Notice: Uninitialized string offset: 0 in /var/www/vhosts/elana.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-recovery-mode-email-service.php on line 1

Notice: Uninitialized string offset: 0 in /var/www/vhosts/elana.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-recovery-mode-email-service.php on line 1
ҰЛЫ ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ - "ЕлАна" әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты

ҰЛЫ ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ

1841 жылдың 2 қарашасы күні (яғни кеше 182 жасқа толды) ұлт ұстазы (Азан шақырып қойған аты Ибрахим) Ыбырай Алтынсарин дүниеге келді.
Қазақтың ірі ақыны Мұхтар Шаханов Торғай өлкесіне келген сапарында
«Сендер шауып кірдіңдер алғаш рет, Жиырмасыншы ғасырдың есігінен » деп дәріптеуі бекер болмаса керек.
Әріге бармай — ақ, Ахаң мен Жақаң, Амангелді мен Кейкі, Нұрхан мен Сырбай деп жақсы мен жайсаңдарды санамалай берсем қозы көш жерге кетерім сөзсіз.
Айтайын дегенім, Торғайдан шыққан алғашқы ұстаз Ыбырай Алтынсаринді барша қазақ қана емес, көршілеріміздің біразы таниды.
Мақтауға да, мақтануға да тұрарлық тұлға ғой Ыбырай атамыз.
Сол Ыбырай атамызға Қостанайда тұрғызылған ескерткішке жол түсіп тұрғасын арнайы ат шалдырдым.
Ескерткішті көріп марқайып қалдым.
Қонаев атамызға, Абай данышпанға тұрғызылған ескерткіштерді ұнатпаған жұртты білемін.
Батырларға тұрғызылған ескерткіштердің кейбірінде, астындағы арғымағы есек пішіндес тұрпайы көрінгені де рас. Батыры ынжық, ақыны селқос, қайраткері болбыр дүниенің құны төмен қай кезде де.
Батырда сұс, қылышында айбын болмаса, ақында арқа, тұғырында сән болмаса, қайраткері қалғып тұрса оның несі өнер? Сондықтан да айтылған сындардың көбі шындыққа жанасады негізі.
Тұлғаның болмысын ашпайтын, олпы- солпы, қара тастай безірейіп тұратын ескерткіштен не қайыр? Не үміт!
Көршіміз қырғыз ағайынның адамзаттың Айтматовына тұрғызған ескерткіші қандай, шіркін.
Бейнелеп айтсам, жазушы ой үстінде отыр… Сәлден соң тұрып кететіндей әсерге бөлейді…
Сонда жұрт «Қырғыз құрлы болмадық — ау. Біздің мүсіншілер фантазиядан жұрдай болғаны ма» дегені де есімде.
Сөйтсек, қиялы ұшқыр, ісіне адал мүсіншілер бізде де бар екен.
Оған дәлел Қостанайда Ыбырай атаға тұрғызылған ескерткіш сондай шынайы шығыпты.
Тіпті киімінің қат — қатына дейін, кескін- келбетіне дейін, ұстазға тән мейірімді жүзіне дейін бәрі үйлесімді.
Бәрінен де қазақтың кеңдігін көрсетіп жайылып отырғанына көз сүйсінеді.
Қолына әліппе ұстаған шәкірт баланың басындағы қазақы тақиясы мен сол дәуірдің киім үлгісі және құрым етігі қандай! Тағы бір ескерер жайт, иман жүзді ұстаздың алдындағы шәкірті тым еркін. Білсем, үйренсем деген ілімге құштарлық көзінен аңғарылады.
Бар есіл- дерті білім нәрімен сусындауға ауғаны жіті қараған жанға көрініп — ақ тұр.
Кез келген адам тылсым ескерткішті ежіктеп болса да «оқи» алады.
Бұл үлкен жетістік!
Өнерге деген адалдық осы шығар бәлкім!