«Заң мен тәртіп»: ШҚО-да жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған кездесу өтті

Республика күні қарсаңында Қазақстан-Американдық еркін университетінде жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, жауапкершілік сезімін күшейту және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында кеңейтілген диалог алаңы өтті. Кездесу құқық қорғау органдарының өкілдері мен студенттер арасындағы ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылды.

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының прокуратура, полиция және экономикалық тергеу саласының мамандары қатысты. Спикерлер қатарында:

Қайырбек Хайдаров – ШҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры;
Сағатбек Малтүгелов – ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры;
Жандос Мұзтауов – ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі болды.

Диалог барысында қоғамдағы заңның үстемдігін қамтамасыз ету, әділеттілік қағидаттарын сақтау, құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» саясатын орнықтыру, сондай-ақ «Заң және тәртіп» топтастырылған нарративін ілгерілету мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз қоғам» жобасыныңбасым бағыттары, құқық қорғау және арнайы органдарға деген қоғамдық сенімін арттыру жолдары түсіндірілді.

Сарапшылар құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, цифрлық қауіпсіздік, интернет-алаяқтықтан қорғану және жастардың құқықтық жауапкершілігі туралы нақты мысалдар келтіре отырып айтты. Әсіресе, қазіргі қоғамда жастардың заңды құрметтеу мәдениетін дамыту, кез келген құқық бұзушылыққа қоғам ретінде қарсы тұрудың маңызы ерекше аталды.

Студенттер кездесуге белсенді қатысып, құқықтық тәртіпті нығайту жөніндегі өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Жастардың айтуынша, мұндай іс-шаралар құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, құқық қорғау органдарымен ашық әрі сенімді диалог орнатуға мүмкіндік береді.

Кездесу достық әрі конструктивті атмосферада өтіп, жастар арасында құқықтық мәдениетті арттырудың, заңға бағыну мен жауапкершілік қағидаттарын нығайтудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Сонымен бірге, келешекте жастармен бірлескен ақпараттық-түсіндіру жобаларын іске асыру жоспары қарастырылды.

Тәттімбек Асханұлы

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің

ШҚО бойынша меншікті тілшісі