ЫҚЫЛАС ДҮКЕНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ САЗ МЕКТЕБІНЕ 50 ЖЫЛ

 

«Байқадамға барып келдім.Аудан орталығындағы Ықылас атындағы музыка мектебіне барып, Сәулешімді домбыра үйренуге жаздырып келдім»-деді. Менің жүрегім аузыма тығылып, көңілім астан-кестең болып кетті. Домбыраға деген әуестігімді сезген әкем осындай шешім қабылдап, мені музыка мектебіне бермекші. Домбыра үйрететін мектеп барынан бейхабар мен үшін бұл күтпеген қуаныш болды. Мен ол кезде 5-ші сыныпқа көшкенмін, небәрі 12 жаста едім.

Менің аудан орталығын- дағы музыка мектебіне баратынымды білген ауылдың 4-5 қызы да жазылып, бірге барып, домбыра үйреніп жүрдік. Оның ішінде менен екі жас үлкен әпкем Базар да бар еді. Бірақ, олар бірте-бірте музыка мектебіне баруды сиретіп, аяғында баруды мүлдем қойып кетті.

Ал, менің есіл-дертім, қыстың боранына, жаздың ыстығына қарамай, Байқадамға барып, домбыра үйрену еді. Аптасына екі рет автобуспен қатынап, кейде автобус келмей қалса да, жолшыбай кездескен көлікке мініп, ауданға тартып отыратынмын. Қайтарда кейде автобустан қалып кетіп, Жаңатастың бұрылысындағы Жайылмаға баратын МАИ постына дейін жаяу келетінмін. Қатты жүретінім сондай, мені көрген кісілер «Қоян қашып барады» деп күлетін.

Менің бағыма қарай, дәл сол жылы Анюша апайым біздің ауылға келін боп келген екен. Қазақтың ұлы әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтің төл шәкірті, Ақтөбенің ару қызын ауылымызға келін етіп алып келген Серікбек Сатқынов ағай да сол жылы қазақтың ардагер әншісі Жүсіпбек Елебековтің класын бітіріпті. Менің болашағым осы кісілердің қолында болды.

Ықылас Дүкенұлы атындағы саз мектебінің ол кездегі директоры, өнер десе ішкен асын жерге қоятын Сәбит ағай еді. Бізді өз баласындай көріп, әрбір ісімізге балаша қуанып жүретін. Сол кездегі ұстаздарымыз кілең сайдың тасындай ұлағатты жандар болды: Асылханов Жайлау, Күздеубаева Әлия мен  Берік ағай, Орақбай ағай мен Әнсия апай, Қозыкен ағай, т.б. Бұл кісілердің алдында өнер көрсету оңай болмайтын.

Мен музыка мектебінде оқыған кезде домбырамен ән айту емес, тек домбыра класы болатын. Бағдарламаға сәйкес Анюша апай маған күй үйрететін. Ал, әнді арасында ғана домбырада ойнап үйрететін еді. Шынымды айтсам, мен нотаға қарап күй тартқаннан гөрі, әнді бір айтқанда құлақпен қағып ала қоятынмын. «Еркем-ай», «Ақбұлақ» сияқты әндерді мектепке келгенше айтып келгендіктен бе, апайым маған бірден Халық термелері мен Ғарифолла Құрманғалиевтің «Әнші дауысы» сияқты күрделі әндерін үйретті.

Бір жылдан кейін 1979 жылы Ықылас атындағы саз мектебінің филиалы біздің ауылдың орталығы Жайылмада ашылып, мен сол жерге ауыстым. Маятас пен Жайылманың арасы үш шақырым жер, мен Жайылмаға велосипедпен баратын едім.

1983 жылы Ықылас Дүкенұлы атындағы саз мектебінің Жайылмадағы филиалының №1-ші куәлігін алып, ұстаздарымның жолдамасымен Алматыға жол тарттым. Сол жылы Республикалық эстрада-цирк өнері студиясына ҚазССР-інің халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің класына қабылданып, кәсіби өнер жолындағы ізденісім басталды. Мектептегі ұстазым Анюша апайымның арқасында ұстазымның ұстазы Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті атандым. Мен ол кісінің ең кенже және соңғы шәкірті болдым. Бүгінде қандай да бір жетістікке жетсем, ең бірінші әкемнің, содан кейін ұстаздарымның арқасы.

Мен ұстаздардан жолым болған жанмын. Жоғарыда аттары аталған өнер саласындағы ұстаздарыммен бірге жоғары оқу орындарындағы ұстаздарым да ұлағатты жандар болды. Қандай қызметте, өнердің бұралаң жолында жүрсем де ұстаздарымның еңбегін еш ұмытқан емеспін. Себебі, ұстаз өмірдегі бағдаршам іспеттес, алдыңдағы шамшырағың. Бүгінде өзім де ұстазбын.

1992 жылы Ықылас атындағы саз мектебінің құрылғанына 20 жыл толуына орай шақырту келді. Мен ол кезде Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда оқытушылық қызметте едім. Консерваторияның арнайы шақыртуымен келіп орналасқаныма бір жыл ғана болған. 20 жылдыққа консерваторияның халық музыкасы факультетінің деканы Меруерт Каленбаева мен домбырашы-ұстаз Орынбай Дүйсеновті де шақырған екен.

Ол кісілерді Байқадамдағы қонақ үйге орналастырғаннан кейін, қонақтармен амандасуға сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы Күләш Әбдікешова келді. Күләш тәте мен ауылда болған 1986-1991 жылдар аралығында әрдайым қасынан тастамай, малшылар мен егіншілерді аралатып алып жүретін. Консерватория деканы, профессор Меруерт Каленбаева кезінде Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің концертмейстері болған, кәсіби қобызшы, білімдар адам еді. Күләш Әмедияқызын бірден ұнатып, «Мына кісі не деген көргенді, көрікті еді» деп риза болды. Содан көшеге шығып, орталықтағы жаңадан ашылған кинотеатрға қарай жүрдік. Мен ауылдан кеткеніме бір жыл ғана болған еді. Жол бойы үлкендер бетімнен сүйіп, өзімнің қатар-құрбыларым құшақтарына қысып, жүргізбей қойды. Қасымдағы консерваториядан бірге келген кісілер мені күтіп тұрып қалып, мен кешірім сұрап, кинотеатрға әзер жеттік. Сонда профессор М.Каленбаева «Слушай, Жанпеисова, сен мына ауылдың 1-ші хатшысы сияқтысың ғой» деп таң қалды. Кейін консерваторияға келген соң, ректорымыз Дүйсен Касейіновке «мына қыздың ауылында абыройы зор екен» деп, мен туралы жақсы пікір білдіріпті. Ауылдан келген «жаман» қара қыздың сөйтіп, консерваторияда абыройы артты. Меруерт Кабыкенқызы «Мен Құрманғазы оркестрінде жүргенде, Бағлановамен де, Төлегеновамен де еріп, ауылдарына бардым. Бірақ, Сәуледей еліне қадірлі әнші көрмедім» деп, көпке дейін айтып жүрді. Сөйтіп, елімнің арқасында үлкен өнер ордасында менің абыройым асып еді.  Содан бері отыз жыл сырғып өтіп кетіпті.

Биыл сол алтын ұямыз Ықылас Дүкенұлы атындағы саз мектебіне 50 жыл толып жатыр екен. Жарты ғасырдың ішінде қаншама жас өнермен сусындап, жанына өнердің дәнін екті. Мен сияқты өнер жолына түскен Дулыға, Саян, Өмірғали сияқты дарын иелері де, басқа саланы таңдаған талай таланттар осы мектептен түлеп ұшты. Ең бастысы, көпшілігі өнер жолын қумаса да, өнер олардың жүрегінде, санасында қалатыны сөзсіз. Жас ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп, ұлттық өнеріміздің өрістеуіне үлес қосып келе жатқан саз мектебінің ұжымына берекелі ынтымақ, шығармашылық табыстар тілеймін. Сарысу топырағы талантқа бай. «Бұлақ көрсең көзін аш» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Сарысудың атын әлемге танытатын дарынды жастар әлі де өсіп шығатынына сенім білдіремін.

Бір ғана «әттең-ай» немесе менің орындалмай келе жатқан арманым бар. «50 жылда ел жаңа» демекші, әлі күнге дейін аталмыш мектепте де, аудан орталығы Жаңатас қаласындағы саз мектебінде де домбырамен ән айту класының жоқтығы көңілге қаяу түсіреді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Байқадамдағы бір жиында осы мәселені айтқан едім. Одан бері аудан басшылары неше  рет ауысты. Соңғы рет қазіргі аудан әкіміне арнайы барып, ауданымызда домбырамен ән айту класы ашылса деген өтінішімді жеткізген едім. Аудан әкімі орынбасарларына тапсырма беріп, көп ұзатпай дәстүрлі ән класын ашамыз деген болатын. Алайда, менің бұл өтінішім әлі күнге аяқсыз қалып келеді.

50 жылдық мерекесінде Саудакент ауылдық саз мектебіне Ықылас Дүкенұлы аты қайта беріліп жатқан тұста, домбырамен ән айту класы ашылып жатса нұр үстіне нұр емес пе?! Домбырамен ән-жыр өнерінде халқымыздың тағдыр талайы, тарихы мен ұлттық рухы бар. Кеңес дәуірі тұсында Республика бойынша біз оқып шыққан екі жылдық студиядан басқа жерде дәстүрлі ән өнері оқытылмайтын. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның өзінде халық әні кафедрасы 1988 жылы ашылып, оқуды армандап ауылда жүрген мені оқытушылық қызметке шақырғанда қатты таң қалған едім. Міне, 35 жылдың ішінде барлық жоғары оқу орындарында, музыка мектептері мен колледждерде дәстүрлі ән кластары ашылып, қанатын кеңге жайып отыр.

Жақында ғана Атырауда менің шәкіртім Паһаман Құттымұратовтың атында дәстүрлі әншілер конкурсы болып, оған Атырау облысы бойынша 75 бала қатысты. Мен төраға ретінде қатысып, Атырау жеріндегі шәкірттерімнің жетістіктеріне қуанып, марқайдым. Атырау жерінде еткен еңбегімнің жемісі ретінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Университеті маған Құрметті профессор дәрежесін берді.

Алматыда өзімнің жеке «Аманат» деп аталатын өнер мектебім бар. Онда 70-ке жуық жас өнерпаздар домбырамен ән айтудан білім алуда. Сол сияқты, менің туған жерім Сарысуда, мен оқып білім алған Ықылас Дүкенұлы атындағы балалар саз мектебінде, аудан орталығындағы музыка мектептерінде де дәстүрлі ән кластарының ашылуы кезек күттірмейтін мәселе.

Туған жеріміз гүлдене берсін, мерейтой құтты болсын, құрметті жерлестер!

СӘУЛЕ ЖАНПЕЙІСОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, Халық әні кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты