ҰҚСК-нің құрылуы үлкен жаңалық болып еді…

Пікір білдірушілердің арасында мәселеге жан-жақтылы көз жібере отырып, байсалды түрде пайым жасай алатын, тісқаққандар да, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп айбалтасын құлаштай ұра беретін «алаөкпе саясаткерлер» де бар еді. Әрине, мұндай жерде кереғар пікірлердің де аз айтылмағандығы белгілі. Дегенмен, жаңадан құрылып жатқан кеңестің негізгі мақсаттарына көз жүгірте отырып одан үміт күткендердің де қатары қалың.
Сол тұста жұрттың көңілін күпті еткен мәселе, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамындағы мүшелердің есім-сойлары белгілі болған кезде туындады. Яғни, кеңес құрамына қабылданған 40 адамның билік пен халық арасында диалог орнатуға қабілетті екендігіне көпшілік бірден сеніп кеткен жоқ. Дегенмен, халық сенетін азаматтардың да кеңес құрамына өткендігін көңілге медеу ете отырып, «сенім кеңесіне» сенім арта қарағандар да табылып жатты. Осылайша кеңес төңірегінегі алып-қашпа әңгімелер саябырлап, жұрттың да құлақтары үйрене бастады. Бәрінен де биліктің халық пен диалогқа келу үшін жасаған бұл бастамасы, Президент айтып жүрген «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру жолындағы бастапқы саяси қадамдар сияқты әсер қалтырғаны анық еді.

 

ҰҚСК не тындырды?

ҰҚСК құрылған екі жылдың ішінде бес рет жалпы отырыс өткізіліп, қордаланған талай сұрақ Президент назарына тікелей ұсынылған екен. Осында айтылған мәселелердің көбі Президенттің қолдауына ие болып, кейбірі ендігі қоғамдық өмірге еніп кеткені белгілі. Кеңес отырыстарында талқыға түскен тақырыптар мен ұсыныстар бүгінгі таңдағы халық арасындағы ең өзекті мәселелер еді. Оның арасында ауылдық жерлерді дамыту, ауыл әкімдерін сайлау, тұрғын үймен қамтамасыз ету және мегаполистердегі пәтер бағаларының қымбаттығы, медицина қызметкерлері мен мал дәрігерлерін көптеп дайындау, жастар ісі, көп балалы аналар мәселесі, бір жолғы әлеуметтік жәрдемақы секілді қоғамдық-әлеуметтік салалардағы маңызды мәселелер бар болатын. Бұдан бөлек кеңес отырыстарында Парламенттік оппозиция туралы Президент Қ.Тоқаевтің өзі айтқаны есімізде. ҰҚСК құрылып, көп өтпей «Бейбіт жиындар туралы» жаңа заң жобасын өмірге әкелді. Яғни, «азаматтар ендігіде бейбіт митингілер өткізу үшін бұрынғыдай қыруар кедергілерге жолықапайды» деп сендірілді. Президент ҰҚСК жиындарында сөйлеген сөзінде Қылмыстық кодекстің кейбір баптарын өзгерту туралы да айтып өтті. Ал еліміздің саяси өміріндегі жаңалық есептелетін: «саяси партияны тіркеу үшін партия мүшелері 40 мыңнан кем болмауы тиіс» деген талап өзгеріп, 20 мың адамға дейін азаяды» деп мәлімдеген Тоқаев, бұл жұмыстың «азаматтық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік беретін айтарлықтай маңызды өзгеріс» екендігін жасырған жоқ.
Халық назарында тұрған өзекті мәселелердің бірі: жер мәселесі туралы аса маңызды шешімді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жалпыға жария етті. Яғни «жер шетелдіктерге сатылмайды да жалға да берілмейді» деген сөз ең биік мінберден айтылды. Бұл өз кезегінде халық көңілінен шыққан маңызды шешім еді.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғандығына екі жыл толуына орай 11 маусым күні кеңес мүшелері қазірге дейін атқарылған жұмыстарын қорытындылаған болатын. Президенттің көмекшісі әрі Кеңестің хатшысы Ерлан Қариннің айтуынша, осы мерзімде кеңестің бастамасымен 17 заң қабылданған екен. Мемлекет басшысы қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен 28 рет жеке кездесіпті. Осы кезеңде кеңес құрамына үш рет ротация жүргізілген. «Осы диалог құрылған кезде әріптестер мен сарапшылар арасында күмән келтіргендер болды. Бірақ өзіңіз көріп отырсыз, екі жыл толды. Екі жылдың ішінде айтарлықтай үлкен жұмыс атқарылды. Оның көрсеткіші көтерілген бастамаларды жүзеге асыру мақсатында 17 заң қабылданып отыр. Президенттің 3 Жарлығы, 28 түрлі министрліктің бұйрықтары қабылданды» – деді Ерлан Тынымбайұлы.
Ал Президент Қ.Тоқаев кеңестің V кезекті отырысында «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға зор үлес қосып келе жатқанын және кеңесте қабылданған шешімдер еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаларға тың серпін бергенін» жоғары бағалаған болатын. Яғни Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаннан бері қарайғы қысқа ғана екі жылдың ішінде бөгенайы бөлек кеңес екендігін толық әйгілеп, халыққа қажетті заң жобаларын қабылдату жағында еліміздің заң шығарушы органдары мен атқарушы билігі алдында халықтың үнін жеткізе алды деуге толық сенім бар.

 

ҰҚСК сенімді ақтай ала ма?

Сөз басында айтып өткеніміздей ҰҚСК құрылып жатқан уақытта қоғам белсенділері арасында түрлі сындарға арқау болғаны есімізде. «Заң шығаруға атсалысатын кеңес болса, Парламент не бітіріп отыр?» – десті біреулер. Ал екіншілері болса: «Кеңес мүшелерінің көбі жеме-жемге келгенде биліктің ығына жығылатындар» екен деп кеңес құрамына өткен мүшелерге сенімсіздік танытып жатты. Олай дейтіні кеңес мүшелері бекітілген тұста қоғам белсенділері тарапынан бірталай азаматтардың аттары аталып еді. Өкініштісі, бұл азаматтар енгізілген жоқ. Дегенмен, кеңес құрамының өзгеріп, толығып отыратындығын да көз көрді. Жақында ғана ҰҚСК-ның хатшысы Ерлан Қарин кеңес құрамындағы өзгерістерден көпшілікті құлағдар етті. «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы кеңейтілді. Енді кеңеске 48 қоғам қайраткері мүше болады (бұрын 44 болатын). Ұлттық кеңестің құрамына Маңғыстау облысынан қоғам қайраткері Уайс Ерсайынұлы, белгілі саясаттанушы Бурихан Нурмухамедов, кәсіпкер «Алтын қыран» халықаралық қайрымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов кірді» – деп жазды Ерлан Тынымбайұлы. Бұған қарата пікір білдірушілер аталған азаматтарға сенім артатындықтарын жасырған жоқ. Ендеше кеңес мүшелері жаңарып отыратын болса, халық сенім артатын азаматтардың да аталмыш кеңестің құрамына кіретін мүмкіндіктері бар деген сөз. Сонда ғана «еститін үкімет» келетіні сөзсіз.
Кеңес құрылған түста, жаңадан өмірге келіп жатқан ұйымның құзыреті мен беделі туралы да көп пікірлер ортаға тасталған еді. Бұл мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ деп ойлаймыз. Себебі «akorda.kz» сайтында «Президент жанындағы кеңестер» тізімінен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі дегенді таба алмадық. Яғни «Реформалар жөніндегі жоғары кеңес, Мұнай-газ кеңесі, Қауіпсіздік кеңесі, Шетелдiк инвесторлар кеңесi, Жастар саясаты жөніндегі кеңес, Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес, Ұлттық инвесторлар кеңесі, Құқықтық саясат жөніндегі кеңес» қатарлы кеңестердің аты анық жазылған жерде халық пен биліктің арасына алтын көпір болатын маңызды кеңестің тұрмағандығы бір түрлі сезілді…
«Бүгінгі таңда Ұлттық кеңестің ұсынысымен 13 заң қабылданды. Тағы 9 заң жобасы әзірленіп жатыр. Заң шығару жауапты және күрделі жұмыс екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Кеңес мүшелері ауқымды істер атқаруда. Ұлттық кеңес алғашқы кезеңде өз қызметін консультативті-кеңесші орган ретінде бастады. Ал бүгінде жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналды», – деді Қазақстан Президенті аталмыш кеңестің V кезекті отырысында.
ҰҚСК-нің рөлі, қызметі мен мәртебесі туралы бұдан асырып айтудың реті жоқ дер едік. Президенттің өзі үлкен үміт күтіп отырған сенім кеңесі алдағы уақытта биік-биік белестерді бағындарары сөзсіз!

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ, Халықаралық “Qazaqstan dauiri” газетінен