Ұлттық рухымыз бен салт-санамыз болған домбыра күні


Бүгін Ұлттық домбыра күніне орай Шу ауданы орталығындағы алаңда сазды бағдарлама ұйымдастырылды. Бабамыздан асыл мұрамыз, ұлттық рухымыз бен салт-санамыз болған домбыра күнін мерекелеу үшін алаңға 500-дей домбырашылар жиналып, бір мезетте қазақ өнеріндегі шоқтығы биік күй «Ерке сылқымды» орындады.

Сондай-ақ осы жиынға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Батиханұлы, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев қатысып, сазды бағдарламаны тамашалады.
Елге мәлім «Ерке сылқым» күйінің авторы, халықтың мақтанышы Ә.Желдібаев мерекенің маңызына тоқталып, домбыраның тәрбиелік тұстарын толғап өтті. Сонымен қатар ұлттық аспапты ұлықтауға келгендерге алғысын айтып, халықтық мерекемен құттықтады.
Одан бөлек ауданымыздың атын талай сахналарда шығарып жүрген «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі де аталмыш мерекенің айшықты өтуіне өзіндік үлестерін қосты. Ансамбль жетекшісі ҚР еңбегі сіңген қайраткер, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Әуесхан Келгенбаевтың еңбегі зор екенін атап өткен жөн.

Сазды бағдарлама барысында күй тартумен қатар аталған ансамбльдің және әжелер тобы «Домбыра сазын» орындаса, ҚР Мәдениет қайраткері Жанат Досжанованың орындауында «Домбыра туралы баллада», аудандық Мәдениет үйінің әншісі Әділбол Мұратбек «Домбырасыз ән қайда?» әндерін нақышына келтіріп шырқады.
Ұлттық домбыра күні елімізде 2018 жылдан бері Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісінде тойланып келеді. Бұл мерекенің жас ұрпаққа берер тәлімі мол. Әрі рухани әлеміміздің бай екенінен дәріптейтін мезет екені сөзсіз.