Үйдегі алтын қазық кім?

— Үйдегі алтын қазық кім? — депті қарт.

— Ата, үйдегі алтын қазық — ер жігіт, — депті немересі.

— Жоқ балам, үйдегі алтын қазық – ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі қызға үлгі, әке тәрбиесі — ұлға үлгі. Ана — ақылшың, әке — қамқоршың, ағаң — қорғаушың, інің — сүйенішің, қарындасың — қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде, — дейді қарт.

— Өмір сүру үшін не қажет? — депті қарт.

— Ата, өмір сүру үшін алтын, ақша, нан, мал қажет, — депті бала.

— Жоқ балам, адамның өмір сүруі үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су тіршіліктің нәрін береді, от өмірдің сәнін береді, тұз астың дәмін келтіреді, қыз көңілдің сәнін келтіреді, ақыл өмірдің мәнін береді. Адам ақылмен ағайынды табады, ақылсыз адам ағайыннан безеді, — депті қарт.