Жұлдыздың жұлдызды шақтары

1984 жылы КазГУ-ге оқуға түскен студент қыздардың ішіндегі бірегейі Жұлдыз Тойбекова еді. Оның есімін бөле-жара ерекше атағым кеп отырған себебім, екеуіміздің достығымыз сонау балаң балалық шақтан басталған болатын. 67-ші жылғы жас өрендер сол кездегі «Пионер» журналы мен «Қазақстан пионері» газетіне алдыңғы ақын-жазушыларға еліктеп, әңгіме-өлең, түрлі мақалалар жазатынбыз. Бір күні 7-класта маған Жұлдыздан танысу хат келді. Менің әңгіме-новеллаларымды оқып отыратынын және достасқысы келетінін жазыпты. Қос бұрымын алдына салып, мойнына пионер галстугын байлаған фотосуретін қоса жіберіпті. Мен де оған дереу жауап хат жаздым. Содан мектеп бітіргенше екеуіміздің арамыздағы достық жібі үзілген жоқ.

Біздер КазГУ-дің журфагына түскен соң кездестік, араластық. Жұлдыз 2-топтың старостасы болды, өзі белсенді, өжет қыз-тұғын. Қашан көрсең қолынан домбырасы түспейтін, қай жерде ойынсауық, айтыс-жыр, сол жерде жұлдыздай жарқырап біздің Жұлдыз жүретін. Кейін оқу бітіріп, әркім өмірдің сан қилы соқпағына түсіп кете барғанда да осы Жұлдыз құрбым мені жұрттан сұрастырып жүріп тауып алыпты. Арада 16 жыл өтіп кеткен еді. Осыдан біраз жыл бұрын Жұлдыз 40 жасқа кеп, шығармашылық кешін өткізген еді. Қарағандының «Шалқыма» концерт залына халық лық толды. Оқушылар ақынның жазған өлең-жырларын оқыды, әндерін шырқады. Курстасымыз, тележурналист Жұлдыз Байнолланованың «Әйел және қоғам» атты хабарына түсті.

Жұлдыз құрбымыз әйел баласының ең әдемі алтын белесі — елуге де келіп қалыпты. Жұлдыз Райымбекқызы Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде мәдениет, әдебиет, өнер, тіл, білім, денсаулық салалары бойынша бөлім меңгерушісі болып, табан аудармай 26 жыл жұмыс істеді. Журналистика саласы мен тіл майданында сіңірген еңбегі үшін алған марапаттары да сансыз көп. Атап айтсақ: 2004 жылы халықаралық поэзия фестивалінің дипломанты, 2005 жылы «Қанатты әйелдері» жәрмеңкесінің және ҚР Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер жөніндегі ұлттық комиссиясының дипломанты, 2006 жылы Қарағанды облыстық әкімдігі және Қарағанды облысы тілдерді дамыту басқармасының І дәрежелі дипломы, 2008 жылы мемлекеттік тілдерді насихаттауға арналған облыстық байқауының бас жүлдегері, 2009 жылы Республикалық тіл байқауының жүлделі ІІІ орын иегері, 2011 жылы Қазақстан Журналистер одағы басқармасының дипломанты, облыс әкімдігінің үздік журналистерге арналған «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері (2012 ж.), Қарағанды облысы әкімдігінің «Тіл жанашыры» сыйлығының (2013 ж.), сондай-ақ халықаралық қазақ творчество бірлестігінің «Мәдениет майталманы» медалінің иегері (2015 ж.) атанған. Сондайақ, 2000 жылдары Қарағандыда өткен әндер байқауында Жұлдыз Тойбекованың сазгер Құралай Шаймерденовамен бірігіп жазған «Құтты мекен» атты әні шырқалып, лауреат атағын иеленіпті. Қазақтың қайсар да өр мінезді қызы Жұлдыз Райымбекқызы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, күрескер, ақындар айтысының жүлдегері, «Көтердім ақ желкенін жыр-кеменің» (2006 ж.) атты жыр кітабы мен «Арқаның ару қыздары» (2009 ж.) кітабының авторы. Иә, бұл Жұлдыздың нағыз жұлдызды шақтары еді.

Қазір ол Астанадағы Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетіндегі «Евразия университеті» газетінде журналист, сондай-ақ журналистика және саясаттану факультетінде оқытушы қызметтерін атқарып жүр. Арғын, Әлихан атты 2 ұл тәрбиелеп отырған аяулы ана. Арғыны үйленіп, келіні Айжан екеуінен Нұрсара, Закира деген тәтті немерелерін сүйіп отырған ардақты әже. Жастық шағымның куәсіндей болған құрбым Жұлдызды мерейтойымен құттықтай отырып, ұзақ та бақытты ғұмыр, шығармашылық шабыт және әйел бақытын тілегім келеді. Өмірде жұлдызды шақтарың көп болып, шығар белестерің әркез биік болсын, Жұлдыз!

Шаргүл Қасымханқызы,

Алматы қаласы