ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫНА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Маңғыстау облысының әкімдігі мен  «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Меморандумның мақсаты — «Ақпаратты Қазақстан – 2020»  мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тараптардың арасында серіктестік қатынас орнату, ұзақ мерзімді, тиімді және өзара пайдалы ынтымақтастықты дамыту. 

Кездесуге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева қатысты.

Меморандум аясында халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту,  міндетті зейнетақы жарналарының жүйелі түрде түсуі мен көлемін ұлғайту, зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселелері, сондай-ақ, қор қызметін алудың балама мүмкіндіктері бойынша ақпарат беру мақсатында қаржылық сауаттылықты көтеру көзделіп отыр.   

Сәуле Егеубаеваның дерегінше, бүгінде облыс халқының саны 655 мың адамды құрса, олардың ішінде 292 мыңнан астамы экономикалық тұрғыдан белсенді. 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыста міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша 326,3 мың шот тіркелген. Ал олардағы зейнетақы жинақтарының көлемі 505,8 млрд теңге. Бұл Қазақстан Республикасы бойынша міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының 6,8 пайызын құрайды. Сондай-ақ, 34,5 мың шот міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есепке алу бойынша ашылған. Облыста ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша шамамен 0,4 мың шот ашылған. Бұл Қазақстан Республикасы бойынша ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша ашылған шоттардың 1 пайызын құрайды. Облыс тұрғындарының зейнетақы жинақтарының орташа сомасы 1 575 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 93 пайызға жоғары.

Жиын барысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы зейнетақымен қамсыздандыру моделі, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жай-күйі, сондай-ақ тұрғындарға ақпарат беру, оларды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту және қаржылық сауаттылығын арттыру мәселелері де талқыланды.

БЖЗҚ осы Меморандумға сәйкес облыс әкімдігінің қолдауымен жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдарда облыс тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жариялайтын болады.

 

Айман Нұрмағанбет