жылдар аралығында «сол кездегі ең ұзын ағаш кеме (148 метр)»-ге отырып 7 мәрте теңіз сапарына шыққан кезде, кемесінде жел күшін қалай пайдаланғандығы туралы нақты деректермен ҚХР-дың энергия өндірісі саласындағы жетекші кәсіпорындары туралы таныстырылады. Осы арада Қытайдың өздері зерттеп жасаған Циньшань АЭС мен Даявань АЭС және Үш шатқал су электр стантциясы айтпай кету мүмкін емес. Циньшань АЭС — Қытайдың түңғыш рет өзі жобалап жасаған, әрі өздері жүргізіп отырған атом электр станциясы болып, жылдық өндірісі 50 млрд кВтс, бұл алты немесе жеті орташа қаланы жыл бойы энергиямен қамтамасыз ете алады екен. Екіншісі Даявань АЭС — Қытайдың бірінші ірі ауқымды коммерциялық атом электр станциясы болып, 2016 жылы интернет қуаты 44,959 млрд градусқа жеткен. Ол мөлшермен 12,32 миллион отбасын электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Бұдан соңғы Үш шатқал су электр станциясы да әлемдегі ең ірі су электр станциясы болып, 2016 жылы 93,5 млрд кВтс келетін электр қуатын өндіріпті.

«Ақылды энергияның бір күні» атты бөлікте Қытайда соңғы кезде зерттеліп жасалған энергия үнемдейтін тоңазытқыш, газ ошақ сонымен қатар электрді, суды үнемдеп жұмсаумен қатар жұмысын да жылдам атқара алатын кір жуғыш машина сиақты тұрмыстық техникалар, соғы үлгідегі электромобил (экраннан таныстырылады) мен оны қуаттау құрылғысы, Ши Ан қаласынан Астанаға дейін қатынайтын сағаттық жылдамдығы 350 шақырымға жететін пойыздың ықшамдалған макеті (темір жол толық дайын болмаған), жел, су, күн, атом энергиясынан пайдаланып электр қуатын өндіретін станциялардың макеттері қойылыпты. Келесі бөлікке орналастырылған 3D форматты кинотеатрда «Болашақ энергиясы арманы» атты қысқа метражды фильм, көрермендерге адамзаттың болашақ энергиясын іздеу арманын бала тілімен баяндалады. Соңғы бөліктегі құрылғылардың макеті- Қытайдың энергия өндірісі саласындағы жетістіктерін бейнелейді. Яғни экологияны тазартуға бағытталған кәсіпорындары, термоядролық синтезды зерттеумен айналысатын зертханалар мен ITER (International Thermonuclear Experimental Reactor) жобасындағы Қытай әлеуеті төңірегінде нақты мағлұматтар беріледі. Осы бөліктің шыға берісіндегі аумақ, Қытайдың әрбір провинцияларының күндері өткізілетін, бағалы кәде-сыйлар сатылатын орталығы болып табылады. Қытай павильонын аралаған адамдар, бұл елдің жаңа энергия өндірісі саласында жоғары деңгейде жұмыс істеп жатқандығын түсінеді. Сондай-ақ Қытай кәсіпорындарының жаңа энергия саласы бойынша шетелдерге салып жатқан ивестициясы мен шетелдермен бірлесе жүргізіп жатқан ірі өндіріс орындары, экологияны қорғау жақтарындағы нақты қадамдары туралы мол түсінікке ие болады.

Жаңа энергия өндірісінің көшбасшысы

Мемлекеттік энергия мекемесі таратқан мәліметтер бойынша 2016 жылы Қытайда көмір тұтыну мөлшері 9,4 пайызға, шикі мұнай өндірісі 7,3 пайызға кеміген. Күн нұрынан пайдаланып электр қуатын өндіріу мөлшері 69 пайызға, жел энергиясы өндірісі 29,4 пайызға өскен. Соңғы  он жылда жаңартылатын энергияны тұтыну жағында 2 пайыздан 20,5 пайызға өсіпті. 2011 жылы электромобилдердің өндірісі 10000 дана болса, Қытай ІІМ Жол-қатынас департаментінің 13 тамызда таратқан мәліметіне қарағанда жаңа энергиялы көліктердің саны 1080000 данаға жеткен екен.

Қытай жаңа энергия өндірісін ашу, дамыту жағында шетелдерге көп мөлшерде инвестиция салған ел ретінде де дүниенің алдыңғы орнында тұр. Han neng  корпорациясы Германияның Solibro АҚШ-ның Miasole, GSE, Alta Devices компаниясы қатарлы төрт компаниясын сатып алып, барлық жаңа технологиялары мен бай тәжірибелерін біріктіре отырып жаңа зерттеулерін бастап кетті. 2016 жылы Han neng  корпорациясы күн энергиялы батареялардың бес түрін жасауда әлемдік рекорд орнатты. Қазір бұл кәсіпорын жұмсақ, майысқақ күн пленкаларын өндіруде әлемнің жетекші кәсіпорнына айналды. 2017 жылдың наурызында Қытайдың JinKe энергия компаниясы Әбудабиде салынатын «әлемдегі ірі күн энергиясы станциясын» құрлысын салуға мердігер компания ретінде келісімге отырды. «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында шетелдердегі электр энергиясына мұқтаж өңірлерге қажетті станциялар салып беру жағында да белсенділік танытып келеді.

Жел энергиясы өндірісі де Қытайда қарқынды дамып келе жатыр. Теңіздегі және құрлықтағы жел электр станцияларында өндірілген электр қуаты да күн санап артып отыр. Гансу провинциясындағы Хы ши дәлізіне орналасқан әлемдегі ең ірі жел электр стантциясы жылына 5000 киловатт ток өндіре алады. Қытайда ірі өндіріс орындарында өндірілген электр қуатына қоса, отбасыларға арналған шағын құрылғылар өндірісі де көптеп жалпыласып жатыр. Қалалардың экологиясын жақсарту үшін электр қуатымен қозғалатын автобустарды да көптеп өндіріп жатыр. жалпы электр қуатының 1/4 жаңа энергияның өндірісінен келіп отыр. Қытай жаңа энергия көздерін ашу, дамыту істеріне мемлекеттік деңгейде назар аударып отырған елдердің бірі. Климат жөніндегі «Париж келісіміне»  мүше ел ретінде, қоршаған ортаға таралатын зиянды газдардың мөлшерін жыл сайын азайтуды мемлекеттік деңгейде жүзеге асырып, көптеген кәсіпорындарды жапты немесе жабдықтарын жаңарту талабын қойды. Осының нәтижесінде ірі қалаларда «көк аспанды» көре алатын жағдай кездесе бастады. Жаңа энергия көздерін дамыту жағындағы Қытайлық жобалардың қай-қайсысы да көлемінің кеңдігі, өндіріс қуаты мен озық технологиясы жағында әлемдегі көшбасшы ел ретінде мойындалып үлгерді. Себебі 1 милллиард 400 миллионға жуық халқы бар алып елде энергияға деген сұраныстың өзі-ақ жылдам дамуды талап етіп отырған жайы бар. Бұған ауыр дәрежеде ластанған экологияның халық денсаулығына тигізіп жатқан зияны да Қытай билігін ойландырып отыр. Осыған қарата «мемлекеттік экологиялық өлшемдер» ге жетпейтін қалалардың әкімшіліктері жаңа жобаларды іске асырып жатыр.

Энергия саласындағы Қазақ-Қытай әріптестігі

Жоғарыда тілге алып өткеніміздей Қытай елі жаңа энергия саласын ашыу, дамыту жағында шетелдерге инвестиция салу жағында қыруар жұмыстар атқарып келе жатқан ел.  Жан-жақтылы экономикалық қатынастардың нәтижесінде шығыстағы алып көршіміз, біздің елге де ауқымды жобаларын ұсынып отыр. Бұл негізінен Қытай кәсіпорындарының ат салысуымен орындалып жатқан, өндіріс орындары мен, орта, шағын өндіріс пен тұрмысқа қажетті жаңа энергия өндіруші жабдықтар кешенін құрайды. Солардың ішіндегі көлемді бір жоба қазақ жерінде бой көтеретін сабаннан электр қуатын өндіретін кәсіпорын. 2017 жылдың сәуір айында ҚР АШМ министрі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен өткен халықарылық басқосуда Қытайлық Macau Legend Development Ltd компания Қазақстан жерінде құны 300 млн. АҚШ долларын құрайтын сабанды қайта өңдеу кәсіпорынын құратындығы туралы хабарланған еді. Бұл кәсіпорын құрылысының арқасында 500-ге жуық қазақстандық жаңа жұмыс орнымен қамтылады екен. Барлық қаржылық салымдарды қытайлық тарап инвестициялайтын жоба, қуаттылығы жылына 10 млн. тоннаны құрайтын сұйық және қатты органикалық тыңайтқыштарды өңдіруге мүмкіншілік тудырмақ. Сонымен қоса, зауытта көлемі 5 мың куб.метр құрайтын метан газын өндірсе, сол арқылы 120 млн кВт электр қуатын, 70 мың тонна биологиялық лигнинді Қытай, Еуропа елдеріне экспорттау мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар, зауыт күнделікті 20 мың тонна сапалы қағаз өңдеуге қажетті целлюлоза шикізатын шығара алады. Осымен қатар шикізат пен табиғи байлықтарға аса бай Қазақстан елі де Қытай компанияларымен әріптестік  орнатып жатыр. Осы жылдың басында БАҚ-тарда «Қазақстан Қытай үшін ядролық отын өндіретіндігі» хабарланған еді. Қазақстан ең ірі уран өндіруші мемлекет болғандықтан,  шикізатты өндіру Қытай мен Қазақстанның бірлескен кәсіпорындары арқылы 2019 жылға қарай жүзеге асырылады. Қазіргі таңда Үлбі-ФА бірлескен кәсіпорны Қазақстанда уранды өңдейтін зауыт салып жатыр. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қазақстан  уранды октаксид және түйіршіктелген триуран түрінде экспорттайды. Ал Қытайдың электр станцияларына экспортталған уран тағы да өңдеуді қажет етеді. Бірлескен кәсіпорынның «Қазавтопром»мемлекеттік компаниясы мен қытайлық General Nuclear Power Group компаниясынан айырмашылығы ядролық отынды пайдалануға толық дайындап шығаратын болады. Осындай ауқымды жобалармен қоса тұрмысқа қажетті шағын күн нұры және жел электр стантциясы құрылғылары да көрші елден тасымалданып жатыр. Қытаймен арадағы әріптестіктің аясында қолға алынып жатқан жобалардың ішіндегі элетромобиль өндірісі- Қазақстан үшін тың бастамалардың бірі деуге болады. Қостанайдағы автомобиль өндіретін кәсіпорынмен бірлесіп, құрастырылатын «JAC iEV6S» электромобилы алдағы уақытта, Қазақстан арқылы көрші елдердің нарығына шығады деген болжамдарда айтылып жатыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жолдауында да аталмыш көлік туралы айтып өтті. Қытай тарапымен жасалған уағдаластық туралы айта кеткен Елбасы «қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі- гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобилдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт. Қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан ары дамыту мәселесін пысықтауды тапсырамын.»- деген болатын. Елбасының назарына іліккен аталмыш көліктің бірнеше нұсқасы қазіргі күнде «ЕХРО-2017» көрмесіндегі Қытай павилонының алдында  тұр.

Осылайша біртіндеп қолға алынып жатқан игі шаралар алдағы уақытта өз жемісін береді деген сенімдеміз. Себебі күллі дүние назар аударып отырған климат мәселесі мен осыған қарай қолға алынып жатқан «таза энергия» өндірісі Қытай елінде қарқынды дамып келе жатыр. Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік қатынас пен бірлесіп атқарылатын жаңа жобалар да алдағы уақытта өзгелерге үлгі болмақ.

Ерқазы Сейтқали