Ұлы тұлғаның бейнесі – театр сахнасында

БҚО-ның Теректі ауданындағы халықтық «Дат» театрының репертуары жуырда тағы бір тың дүниемен толықты.

Кезекті премьера Әбу Насыр әл-Фарабидің 150 жылдығына орайластырылып, «Ізгі қалаға оралу» деген атаумен көрерменге жол тартты. Театр режиссері Жамбыл Заевтың айтуынша, қойылымның авторы – журналист-жазушы, ақын Мұнайдар Балмолда. «Дат» театры үшін спектакльге арналып жазылған туындыға режиссер өзінің ой-пікірін қосып, сахнаға шығарған.

– Музыканың ұлы кітабын жазып шыққан ғұлама қашанда өнерге көп көңіл аударуға, өнер адамдары арқылы мәдениетті насихаттауға шақырған. «Дат» театрының ұжымы қойылымды сахналай отырып, әл-Фараби бабамыздың барша түркі халқына ортақ тарихи тұлға болғанын бүгінгі ұрпаққа жеткізуді, оның өмір жолымен және шығармашылығымен таныстыруды мақсат тұтты, – дейді режиссер, театр және кино актері Ж.Заев.

Аталмыш өнер ордасының аз-кем тарихына үңілсек, театр 2012 жылы аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан драма үйірмесі болып құрылған екен. Өз жұмысын шағын қойылымдармен бастаған үйірме аудан көлеміндегі іс-шараларға белсене қатысқан. Театрландырылған қойылымдарымен көрерменнің жүрегіне жол тауып жүрген ұжым 2017 жылы Қазақстанның Халық әртісі Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған облыстық халық театрлар фестивалінде бас жүлдені иеленген. Өнерсүйер ұжымның ықыласына бөленген аудандық мәдени-демалыс орталығы жанындағы «Дат» театры аз уақыттың ішінде «халықтық» атағын алып, өз жұмысын жемісті жалғастырып келеді.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы