Ұлылардан қалған сөз

Кіші жүздің Байбақты руының басшысы, Хан мен сұлтандардан, олардың маңайындағы шонжарлардан Кіші ордадағы қазақтың мұңы мен қайғысының құнын сұраушы Сырым Датұлын білмейтін адам кем де кем шығар… Батыр сапардан қайтқанда үйiне үнемі асығады екен. Сонда жанындағы нөкері, құрбы-достары әзiлдеп:
— Сен қайда асығасың?
Асығатындай әйелiң сұлу емес, бiз асықсақ болады,— демей ме?
Сонда Сырым сабырлы кейiппен:

Әркiмнiң мiнген аты өзіне тұлпар,
Алған жары өзіне сұңқар.
Қойды қой деп қомсынбаңдар,
Əйелді əлсіз деп қорсынбаңдар.
Қойсыз елге үй бітпейді,
Əйелсіз ерге күй бітпейді.
Əйелді теппе аяқпен,
Баланы ұрма таяқпен.
Əйелді тепсең бағы сынар,
Баланы ұрсаң сағы сынар.
Əйел ашуланса қатты айтар,
Бала ашуланса бетің қайтар.
Еркек үйдің егесі,
Əйел үйдің шегесі.
Мықты болса егесі,
Майыспас оның шегесі.
Майыспаса шегесі,
Жаман болмас егесі.
Алтын да тас,
Тас та тас.
Алтындай болмас басқа тас,
Алтынға алтын қосылса,
Алтынды алтын тастамас! — деген екен.
…Сонда нөкердегі жігіттердің жақтары қарысқандай үнсіз қалған екен.

Нуркан Камзаулы фб парақшасынан