ЫНТАЛЫ ЖҮРЕККЕ ЖАҒАТЫН КӨРМЕ

 

Анығын айтсақ, Ерболат ТӨЛЕПБАЙ деген аты-жөнінің өзі әлдеқайда терең әрі ауқымды, бірқатар елге кең танымал десе болады. Оның ерекшелігі — үкіметке қол жаймай-ақ, өз бетімен, өз қаржысына еліміздің атын дүние жүзіне танытып жүргендігі. Мерейлі жетпіс жасына орай талант иесі Ұлттық музейде “Өнерім — ізгілік мекені” деген атаумен өз есебін ұсынды. Сексен туындысын ұсынған көрмесін ресми ашқанда суретші туралы, әдеттегідей, көп жақсы сөздер, игі тілектер айтылды.
Шындығында, оның өнері сурет салумен шектелмейді. Қырық екі мемлекетте көрмесін ұйымдастырып, бірнеше елдің марапатын, сыйлығын иеленген. Оның әрбір жұмысында ой еркіндігі, сезім сергектігі, адамға тән шексіз сүйіспеншілік пен өмірге құштарлық мен мұндалап тұрады. Өзіндік философиясы ұлттық, азаматтық дүниетанымнан нәр алады.
Шын мәнінде, кәсіби талдауды, қоғамдық насихатты арнайы мамандардың, өнер сыншыларының еншісіне қалдырған жөн.
Қазір өнер әлемінде де небір өзгерістер болып жатыр. Әр түрлі жанрлар пайда болып, алмасып, үлкен қазанда қайнап жатқандай. Бәрібір, техника мен технология жағынан озық елдердің өзінде де классикалық мәнерге басымдық беріледі.


Өмір бойы білім жинап, ізденіп жүретін Ерболат ТӨЛЕПБАЙДЫҢ шығармашылық жұмыстары әрі қарай жалғаса беретіні сөзсіз.
Ондай ниетін де жасырмады. Өйткені, суретшінің ойы мен ниеті тілден емес, жүректен шығады. Іске жүрекпен иілгенде ғана халықтың көңіліне жағатын туындылар дүниеге келеді.
Мүндай дәрежесі жоғары көрмені еліміздің барлық өңірлерінде өткізу — үкіметке, әкімдерге сын, олардың өнерге, өнерсүйер қауымға жанашырлығын көрсетер еді. Оны уақыт көрсетер.
Әзірге, Ұлттық музей ұжымы Астана тұрғындары мен қонақтарына жасаған мүмкіндікті пайдаланудың сәті түсіп тұр.
Ендеше, “Өнерім — ізгілік мекені” көрмесіндегі жауһарларды көзбен көріп, көңілге көп нәрсе түюге болады.

Дархан МЫҢБАЙ