Заманның сөзін сөйлеген коғам және мемлекет қайраткері, сыншы, замансөз зергері Сағат Әшімбаев туралы парызбен қарыз сыртолғау

Заманнан заман өтіп, тарихтың дөңгелегі алға жылжыған сайын уақыт зиялы қауым алдына үнемі жаңа міндеттер қояды. Ол міндеттер өмір сүрудің тың қажеттіліктерінен келіп туындайды. Сондықтан да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі жаһандану үрдістерінің адамзаттық кеңістіктегі даму ерекшеліктеріне баға бере отырып, қазақ  ұлтының бүгінгі зиялы қауымы атқаруға тиісті соны міндеттерді саралай келе, ен басты атқарылар істерді айқындап берді. Оны өткеннен сабақ ала отырып, бүгінді байыптау арқылы келешекке жіті көз жүгірте екі-ақ сөзге сыйдырып, «Рухани жаңғыру» деп атады.

Осы рухани жаңғыру қажеттілігі қай кезде де халықтың  алдынан шығып отырған. Ол қажеттілікті елден бұрын сезген, сезінген және сол қажеттіліктерді өтеу үшін саналы түрде бұрын ешкім қолға алмаған істерді атқаруға бел буған ең алдымен зиялы қауым өкілдері болатын. Тым әрідегі тарихқа бармай-ақ, жұрттың бәріне таныс тұлғаларды  және олардың атқарған істерін еске алсақ болғаны, ұлтты рухани жаңғыруға бастайтын ірі-ірі әрекеттерге барып, өз замандастарын уақыт көшіне жетелегенін аңғарамыз.

Мұның бәрін Сағат Әшімбаев секілді санасы сергек, зейіні зерек жас мектеп қабырғасында-ақ оқып  көкейіне тоқып алған еді. Есейе келе ол да қазақ оқығандары секілді өз заманының озық тұлғасы болуға белін бекем буып, бет түзеген. Сол жолда Шоқанның үлгісін,  Абайдың өнегесін, Ыбырайдың ұлағатын өз замандастарына қайта ұсынуды өзінің азаматтық парызы санады да рух майданына күреске шықты.

 

Сағат Әшімбаевтың сыншылығы жөнінде ұстазы Мұхаметжан Қаратаевтан бастап талай -талай ірі тұлғалар тұшымды ойлар айтқан. Заманның сөзін сөйлеп, уақыт тынысын дәл айтқан сөз зергері ретіндегі еңбегін де білетіндер айтудайын айтты, жазды. Сағат Әшімбаевтың шындыққа сүйіспеншілігі, ақиқатқа адалдығы, парасатқа құштарлығы, әділдікке іңкәрлігі айтылды, жазылды. Әлі де айтылады, жазылады.

Әрісі патшалық отарлаудың, берісі кеңестік-коммунистік әміршілдік-әкімшілдік жүйе құрсауының кесірінен қазақтың демократияның не екенін ұмытқан; «жариялылық» дегеннің қай мәдениет екендігін түсінбеген; «қайта құру» дегеннің қандай әрекет екендігін айқындамаған; ғасырлар бойы өзгеден өзін төменшік санап, рухани жаншылып келе жатқан заманында алаштық рухтағы азматтық позициясын биік ұстап, атадан балаға табиғи жолмен жалғасып келе жатса да екінің бірі елей бермейтін«Қарыз» және «Парыз» деген екі ұлы ұғымды ұрпақ санасында қайта жаңғыртқан Сағат Әшімбаев болатын. Шындығында, күнделікті өмірде мән бере бермейтін, бірақ санамызда үнемі дабыл қағып тұратын осы екі ұғым үнемі алдымыздан шығады. Біреуден біреу бір нәрсе кейін қайтаруға алады. Қайтарғанға дейін ол мойнында қарыз болып тұрады. Санасынан кетпейді. Осы қарызды уақытында өтеу — оның азаматтық парызы. Былайша айтқанда, орындамауға болмайтын адамдық міндеті. Оны ұмыту — азаматтық емес, тіпті адамдық та касиет емес. Міне, осы бір-бірімеи сабақтас,  екі ұғымды ұлттық танымға жаңа мазмұнда қайта ұсынған да, Ғабиден Мұстафиннің: «Біз бұған де­йін ұлтшылдықпен күресіп келдік, енді ұлтсыз­дықпен күресуге мәжбүр болып отырмыз» – деген сөзін іс жүзінде жүзеге асыра бастаған да Сағат Әшімбаев еді.
Кеңестік әкімшілдік-әміршілдік жүйенің санамызға батпандан кіріп, бойымызды билеп алғаны соншалық, ұлтқа катысты тосын ақпарат айтылса, тіпті, «ұлт», «қазақ» деген сөздерді естісек, елең ете сала жүрегіміз зырқ ете қалатын. «Мұны кім айтты? деп анықтап жатпай, «мынау енді қайтеді, саясаттың құрбаны болып кетпей ме?» деп алаң көңілде болатынбыз.Басым көбіміз ұлт туралы сөйлеуге, ойды ашық, батыл айтуға бара бермейтінбіз. Өйткені, біздің санамызда әрісі патшалық, берісі коммунистік отарлаушы саясат енгізген ұлыорыстық шовинвизмнің үстемдігінен туындаған жалтақтық, жасқаншақтық бар еді. Жүйкеміздегі осы қорқыныш пен үрейді серпіп тастап, «біз кімнен кембіз?» деген сұраққа жаппай жауап іздеткен Сағат Әшімбаевтың «Парыз бен Қарыз» бағдарламасы ұлттық санаға ұран тастаған дауылпаз болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Әр көрсетілімді көрермен асыға күтті. Өйткені, олар ұлттық рухты оятар дабыл естігісі келген еді. Сол дабылдың үнін осы бағдарламадан тыңдады. Осы Бағдарлама арқылы әр қазақ шым-шымдап рухани жаңғыру сәулесін көре бастады. Қанындағы ұлттық код талшықтарын тапты. Әр отбасындағы көзі ашық, көкірегі ояудың бәрі осы бағдарламаны қарады. Бағдарламада жеке адам тағдырынан бастап,бүкіл адамзаттық құндылықтарға дейін сөз болатын. Ұлттық мұралар           мен жәдігерлердің аласапыран замандағы алмағайып тағдырына, соңғы күйіне алаңдаушылық танытқан; ұлттық сананың жаһандық үдерістер барысында елеусіз қалған тұстарын аңғартуға, аршылмай жатқан ақтаңдақтардың орнын толтыруға, рухани мәдениеттің аршылмай жатқан бүршіктеріне, көміліп бара жатқан асылдарына, тіпті тамырына балта шабылған өскіндеріне назар аудартуға мұрындық болған бірден — бір биік парасатты әрі батыл бағдарлама осы «Парыз бен Қарыз» еді.

Еркін ойдың қозғаушысы

Біздің факультетте Сағат Әшімбаев атындағы дәрісхана бар. Онда Сағат ағаның балалық шағынан бастап, мемлекет  және қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген өмірінің әр кезеңімен, сонымен қатар шығармашылық еңбектерімен таныстыратын танымдық  һәм тағылымдық қабырғаттар ілінген. Мұнда интерактивті тақта арқылы Сағат аға эфирге шығарған телебағдарламалар да студенттерге көрсетіледі. Солардың ішінен  1990 жылы жарыққа шыққан бір көрсетілімді әдейі қарадым. Сонда Сағат аға Әшімбаев кіріспесінде: «біз бұл бағдарламамызды 1988 жылы бастадық, 1989 жылы жалғастырдық. Биыл көпшіліктің сұрауы, бұқараның қолдауы бойынша одан әрі жалғастырмақпыз»,- дей келе тақырып рухани мәдениет туралы болатындығын айтты да сол көрсетілімге келген қонақтармен таныстырды.

Сонда студияда Тілеміс Мұстафин, Қойшығара Салғараұлы, Ғарифолла Есім, Қалтай Мұхаметжанұлы, Рәтбек Нысанбаев. Жабайхан Әбділдин, Шерияздан Елеукеновтер және басқалар. Сағат Әшімбаев әр ойын әдемі астармен жұрттың бәріне түсінікті тілмен жеткізіп отырды. Ол мынадай ой айтты:  -«Біздің қоғамымыздағы экономикалық, саяси-әлеуметтік, экологиялық, адамгершілік-азаматық дағдарыстардың(!) бәрін де рухани мәдениеттің төмендігімен(!), рухани мәдениеттің жұтаңдығымен байланыстырып жүрміз. Сондықтан, сөз кезегі өздеріңізде. Осы төңіректе еркін ойларыңызды ашық ортаға салыңыздар» — деп қазақ руханиятының қаймақтарының аузына сөз салып бергендей болды. Аңдасаңыз, Сағат Әшімбаев осы бағдарламада дәл бүгін де өзекті болып отырған рухани жаңғырудың алғы шарттарын айтып кеткен сияқты. Рухани жаңғыру үшін әуелі рухани мәдениетімізді түгендеп, оның деңгейін көтеруіміз керек екен.

Жаңа, тосын, тың нәрсе қашанда көргеннің көз алдында, естігеннің есінде қалады. Кеңестік-коммунистік идеология шарықтап тұрған заманда ұлт туралы айтылған еркін ойлар тосын, жаңа болып естілген, сондықтан да сол кездегі көрерменнің көбінің бүгінгі күнге дейін есінде сақталып қалды деп ойлаймын. Студияда сөз алған Тілеміс Мұстафин «рухан мәдениет бір адамның екінші адамға деген ынтызарлығынан басталады» дегенді айтты. Қойшығара Салғараұлы «адамзаттың қолымен жасалған құндылықтың бәрі — рухани қазынамыз. Соны игеру ұлттық негізде қалыптасу керек, тарихын білмеген адамда ұлттық намыс болмайды» деген ой айтты. Ғарифолла Есім «тәлім — тәрбиесіз рухани мәдениет болмайды. Біз бүгінгі таңда үлкен нәрсені жоғалтып алдық. Ол — әдет-ғұрыптар, салт — саналар» — деген пікірін ортаға салды. Қалтай Мұхаметжанұлы «барлық дін тек жақсылыққа үндейді, қазақ көшпелі өміріне сай тек керектісін ғана алған, сол негінде тұрмыстық дін пайда болған» деген ойын жеткізген. Тағы бір сөзінде «қазіргі шығып жатқан қазақ тарихы туралы кітаптардың мазмұнында іліп алатын түк жоқ, фактілер бұрмаланған» дегенді де батыл айтты. Ол шындық еді. Шындығында кенес кезінде шыққан қазақ тарихына қатысты оқулықтардың да, басқа кітаптардың да шынайылығы шамалы еді ғой. Ратбек Нысанбаев «қазақтар Отанын да, отбасын да шариғат үкімімен емес, әдет-ғұрыппен басқарған. Баланы жас кезінен жақсылыққа тәрбиелеген. Сол себепті де олар өздерінің қарақан басының қамы үшін емес, халық қамы үшін кызмет еткен» деген тұжырымын білдірген еді.

Тыңдап отырып, «ұлт», «қазақ» деген атауларды айтқызбауға дейін барған кеңестік цензураның  қуатты кезінде қазақ деген ұлт бар екенін, оның өзіне ғана тәні рухани мәдениеті, діні, ділі, тілі бар екенін,    қазақ деген халықтың жер бетіндегі бір де бір халықтан кем еместігін ашық   айтуы да бағдарламаның батылдығы еді. Бағдарлама айташысы Сағат Әшімбаев ағаның ерлігі болатын.

Сағат Әшімбаев дәл осы көрсетілімде көзілдірігін бір көтеріп қойып, отырғандарға маңызды да салмақты көзбен бір қарап алып: «Сіздердің әңгімелеріңіз өте дұрыс, енді рухани бишаралық туралы айтсақ»- деп әңгіменің ауанын сол кездегі рухани болмысымызға қарай бұрған болатын. Байқап отырсақ, осы айтылғандар бүгін де ой салады. Осындай өміршең пікірлерді бұқараның санасына сіңіру арқылы ұлттық рухты оятудың кілтін тапқан Сағат Әшімбаевтың замана болмысын дәл аңғарған көрегендігіне тәнті боласың.

Тағы бір ой   айта кеткен жөн. Кезінде Ахаң (Байтұрсынов) әлеуметке қарата айтылған, қоғамдық сананы қозғайтын сөз «жазбаша болса шешенсөз, ауызша болса, көсемсөз болады» деп, заманның сөзін жеткізген сөз  зергерлері қара бастың емес, халықтың қамына сөйлейтінін айтып еді. Яғни замансөз иесі өзіне дейінгіні қозғай отырып, бүгінгінің мәселесін көтереді, келешектің кілтін көрсетеді. Осы шындықты  ақтара келгенде біздің бұған дейінгі ұғымымыздағы «публицист» бүгінгі күннің ғана мәселесін  қозғайды. Ал заманның сөзін айту үшін оған тарихты терең біліп қона қоймай, қазіргінің болмысына баға бере алатын, болашақтың да  бағытын аңғаратын көреген көсем және оны бұқараға айта алатын шешен де болуға керек.  Сағат Әшімбаев -жаңағы «публицист» деген анықтаманың аясынан асып замансөз зергері деңгейіне көтерілген тұлға. Ол көре де  білді, жаза да білді және айта да білді.

Сағат Әшімбаев жүргізген әр хабар бұқараның көңілінен шығатын. Өйткені, тақырыптары тартымды еді. «Жүректен козғайық» деген атаудың ар жағын сабақтасаң, «әдептен озбайық» деген тіркес өзінен өзі шыға келеді. Тек тақырыпқа ғана емес сол тақырып бойынша жүргізілетін бағдарламаның ішкі мазмұнын үнемі ұлттық рухты оятуға бағыттағанын уақыт өте келе тарихтың өзі дәлелдеп отыр.

Қарағай, шырушылар тамырымен біте қайнасқан

Сағат ағаның болмысын ашатын мына бір сәт үнемі есмінен кетпейді. Бұл сәтті бұрын да жазғанмын. Әр кітаптың өз оқырманы болатындықтан, бұл жолы да қайталасам, оқырманға азамат тұлғасын одан сайын тануға септігін тигізер әрі Сағат ағаның аурағының алдындағы парызым болар.Бұл – менің Сағат Әшімбаев деген әйгілі азаматпен алғаш танысқан сәтім.

1986 жыл. қаңтардың 10-ы.

Төбем көкке бір елі жетпей, бөркімді аспанға ата шаттандым. Қуанышымды бөлісер, сүйінші сұрап, сүйсіндірсем деген дос-жаран, таныс-тамыр жоқ емес. Бірақ, ойыма өзгеден бұрын атын, атақ-абыройын, шығармашылығын сырттан танып, біліп жүрген, әйтсе де бетпе-бет жүздесіп көрмеген Сағат Әшімбаев оралды.

Қабылханасының есігін аштым. Кабинетінде телефонмен саңқылдап сөйлесіп жатыр екен. Хатшы қыз «күте тұрыңыз, сөйлесіп болсын»,- деді.

Құлақ түріп отырмын. Әлдекім әдебиет мәселелері жайында қызына айтып жатыр, айтып жатыр. Ұзақ сөйлесті. Телефон тұтқасын қойғанда қыз иегін көтере ымдады. Есікті қағып, табалдырықтан батылдау аттап.

— Ассалаумағалейкум! — деп кіріп бардым. Төрде отырған көзілдірікті толықша келген Сағат аға:

  • Уаликумсалам!— деп қолын созды. Жүзі өте жылы екен. Ойлы нұрлы жанарымен қадала қарады. Әлпетімнен әлдене іздеп отырған секілді.
  • Менің атым — Сағатбек, — дедім.
  • А?! Онда менің атым — Сағатхан, — деп жымиды да:

— Екеуміз уақыттың ханы мен бегі бола білейік. Құлы болмайық, — деп орын ұсынды.

Осы кезде телефон шыр ете қалды. Көтере сала аңқылдап сөйлей жөнелсін. Байқаймын, әңгіме ақын Кеңшілік Мырзабек туралы. Ойы анық, тілі шешен, пікірі, көзқарасы орнықты да салмақты. Кеңшіліктің ақындығын арашалап жатыр, қорғап жатыр, мақтап жатыр. Аузымды ашып аңырып отырмын. Оқымаған кітабы жоқ, сірә. Берісі қазақ, арысы Батыс, Шығыс классиктерінің ойларын тіліне тиек ете сөйлейді. Соның бәрін «жадында қалай сақтап қалған» деп таңмын.

Әңгіме бітті. Телефон тұтқасын орнына қойып, назарын маған аударды. Ұшқын атқан қарашығымен іші-бауырыма кіріп барады.

  • Бұрын, бір ауылда жақсылық болса, екінші ауылға сүйіншілеп бөркін аспанға ата шапқылайды екен… — дей беріп едім:
  • Иә, ол қандай жақсылық?— деп елең ете қалды.
  • Бүгін таңертең ұлды болдым…

Сағат аға орнынан елпеңдей тұрып қолын созды.

  • Бауы берік болсын, айналайын. Ұлдың ұлылығы — әкеден, қыздың қылығы — шешеден. Әкелік парызың бүгіннен басталады. Ұлың бүгін — сенікі, ертең елдікі екені есіңде болсын…

Кенет телефон тағы да шар ете қалсын. Аға трубкасын көтере жарқын, жарқылдай амандасып еді, көп ұзамай өңі бұзылып, қабағы шымырлап біртүрлі ыңғайсыз күй кешті. Әлдебір суық хабар айтылды білем. Әлден уақытта телефон тұтқасын тастай бере, маған қарады да:

  • Жұмыр жердің бетінде жұмылмайтын көз жоқ. Тірісінде келешек үшін азаматтық ар мен тіршілік етпегеннің артында із жоқ… — деп орнынан тұрды…

Шақыру түймесін басып еді, хатшы қыз кірді.

  • Шопырды шақыршы…

Өңі татар, башқұртқа ұқсайтын ұзын бойлы жігіт кірді.

— Келін қашан шығады? – деді маған бұрылып.

  • Бейсенбі күні.
  • Бейсенбі күні таңертең мені жұмысқа әкелуді, кешкісін үйге жеткізуді ұмытпа. Қалған уақыттың бәрінде мына азаматқа қызмет көрсетесің. Келіншегі ұл тауыпты. Өзгенікіне қуана алмасаң, өзіңдікіне қуанта алмайсың, — деді шопырына. Шопыр «мақұл» деп сыртқа беттеді.

Осы кезде телефон тағы да шар ете қалды. Тағы да бағанағы көрініс. Бұл жолғы әңгіме Әнуар Әлімжанов туралы. Оның қазақ, орыс-әлем әдебиетіндегі орны, «Простор» журналына шыққан шығармасы жайында ақтарыла сөйлеп жатыр. Мен өмірі оқымаған, естімеген арғы-бергі ақын- жазушы, сыншылардың есімдері, еңбектері айтылып жатыр.

— Тілін білмеген түбін білмейді, ондай адам күлдірем деп, күйдіреді, сүйіндірем деп, күйіндіреді, білдірем деп, бүлдіреді, қуантам деп, қуратады, келтірем деп, кетіреді, емірентем деп, егілтеді, жұбатам деп, жылатады. Иә, иә. Оны айтқан Ғабең. Жазған, жариялаған – мен… Бұл Әнуарға қатысты айтылмаған!..

 

Телефон тұтқасын орнына қойған соң тағы да маған ерекше ойлана қарап сәл үнсіз қалды да:

  • Мектептегі ұстазың кім? – деп тосын сұрақ қойды.

Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген, алғашқы өлеңімді талдап, ой бөлісіп, әдебиет әлеміне жетелеп әкеліп енгізіп жіберген, бүгінде  Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері, ол кезде Бүкілодақтық мұғалімдер съезінің делегаты – әлі күнге араласып, ақылдасып тұратын сүйікті ұстазым Тұрсынхан Шәлдибекова апайды атап, ол кісі туралы біраз көкейдегі жүрекжарды сөздерімді айттым.

Ұзақ сөйлеп кеттім бе, деп өзімді өзім тоқтатқанда:

  • Жақсы екен. Әкең құдай берсе, көп болса, жүз жылдық өмір сыйлайды, ал ұстаз мәңгілік ғұмыр сыйлайды. Ұстаздың еңбегін ақтау – ананың ақ сүтін ақтағанмен бірдей, — деді. Осыдан кейін тағы да зейін сала қадала қарап отырып:

— Қайда жұмыс істейсің?- деді көзілдірігін көтеріп қойып.

— Бұрын «Өнер» баспасында редактор болдым. Қазір аспирантурадамын. Әдебиет және өнер институтында. Театр бөлімінде.

— Ол жаққа өздігіңмен бардың ба?— деп сынай қарады.

— Ол жаққа Зейнолла Серікқалиев, Кәдірбек Уәлиев, Бағыбек Құндақбаев, Досан Жанботаев деген ағалардың ақылы бойынша бардым.

Сағат аға риза көңілмен жымиды.

  • Ол ағаларыңдікі азаматтық болған екен. Ғабең — Ғабит Мүсірепов ағамыз: — «Адам баласы ананың құшағында, қоғамның шылауында өседі. Аға буынның жауаптылығы да осында… Жастарды ерте қартайтпауымыз керек»,— деп еді. Қазір нешедесің?

— Жиырма сегіздемін..

  • Отызға дейін ғылымда айтатын өз ойың, жаңалығың болмаса, еңбегің еш болады. Ұлы ғалымдардың көбі жаңалықтарын отызға дейін-ақ ашқан.

Мэссбауэр деген неміс ғалымын қазір дүниежүзі мойындайды. Ол «Мэссбауэр эффектісі» деген жаңалығын 19 жасында-ақ ашып, әлемге атын сол кезде-ақ әйгілеген…

Менің бетім дуылдап кетті. Ұялғанымды жасыра алмай отырмын.

— Ренжімесең бір сұрақ қояйын. Көңіліне келмесін. Өз басыма оншалықты қажеті де шамалы. Дегенмен, білгеннің, жөн сұрасқанның айып-шамы жоқ қой….

Маған барлай қарап алды да:

— Ауылың қай жақтан? Мұны бөлу үшін емес, білу үшін сұрап отырмын, айналайын..

— Қарқарадан..

— Білем… Жәрмеңке болған. 1916 жылы көтеріліс сол жерде өткен. Мұхаң «Қилы заманын» арнаған. Таулы жер. Шөлкөдемен жалғасып жатқан жайлау. «Тау баласы тауға қарап өседі» дел Тұмағаң тегін айтпаған… Мен де таулы жердің перзентімін. Қызық. Бұған дейін бір-бірімізді білмей келдік, ә…

— Неге? Мен сізді біліп келдім.

— Рахмет. «Таныспаппыз» дегенім ғой. Әсте таудың ауасы салқын, адамдары да салқын, бірақ таудың ауасы таза, адамдары да таза. Тау бөктерінде қарағай, шырша өседі. Байқадың ба, солар қанша жел тұрса да бір-біріне басын имейді. Өйткені, олар тамырлары арқылы бірін-бірі демеп, сүйеп мығым тұрады. Тау сондай ағаштарымен сұлу.

Сағат аға ойланып қалды… Арада үнсіздік пайда болды.

Мен рахметімді айтып көтерілгенімде ол кісі де орынан тұрып есікке дейін шығарып салды.

Сол алғашқы кездесу менің жан дүниеме де, санама  да ерекше әсер етті. Атым Сағат болған соң сол атқа кір келтіріп алмайын деп ар-намысыма тырысып келемін.

 

Сағатбек Медеубекұлы, ф.ғ.к. 

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы