Ырым-тыйымдар жайлы не білеміз?

Ғасырлар бойы ұлттық болмысымызбен бірге жасасып келе жатқан ырым-тыйымдарымыз жайында бүгінгі ұрпақ не біледі? Бала тәрбиесінде үлкен маңызға ие салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың салмағын қаншалықты сезіне аламыз?
Қазақы тәрбиеміздің бастауы «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген тыйым сөздерден тұрған. «Әкесі тірі бала баc ұстамайды» деген ұлттық ұстаным нені білдіреді? Бұл әке мен баланың арасындағы сыйластық пен ізеттілікке бастайтын құрметті ұғым. Астың басы болып саналатын қой басы бірінші үй егесінің еншісінде. Алдымен отағасы ауыз тиіп, сосын бастың құлақ, көз, таңдай секілді тағы да басқа мүшелерін жөн-жоралғы бойынша дастарқан басындағыларға үлестірген.
«Нанның қиқымын жесең бай боласың» деген де ұғым бар. Ас атасы нан екенін бабаларымыз ерте дәуірде-ақ айтып кеткен. Нанды қастерлеу, қадірлеу, оның қиқымын шашпай, ысырап етпей азық қылу берекеміздің белгісі. Байзақ ауданындағы Аймантөбе ауылы мешітінің имамы Кенжехан Рахманов «нанды шашпа, нанды баспа» деген тыйымдарға қатысты ысырапшылдық, асқа құрмет көрсетпеудің ислам дініне де қайшы екенін айтады.
– Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) нанды құрметтеуге қатысты хадисі бар. Құранда: «Ішіңдер, жеңдер, ысырап қылмаңдар, Алла Тағала ысырапшылдарды жақсы көрмейді», деген. Бұл жердегі «нанды баспа, шашпа» дегеннің астарында да ысырап қылмау, нанды құрметтеу жатыр. Бұл шариғатта бар нәрсе. Сол себепті халқымыз осы сөзді мақалға айналдырған, – дейді Кенжехан Өксікбайұлы.
Сол секілді «қызды қырық үйден тыюдың» да ұрпаққа берері мол. Өйткені бұл ырым да ұлттық тәрбиеміздің басты бір бөлігі. Халқымыз ұлдан гөрі қыз тәліміне көңілді көп бөлген. Жат жұрттық қонағының жүріс-тұрысы мен әрбір қадамына баса назар салып, сырт көзден қызғыштай қорғаған. Оның абыройы алтыннан қымбат, арында бір қауым елдің намысы жатыр. 40 үйді қыдыртуға тыйым салып, тек туыстарына баруға рұқсат еткен.
Халқымызда жаңа тyған ботасы бар үйге қызыл жалау байлап қоятын үрдіс болған. Мұны көргендер aтпeн, көлікпен қатты жүpіп келмейді. Бота шошып өліп қалады деп ойлаған. Бұл ырым, біріншіден, адам арасындағы қарым-қатынастың әдептілігін реттесе, екіншіден, түйе төлінің алғаш туғанда расында да өте нәзік болатындығына дәлел келтіреді. «Мақтап жүреді екенсіз» деп, астың үстінен түскен адамға үй иесі ризашылық білдірген. Мұны қазақ келген қонақтың қысылмай дәм татуына себепші етіп айтқан.
Пышақтың жүзі шалқасынaн жатса, сол үйдің малы пышаққа ілінеді делінген. Бұл үй қолданысындағы қауіпті құрал-саймандардың балаларға зияны тимесін, ол заттарды әркім тиімді пайдалансын деген ойда айтылған сөз. Баланың мойны тез және түзу бекісін деп оның шілдеханасына сойған қойдың мойын oмыртқасын тұтасымен асып, тесігінен шыбық өткізіп, жоғарыға іліп қойған. Дүние есігін енді ашқан нәрестенің аман-есен тез жетілуіне шын тілеулес ата-ананың адал ниетінің белгісі шығар. Қалжа жеп терлеген анасына қойдың мойын еті көп күш береді.
«40 күнге дейін жаңа босанған әйел қолын суық суға салса баласы тасбауыр болады» дейді халық. Бұл жерде әйел адам суықтан сақтансын, күтінсін деген мағынада айтылған. «Кірдің суы төгілген жерді баспа» деген тыйымда кірдің суы төгілетін, күл тасталатын орынды жын-шайтандар мекендейді деп есептеледі. Сондықтан ондай жерде жүргенде абай болу керек.
Жалпы қазақта ырым-тыйымнан көп нәрсе жоқ. Оған біреу сенер, біреу сенбес. Алайда әр ырымның шығу төркініне мән беру керек. Ал сену-сенбеуді әркімнің өз түйсігі саралайды.
Осы орайда біз «Анаға тағзым» орталығының руханият және өнер бөлімінің меңгерушісі Жанат Дүйсенбайқызымен тілдесіп, пікірін білдік. Ол ырым-тыйымнан бөлек, халқымыз ертеректе табиғаттың қас-қабағына, жан-жануардың, тіпті баланың іс-әрекетіне қарап болжам жасағанын да сөз етті
– Сәби анасын ұстап отырып емсе –
сараң болады, еркін отырып емсе –
мырза, жомарт болады. Баланың желкесі терең шұқыр болса – қырсық болады. Сәби шалқасынан жатып ұйықтаса – елге белгілі азамат болып өседі. Бүк түсіп жатса – уайымшыл, жігерсіз болады. Етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл, аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса – батыр, кемеңгер болады. Кішкентай бала табаққа аяғын салса – тоқшылық белгісі. Қазақ баланың жолдасын тастамай, екі асық қосып, киіз үйдің табалдырығының астына көмеді. Бұл асық ойнайтын бала жалғассын деген тілектен туған ырым. Бала тоқтамаған жағдайда баланың жолдасын киізге орап, молдаларға оқытып, күлдіреуішке (шаңырақ ортасына) бала жеті жасқа келгенше іліп қоятын болған. Жеткіншек жетіге толған соң «садақасын» беріп, баланың жолдасы салынған киізді ұлы жолдың бойына апарып көміп, ырым жасайды. Баланы қырқынан шығарып, иткөйлегін ауыстырғанда оны құрсақ көтере алмай жүрген әйелдер арнайы сұрап алатын ырым бар. Иткөйлекті шешесі бүтіндей бере салмай, сұраған адамға шетінен жыртып береді.
Баланың тісі түскенде оны кесек ет, май немесе бауырсаққа қосып, тісі иттің тісіндей өткір, мықты болсын деп итке асатады. Сонымен қатар көктей болып өссін деп түскен тісті жеміс ағашының түбіне көмеді, таудай болсын деп тауға қарата лақтырады. Бала тісі періште бұйымы ретінде есіктен кіретін түрлі бәле-жала, қаскөй күштерден қағып тұрады делініп, есік жақтауы арасына да қыстырылады.
Бала еңбектей бастағанда бауырын жерден тез көтерсін деп бауырынан табақ өткізетін ырым бар. Тәй-тәй басып, апыл-тапыл қадам жасай бастағанда жүйрік болсын деп бұтының арасынан сирақ асып өткізетін ырым да бар. Бала босағадан кіріп келе жатып сүрініп кетсе, «олжа келді, олжа келді, олжасын көтере алмай келе жатыр, төрге аунат, олжа төрге жұқсын» деп ырымдап, үлкендер баланы төрге апарып ауна­та­ды. Бұл ырымның маңыздылығы – баланы періштеге санайтын дәстүрлі таным бойынша «үйге баламен бірге құт кірді» деген наным қалыптасқан. Сол үшін құтты төрге, яғни үйге орнықтыру мақсаты көзделген. Қандай да бір істің орындалар-орындалмасын білу үшін балаға «аяғыңды көтерші» деп сұрайды. Бала айтқан бойда өзінше гуілдеп, күліп, оң аяғын көтере қалса, өтінуші «тілегім орындалатын болды» деп қуанған. «Ісім оңынан, асығым алшысынан түсетін болды» деп ырымдаған.
Жас балaға бұғана ұстатпайды, онда бойы өспей қалады деп ырымдайды. Батырдың, ақынның, шебердің, балуанның сapқытын жегізсе немесе олар cәбидің аузынa түкірсе, аталған игі жақсылардың қасиеті мен өнері балағa қонады деген ырым баp. Біреу әңгіме айтып отырғанда cәби түшкіpіп қaлсa, шын aйтқаны деп ырымдайды. «Аты cүріншек болaды» деп балаға төcтің сүріншегін жегізбейді. Егер бір үйде қыз туа берсе, келeсі баланы ұл болсын деп ырымдап, оған ұлдың aтын қoяды.
Жиенді ұpса қолы қaлтырaйды деген де ырым бaр. Үйдің өз сәбиі үйгe «Ассалаумағалейкүм» деп кірсе, ол үйге көп кешікпей қонақ келеді деген. Міне, халқымыздың әрнәрсені осындай жақсылыққа жорып, болжамы айна-қатесіз келіп отырған, – дейді Ж.Дүкенбайқызы.
Ұлттық тәрбиемізбен біте қайнасқан ырым-тыйымдарымызды сақтаудың сөкеттігі жоқ. Адамға, ұрпақ болашағына, қоғамға, қоршаған ортаға пайдасы тиетін ырым-тыйым мен наным-сенім халқымыз барда өшпейді, жоғалмайды.

Нұржан ӘЛІШ