Универсиаданың ғажабы мен азабы

(Универсиада еріктісінің көзімен)

    Ару қала Алматыда өткен қысқы универсиада әне-міне дегенше тез өте шықты. Әрине, аузын айға білеген АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Қытай елдерінен озып, алдыңғы орынды алғанымыз көңіл жұбатады. Алайда бәріміздің басымызға «Неге жарысқа қатысқандардың жартысынан көбі басқа ұлт өкілдері? Әсіресе орыс ұлтынан көп. Өзіміздің қара көздеріміз қайда?» деген ойлар жиі келеді. Иә, расында да тек қана қысқы спорт түрлерінен емес, футболда, волейболда, теннисте орыстар басым. Тіпті универсиаданың хоккей финалында Ресей және Қазақстан ойнаған кезде, құдды екі Ресей құрамасы бір-бірімен ойнап жатқандай көрінді. Арасында екі-үш қазағымыз көрінсе қуанатын халге жеттік. Бұл не сонда? «Жарайды, қай ұлттан болса да бәрібір емес пе? Ең бастысы Қазақстанның атынан шығып, жеңіс әперіп жатыр ғой…» деп көз жұма қараймыз. Бірақ бұл ұлы додада шүкірлік етуге тура келеді. Қай спорт түрінде болсын қазағымның қарасы көбейіп қалыпты. Жанбота, Бағлан, Нұрберген, Абзал… Хоккейде қазақ қыздары бар. Енді көбейе береді деп үміттенеміз. Тағы бір қуантарлық жағдай, бұл жарыста қазақ тіліміздің мәртебесі көтеріліп қалды. Ойындар тек екі тілде өтті: қазақша және ағылшынша. Ресми тіл орыс тілі мүлдем қатыстырылмады. Бұл сәл де болса ана тіліміздің дамуына үлесін қосады деп есептеймін.

    Мен универсиадаға ерікті (волонтер) болып орналастым. Мамандығым аудармашы болғандықтан «Атлеттер ауылындағы» финанс бөліміне келген шетелдіктерге жөн сілтеп, олардың сөздерін ағылшыннан қазақшаға аудардым. Әрине, жұмыс оңай болмады. Шетелдік қонақтардың арасында жақсылары да, жаман мінез көрсетіп шу шығарғандары да кездесті. Ерікті болғаныма еш өкінбеймін, алайда оларға жеткілікті түрде жағдай жасалмайтындығы қыңжылтады. Мысалға жұмыс кезінде біз кешкі сағат тоғыз-онда үйге қайтып жүрдік, өздеріңізге белгілі ол уақытта қоғамдық көліктер тоқтап қалады. Еріктілерді үйіне апарып және алып қайтатын көліктер қарастырылмаған. Ондай көліктер бар, бірақ Шымбұлақта, Медеуде істейтін еріктілерге ғана қызмет етті. Содан соң тағы айта кететін жайт универсиада ұйымдастырушыларының құр босқа уәделері. Олар алғашында «Сіздерді апарып әрі алып кететін көліктер болады. Универсиада ойындарына тегін кіресіздер» деп бізді дәмелендірді. Көліктің жайы жоғарыда айтқанымдай белгілі, екінші уәденің дұрыс-бұрыстығын тексеру үшін сүйікті спортымның бірі хоккейге бардым. Мені кіргізбек түгілі, ол жерден сығалатқан да жоқ. Бақылаушыма (координатор) хабарласып «Сіздер еріктілерге ойынға кіру тегін деп едіңіздер ғой. Неге өтірік айтасыздар?!» дегенімде, «Бұл – Қазақстан. Бәріне уәде береді, бірақ орындалмайды. Үйренетін кез келді» деп жауап қайырды. Мен оларды кінәлағым келмейді, оларға жоғарыдан не айтады, тек соны орындайды. Солардың ішінде жүріп бір отбасындай болып кеттік. «Өз ішкен құдығыңа түкірме» дегендей мен еріктілерге тіл тигізіп жатқаным жоқ. Тек қана алдағы уақытта осы секілді түйіндердің шешілгенін қалаймын. Құдай қаласа, жазда «ЭКСПО-2017» көрмесі келе жатыр. Ол жерде де еріктілердің маңызды рөл атқаратыны белгілі. Сондықтан оларға толықтай жағдай жасалғаны жөн деп санаймын.

    Қорыта айтқанда осындай универсиада сияқты жарыстардың елімізде болуы үлкен мәртебе. Бұл жарыстың қазақ тарихында мәңгілік қалатыны сөзсіз. Әр нәрсенің жақсы жақтары мен кемшіліктері болады. Сол кемшіліктерді түзеу өз қолымызда. Келесі 2019 жылы Ресейдің Красноярск қаласында болатын универсиадада бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп үміттенемін. Қарадомалақтарымызды арманға жетелейтін, еліктіретін сайыпқырандарымыз көбейе берсін. Қош бол, ақ универсиада!

                                                                                       Нұржан Айғали