Жаңғыру халықтың жағдайын жасаудан бастаса…

Бүгінгі қазақ кешегі қазақ емес. Бəрінің көзі ашық, сіз бен біз қанша кеңірдек жыртсақ та, қазіргі жастарды бүгінгідей заманауи қарқынды дамудың көшінен бір сəтке де тоқтата алмаймыз. Қазіргі заманның талабы біреу-ақ. Ол — орысша айтқанда «выживание», қазақшалағанда күнкөріс қамы. Рас қой, жекешелендірудің қитұрқы саясаты арқасында бұрынғы коммунистер мен билік басындағы ат төбеліндей адамдар аз ғана уақыт аралығында байып шыға келді де, жылдар өткен сайын қарапайым халық пен биліктің арасы алшақтап бара жатқандай. Хош, кезінде сол аздаған адамдардың баюына мемлекет мүмкіндік бергенде, сол байлар болашақта ел экономикасын алға сүйрейтін «локомотив» болады деп сенім артты емес пе?!

Бүгінде «Форбес» журналындағы əлемдегі ең бай адамдардың тізімінде тұрған қазақстандық ірі-ірі байлардың, тіпті сол тізімге кірмей қалған басқа да мыңдаған қалталы капиталистердің қайсысы Қазақстанда өз күштерімен зауыт, фабрика ашыпты? Бүкіл Қазақстан бойынша, басқасын былай қойғанда, қарапайым шұлық пен ішкиім өндіретін фабрика неге жоқ? Сонда Қытай болмаса жалаң аяқ, жалаң бұт қалудың аз-ақ алдында екенбіз. Біздің қазақтардың қолынан бəрі келеді. Тек қана отандық шағын зауыт-фабрикаларды көптеп ашу үшін үкімет тарапынан арнаулы бағдарлама қажет-ақ. Ол үшін мемлекеттен бір тиын да ақша бөлудің қажеті жоқ. Жаңа ғана тілге тиек еткен ірі-ірі қолдан жасалған капиталистерді нағыз капиталистерге айналдыратын мемлекеттік бағдарлама қажет. Мəселен, əрбір қалталы байға əрбір аймақтан отандық өндіріс орындарын ашқызатын міндеттеме жүктеу керек. Қажет болса аудандарда, ауылдық жерлерде бұрынғы кеңшар, ұжымшар негізінде ірі шаруа қожалықтарын ашып, жергілікті халықты жаппай жұмысқа тартатын кез келді. Сонда қарапайым халықтың ең төменгі тобына дейін қара жұмыспен қамтылады. Бұл бағдарламаны бақылап, жүзеге асыратын арнаулы комитет құрып, оның қарауына өндіріс пен ауыл шаруашылығын жанжақты білетін мамандарды, ғалымдарды, ақсақалдарды тарту керек. Сонда ғана Елбасымыздың үшінші жаңғыру саясатының нағыз өміршең болары сөзсіз! Сөздің шындығына келсек, қарапайым адамдардың дені «екі қолға бір күрек», қара жұмысқа зəру. Оның несін жасырамыз? Жауырды жаба тоқып, 25 жылды да артқа тастадық. Сөзден іске көшетін кез келді… Бұл менің ғана емес, жүздеген, мыңдаған адамдардың ойы. Бұл — бір.

Екіншіден, Қазақстанда, Құдайға шүкір, дəрі-дəрмек көп. Өкінішке орай, бағасы удай қымбат. Оның себебін жақында ғана білдік. Егер Елбасының өзі осы саланың шектен шыққан былығын ашына айтпағанда, кім білсін, əлі де жалғаса берер ме еді?! Енді осы сыннан тиісті қорытынды шығып, қарапайым халыққа қолжетімді дəрі-дəрмектер сататын арнаулы əлеуметтік дəріханалар ашу керек сияқты. Жаңа Денсаулық сақтау министрі үшін бұл жаңалық емес шығар. Сондай-ақ, медицина саласы жемқорлықтың ордасына айналғалы қашан! Себебі адам өмірі таразыға түсер бұл салада істейтіндердің айлықтары өте төмен. Қазақстанда өндірілетін автомобильдер неге қымбат? Қарапайым халықтың негізгі бөлігіне қолжетімді кез келген бір маркалы автомобильді құрастыруға əбден болады емес пе? Бізде керісінше, Еуропа мен Ресейден тасымалданатын жаңа автомобильдер мен өзімізде құрастырылатын автомобильдердің бағасында айырмашылық өте аз. Егер оның өзіндік құны төмен болмаса, несіне Қазақстанда құрастырамыз? Осы мəселені арнаулы антимонополиялық комитет назарда ұстауы шарт. Сондай-ақ, еліміздегі мұнай өнімдерінің ішіндегі ең сапалысын өндіруші «ҚазақМұнайГаз» компаниясының да жанар-жағармай құю бекеттерінде саудаланатын мұнай өнімдерінің бағасы өзге компаниялармен салыстырғанда неге төмен емес? Осыншама аста-төк байлықтың үстінде отырған қазақстандықтар аз да болса мемлекет тарапынан қандай да бір жеңілдікті көруге мүдделі. Орыстың «Етікші етікке жарымайды» деген мəтелі бар. Мұнай мен астықтың үстінде отырып (жерімізден шығатын басқа рудаларды айтпағанда), бензин мен нан өнімдерінің бағасын күнде құбылту, қымбаттату тіпті айтуға ұят нəрсе. Сіздер бұған не дейсіздер, құрметті халық қалаулылары?

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: қарапайым халықтың əрбір өкілі өзі өмір сүріп отырған қоғамның толыққанды мүшесі, жұмыспен қамтылған, ертеңгі күнге сеніммен қарай алатын əлеуметтік тəуелсіздікті аңсайды. Бейнелі түрде айтар болсақ, ауқаттылар мен қарапайым халықтың арасындағы алшақтықты мүмкіндігінше қысқарту керек. Ол дегеніміз жұмыс орнымен қамтамасыз ету, зейнетақы, жəрдемақы мөлшерін, төменгі өмір сүру көрсеткішін инфляцияға сай əділетті түрде реттеп, көтеріп отыру деген сөз. Бұл мəселелерді алдағы уақыттағы үшінші жаңғыру кезеңінде үкіметтің толық іске асыруына мүмкіндік бар. Əрбір қазақ, əрбір қазақстандық Елбасының кезекті Жолдауынан үлкен үміт күтеді. Қарапайым халық құрғақ уəдеден əбден шаршаған. Ал сіздер дұрыстап ойланатын кез келген сияқты, билік Олимпінде отырған мырзалар!

ЖАҢАБЕК ТОЙБАЗАРОВ