ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТАРАЛЫҚ ТІЛІ

«Этнос және конфессияаралық келісім» тобының күнтізбелік жұмыс жоспарына сәйкес, Бурыл ауылдық округінде орналасқан Өнер мектебінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» тақырыбына арналған ашық алаң ұйымдастырылды.

Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізу мақсатын көздеген шараға облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышов, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі әдістемелік бөлім басшысы Аққу Қаратаева, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова қатысты.

 

 

Топ мүшелері мектеп фойесінде түрлі ұлт өкілдерінің шығармашылығына арналған көрмені тамашалаған соң, іс-шара «Құлпынай» би тобының «Қазақ биімен» ашылды. Сарыкемер мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Раушан Әбуова қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен сапасын арттыру жөнінде сөз сөйледі.

 

 

Ашық алаң форумында өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік тілге деген құрметтерін көрсетіп, ана тілімізде өнер көрсетті. Рамзиля Мурсалова Нұрғиса Тілендиевтің «Құттықтаймын мама, туған күніңмен» композициясын қобыз аспабымен орындаса, «Үкілі домбыра» ансамблі күй шертті. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің негізгі атрибуттарының бірі саналады. Демек, ана тіліміздің қоғамнан ойып тұрып өз орнын алуы өзімізге байланысты болмақ. «Гүлсім» балабақшасының меңгерушісі, аудандық мәслихаттың депутаты Гулсун Ешеева мен орыс этномәдени бірлестігінің мүшесі, облыстық тіл байқауларының жеңімпазы Евгений Кравчук «Мемлекеттік тіл – әлеуметтік баспалдақ» тақырыбында өз ойларын ортаға салды. Ал, «Менің қазақ тіліне жету жолым» және «Қазақ тілін қалай үйрендім» тақырыптарында грек ұлтының өкілі Татьяна Сумеледи, кәріс этномәдени орталығының мүшесі Ли Зинаида сөз қозғады. Сонымен қатар, сахнаға шыққан Саодат Умарова, Ункар Усманова, Альвина Ибрагимова жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, ақын-журналист, облыстың Құрметті азаматы Күләш Ахметованың 75 жылдығы мерейтойларына орай, ақындардың шығармаларын мәнерлеп оқып берді. Шара барысында Першин Виталий «Аналарға тарту» композициясын, Лейла Мурсалова «Колхоздағы той» әнін, «Құлпынай» би тобы орыс биін орындап, ыстық ықыласқа бөленді.

 

 

Болатбек Мухрабтың орындауындағы «Қазақтың ұлымын» әнімен қорытындыланған шарада Байзақ ауданының жастары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» эстафетасын Жамбыл ауданына жолдады.