ҮЙГЕ ЖЫЛАП КЕЛМЕҢДЕР….

Əкем марқұм: “Үйге жылап келуші болмаңдар, өз мəселелеріңді өздерің шешіп үйреніңдер” дегенді көзі тірісінде көп айтатын.

Балғын бала кезім. Бір күні ымырт түсуге таяу қалғанда бəріміз аулада үйдің шағын жұмыстарын жасап жүргенбіз. Есіктің ілмегін сарт еткізіп ашып ентіге жүгіріп інім кіріп келді.

Досымен төбелесіп жеңіліп қалған болу керек, жылағаны көрініп тұр, екі беті шаң тозаң мен көз жасқа араласып айғыз-айғыз болып кетіпті. Есіктен кіре сала бізді көріп көздерінен ыстық жас ыршып түсті, иегі кемсеңдей өз даусына өзі булығып өксіп-өксіп жіберді.

Оны көрген əкем інімді ақырын ғана дауыстап қасына шақырып алды. Ойында ештеме жоқ інішегім елпектеп жетіп барып еді, əкем: “Екінші үйге жылап келгеніңді көрмейтін болайын” деп кəдімгі солқылдаған көк шыбықпен ауаны ысқыртып тұрып “жұмсақ жерінен” салып қалмаса бола ма?!

Еркелетіп, басымнан сыйпап жұбатады деп ойлаған інімнің көз жасы сол мезетте сап тиылды. Сонда мен керісінше қиналғанда демеушілік көрсетудің орнына неге қаталдықты насихаттайды деп іштей ренжіп қалғаным бар еді…

Кейін бойжетіп, үлкен өмірге қадам баса бастағанда оның сол кездегі сөздерін түсіне бастадым. Үйге тек күліп кіреміз. Ауыр ой мен сандалған сансыз сұрақ есіктің сыртында қалады.

Сөйтсек, бізді өз бетінше өмір сүруге ерте жастан баулыпты. Рухани əлсіздіктен, жүректің жігерсіздігінен, түртіп қалса теуіп қалғандай етіп асыра сілтейтін бəлеқорлықтан аулақ болғанымызды қалағанын түсіндік.

Əлде өзінің өмірден ерте өтетінін сезген ба екен?! Мен жоқ болсам бет-бетімен кетіп, болмашы қиындыққа ойсырай құламасын, үп еткеннің бəріне сағы сынбай асқақ жүрсін дегені болар.…………

Бір қызығы, інім сол кезде əлі бала болса да үй-ішіне содан кейін осалдығын көрсеткен емес.

 

Жаған-Бегім Бəкірқызы.
Қазақ Елі.