Зерделі ұрпақ өткенін іздейді, аруақтарын құрметтеп қастерлейді

«Өткенсіз бүгін, бүгінсіз-болашақ жоқ » деген қарапайым ғана сөздің тереңінде салмақты мән-мағына жататынын жақсы түсінетін халқымыз қашаннан бабалар рухына тағзым етіп отыруды өзіне парыз-міндет санаған. Егемендік алып, еңсесін тіктей бастаған Қазақ елі бүгінде бабалар аманатына адалдық танытып, өшкенін қайта жаңғыртып, қатпарлы қалың тарихымызды жаңаша сипатта зерттеп-зерделеуге ден қоя бастады.
Егемендікке қол жеткізгелі халық жоғын іздеп, сынығын бүтіндеуге кірісті. Ұлттық сананың жаңғыруы басталды. Өткенге үңіліп, тарихты зерделеудің мақсаты замандар салған ауыртпалықтарынан арылу һәм өскелең көшін ата-баба жолына қайта бағыттау болып табылады. Зерделі ұрпақ өткенін іздейді, аруақтарын құрметтеп қастерлейді.
Қандай ел болмасын, өткенін құрметтеп, бүгінін бағалай алмаса, ертеңгі болашағына сенімді қадам баса алмайды. Біздің халқымыз сан ғасырлардан бергі терең тарихында талай қиынқыстау кезеңдерді, аумалы-төкпелі замандарды бастан кешті. Елдің тағдыры таразыға түскен аласапыран уақыттарға тап келді.
Тәуелсіз ел тарихы – отаншылдықтың, ерліктің, елдіктің не екенін дәлелдейтін тамыры терең бай тарих. Елім, отаным деген қасиетті ұғымдар әр адамзаттың өз табалдырығынан басталады. Егемен еліміздің ертеңін ұлы етер «барыс» текті намысты ұрпақ бойында ұлттық сана көрініс тапса, ақыл ойы мен жүрегінде туған жеріне деген сүйіспеншілік орын алса, бұл қоғамымыздың қалыпты дамуы, өркениетке ұмтылу жолындағы нәтижелі көрінісі болып саналмақ.
Тарихқа бір сәт шегінсек…
Тауқыметті соншама көп кешкен, тағдыры аянышты – езіліп-егілген, жабығып жапа шеккен, тарығып –зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның біреуі – қазақ.
Біздің халқымыз тарихтың қатпар – қатпар қыртыстарына тамырын терең жіберген қиын да қызықты, талайлы тағдыр кешті. Ол негізінен тәуелсіздік жолындағы күреспен өтті.
Өткен жылдар өшкен жоқ, санада тұр,
Талай сауыт тоздырды дала –батыр, — деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, солардың бәріне халқымыз қарсы тұрып тосқауыл бола білді.
Тарихқа арқа сүйемесе болашақ бұлдыр. Планетада мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі күнде та¬рихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзің¬ді өзің сақтап қалудың жалғыз жолы.
…Қара қылды қақ жарған әйгілі би ҚАРАЖІГІТ БИ ТӨЛЕБАЙҰЛЫ бабамыздың есімін зор құрметпен, шынайы мақтанышпен атаймыз.
Өйткені, ол қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына ұлағатты үнімен, шешен тілімен, данагөй ақылымен қомақты үлес қосқан біртуар бабаларымыздың бірі.
Бүгінгі таңда бізге жеткен Қаражігіт шешен айтты дейтін сөз:
Суалмайтын суат жоқ,
Тоқтаусыз аққан бұлақ жоқ,
Құйрығы суда болса да,
Уақытысы жеткенде
Қурамайтын құрақ жоқ.
Дүние деген фәни бұл,
Баласы жоқта бұтақ жоқ.
Бәрінен қиын сол екен
Артында жанған шырақ жоқ,- деген жыр жолдарының өзінен-ақ, көптеген мән-мағынаны ұғуға болады.
Халқымыздың даналығық үлгісі шешендік сөздер – ғасырлар бойы халық сынынан ерекшеленіп өткен құнды мұра, асыл қазына.
Шешендік өнеріне ерте замандардан-ақ, үлкен мән берілген.
XVIII ғасырдың отызыншы жылдары осы күнгі Атырау облысының Жем өзені маңында дүниеге келген. Он екі ата Байұлы тайпасының Шеркеш руының Қосым-Шора әулетінің Досым тармағынан шыққан Қаражігіт би Төлебайұлы 1797 жылы Шеркештің үш ауылын сарыар-қаның Ұлытау аймағына көшіп келген.
Көптеген тарихи деректерде Қаражігіт бабамыздың шешендігімен қатар, майданда мерген болғандығы туралы көп айтылады.
Яғни, Сырым Датұлы бастаған тарихи көтеріліс кезінде атқа мініп, жауға шапқан батырлығы да болса керек. Әйтпесе, жай адам Кіші жүздің үш ауылын бастап, батыстан Арқаға ел бастап келе ме?!
Ал, бүгінгі туған жердің бүгінгі келбеті неткен нұрлы. Төрт түлік мал анау өріс толған.
Қисапсыз байлық. Тоқшылық, шат көңілді тұрмыс. Осының бәрі өздігінен келе қойған жоқ. Мұндай халге жету үшін талай-талай белестерден өтіп, талай-талай қиыншылықтарды бастан өткеруімізге тура келді.
«Елу жылда – ел жаңа» деп өте орынды айтылған. Сонау қиын кезеңде алдымыздан күтіп қонақжайлық танытқан Ұлы жүз ұрпақтарымен бүгінде құда жекжат, дос, ет жақын болып кеттік.
«Атадан бала тумай ма, ата жолын қумай ма» дегендей, бүгінде Досым атадан тараған ұрпақтары қаптаған әскердей үлкен әулетке айналып, ата жолын қуып, еліне елеулі азамат болып, өздерінің барлық саналы өмірлерін халқының қамы үшін жұмсап жүр десек те артықтық етпес.
Жалпы қазақта болыс мөрін иеленген, би атанған тұлғалар көп болған.
Олардың көпшілігінің елге жасаған қызметінен гөрі өзінің қарны мен қалтасының қамы үшін жұмыс істегені жасырын емес. Ал, солардың ішінде болыстық билікті елі үшін, халқы үшін пайдаланып, адал қызмет жасаған тұлғалар жетерліктей.
Олардың айтқан өнегелі сөздері, жасаған игі істері халық жадында сақталып қалған. Кешегі Кеңестік дәуірде олардың есімдері ресми айтылмай, тарихқа енбесе де, елдің есінен кетпеген.
Қарап отырсақ, қай кезде болмасын халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың барлығының мақсат-мүддесі қазақ халқын тек бірлікке, ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпау, оқу білімге уағыздау, адамгершілікті, адал шыншыл болуға, өз Отанын сүюге, отан-шылдық, отансүйгіштік қасиеттерді әр адамның бойына дарытуға ұмтылған.
Бұл бүгінде Қазақстанның, Президентіміздің “әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық туғызбау” деген бағытымен үндесіп жатыр.
Қазақ қоғамында әр өңірдің халық арасында танымал билері елімен бірге өмірдің ауыртпалығын да, қуанышын да көзімен көріп, қиын кезде қол ұшын беріп, ру мен ағайындар арасындағы дау-дамайды реттеп отырған. Билердің қоғамдағы орны аса жоғары болғандығы оның төрелік айтуымен қазақ тұрмысында кездесетін түрлі мәселелер шешімін табуымен өлшенеді.
Қорыта айтқанда, сөз билігімен күмәнді, даулы істерді шешіп, елге сыйлы, әділдігімен танымал болған Төлебайұлы Қаражігіт бидің тарихтағы орны ерекше.
Ол ісімен, көсем сөзімен, даналығымен танылған құрметті тұлға.
Болашақ ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке, елжандылыққа тәрбиелеуде елдің тұтқасы болған бидің өмірі мен мағынасы терең және аса мәнді нақыл сөздерін үлгі ету сіз бен біздің парызымыз деп білеміз.
Өйткені халқымызда «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болады» деген мақал бар.
Жастар өз Отанының нағыз патриоты бола алу үшін үлкендер де өз соңынан ерген ұрпақты дұрыс тәрбиелеуі керек.
Осы орайда Қаражігіт бидің ұрпағы Барбол БАХТИЯРОВтың жазбасында :
-Ал, тарихта Кіші жүзде бір ғана Қаражігіт болмағаны туралы да айтылады. Жалпы Кіші жүз руларының бірқатар бірлестігін Алшын атағандықтан, олардың барлығы Алшын Қаражігіт аталған.
Мәселен, әйгілі Әйтеке биді де халық жас кезінде Қаражігіт атапты деген де дерек бар. Сондай-ақ ұрпақтары Ақтөбе облысын мекендеген Қаражігіт Бектауұлы деген де аузы дуалы би болған. Ол да тарихта Алшын Қаражігіт би деген атаумен қалған. Біз сөз етіп отырған тұлға – Кіші жүз руларын Арқаға бастап келген Қаражігіт би Төлебайұлы. Бұл – тарихи шындық. Баба мұрасы, оның Ұлытаудағы жерленген жері туралы нақты тарихи деректерді тауып, алғашқылардың бірі болып дәлелдеген белгілі ақын, ғалым Қуаныш Ахметов болатын.
Сонымен қатар, Қаражігіт Төлебайұлы туралы деректер М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбайдың зерттеулерінде кездеседі.
Ғалым өзінің ұстазы академик Зейнолла Қабдоловтан естіген мына бір тәмсілді айтады. Сол дәуірде «Орта жүз Қаздауысты Қазыбек сөйлегенде – ерттеулі тұрған қара арғымақты суға батырып жібереді, ал, Алшын Қаражігіт би сөйлегенде – әлгі қара арғымақты судан шығарып алады» деген бейнелі сөз болған екен.
Бұл Қаражігіт бидің Қаздауысты Қазыбек бимен қатар жүргендерін емеурін ететін дерек десек, шатаспайтын шығармыз,-деп келтіреді.
Тағы бір тарихи жазбаларда: Орта жүз қаракесек Қазыбек би, Кіші жүз алшын Қаражігіт би үш жүз бас қосып ақылдасатын бір мәселе болып, бір орынды уағда қыл деп, ел ағасы Төле бидің ауылына келіп түсіпті.
Осы басқосуда көптеген даулы, өзекті мәселелер көтеріліпті. Бірақ төбе билікке талас болады. Ұлы жүз: «Біз боламыз, өйткені жасымыз үлкен ағамыз». Кіші жүз: «Біз боламыз, өйткені қара шаңыраққа кенжелік жолымыз үлкен», – дейді. Сонда манағы аттың күші ортасында деген жігіт отырып:
– Аға төреші болмайды-алдында қаймығары жоқ, іні төреші болмайды-артында қайыры¬лары жоқ. Айбар қылар алдында ағасы бар, қаймығарлық артында інісі бар, екі жағында да қауіпі зор, сол себепті билікті айтатын төбе билік ортаншы ұлға лайық, – дейді. Төле қарт сонда жігіттерден жөн сұрайды. «Аттың күші-басында», – деген Ұлы жүз жігіті, «Аттың күші-артында» — деген Кіші жүз жігіті алшын Қаражігіт, ал «Аттың күші-ортасында» деген Орта жүз қаракесек Қазыбек болып шығады.
Қой асығы демеңдер,
Қолыңа жақса, сақа ғой
Жасы кіші демеңдер,
Ақылы асса, аға ғой, –
деген бұрыңғылардың айтуы бар еді. Уа, жаным Қазыбек, төбе биліктің абыройын саған бердік, айтқан сөздерінің бәрі оң жоба болсын, – деп Төле жанына отырғызып, батасын береді делінеді.
Халықтың Төле биді құрметтегені соншалық, “Төле би дүниеден өтті дегенше, дүниеден әділет өтті десеңдерші”, — деп көздеріне жас алған.
Бүгінде Қаражігіт би Ұлытау облысы Ұлытау ауданы Қотырбұлақ деген жерде Алаша хан жанында жерленген. Ұрпақтары баба рухына тағзым етіп, зияратын көтеріп, ас беріп ұлықтауды жолға қойып келеді.
Қазақ халқы өзінің ата-баба тарихына сүйіспеншілікпен қарауға құқықты.
Себебі, біздің ата-бабаларымыз бір сәт құлдыққа бас сұғып, өзінің отар ел болған болмысына ризашылық білдіріп , отырып қалған емес. Олар арының тазалығын ту қылып, азаттық жолын қалады . Ата-баба салты – тарихымыздың үлесі халқымыздың баға жетпес мұрасы.

Алпысбай Исабаев Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қызметкері