Жаңқош батыр жарады!

АҚШ-тың Бока-Ратон қаласында өтіп жатқан кәсіпқой бокс кешінде мексикалық Густаво Гарибайды отандасымыз Жаңқош Тұраров техникалық нокаут арқылы жеңді. Күні кеше салмақ өлшеу рәсімінде біраз шоу жасаған қос боксшы «ұрыспай төбелесу үшін» рингке көтерілген болатын. Бұған дейін өткен 23 кездесуінде 13 рет жеңіске жетіп, 8 рет тең түсіп, 2 рет жеңіліс тапқан Гарибай үшін бұл жекпе-жек тәтті басталғанмен сәтсіз аяқталды. «Соза бергеннен не пайда, сәті түссе ертерек жеңіске жеткен дұрыс» деп білетін Жаңқош батырымыз алғашқы екі раундта Густаво Гарибайдың шамасын байқап көрді. Ал, 3-раунд жекпе-жектің қорытынды кезеңі болды. Алты Алаш таңғы ұйқысын қиып, Америка уақытымен тыныстап отырғанда Жаңқоштың жарқын жеңісі талайдың ұйқысын шәйдай ашқаны шындық. Аталмыш раундтың аяқталуына 1 минут 19 секунд қалғанда Жаңқоштың ашық айқастағы кезекті соққысы қарсыласына дөп тиіп, есеңгіретіп жіберген болатын. Дегенмен, жеңілістің ащы дәмін татып көрген мексикалық бөрі ғой, Гарибай есін тез жинап, қорғанудың орнына Жаңқошқа тұра ұмтылды. Алайда, бұл әрекеті оны жеңіске емес, айқын жеңіліске апарып соқтырды. Соңғы секундта Жаңқоштың оң қолынан жұмсалған соққы Густаво Гарибайды техникалық нокаутқа түсірді. Раунд аяқталғанын білсе де, төреші Гарибайдың келесі кезеңде төнуі мүмкін зор қауіптен құтқарып, кездесудің аяқталғаны жөнінде пәрмен берді. Жаңқоштың қолымен бірге Қазақ Елінің көк байрағы көтерілді. Біздің де көңіліміз көтеріліп сала берді. Жеңіс құтты болсын, ағайын!

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ