ҮШ АУЫЛДА ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатында қабылдаған бағдарламаға сәйкес, бүгінде еліміз бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде, ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында жаңа нысандар салынып, халық игілігі үшін пайдалануға берілуде.
☑️Солардың қатарында, ауыл тұрғындары жоғары сапалы медициналық көмек көрсету үшін аудандағы үш бірдей елді мекенде, атап айтқанда, Ботамойнақ ауылдық округінің Байзақ, Сазтерек ауылдық округінің Абай, Түймекент ауылдық округінің Түймекент елді мекендерінде 20,30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылыстары жүргізілуде.
Аталмыш нысандардың құрылыстары аяқталып, ел игілігіне берілген соң ауылдағы тұрғындар енді орталыққа сабылмай, медициналық көмекті тұрғылықты жерінде алатын болады. Байзақ ауылындағы заманауи жабдықталған амбулатория үстіміздегі жылдың сәуір айында басталып, шілде айының соңында аяқталады деп күтілуде. Ал, қазір мұнда құрылысы қарқын алған.
Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша салынып жатқан нысанға жалпы сметалық құны 197,5 млн. теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарымен мердігер «Шаңырақ-ХХІ» ЖШС-і айналысса, «Бексей Құрылыс» ЖШС-і техникалық, ал, «Еlite Projekt Company GS» ЖШС-і авторлық қадағалаушы.
☑️Түймекент ауылында 30 келушіге арналған жаңа медициналық тірек құрылысын мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-і сметалық құны 246,2 млн. теңгеге, Абай ауылындағы 20 келушіге арналған жаңа медициналық тірек құрылысын мердігер «Шаңырақ-ХХІ» ЖШС-і сметалық құны 107,9 млн. теңгеге жүргізуде.

Дәуір Дәулетов