«ҰЛТТЫҚ» АТАУ ИЕЛЕНГЕН  КЕҢЕС, ҰЛТТЫҢ ЖОҒЫН ТҮГЕНДЕЙ  АЛА МА?

17 – ші шілде күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаулы қабылдап, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамын бекітті. Содан бері әлеуметтік желі у-шу. Сайт біткен гу-гу. Ағайын арасы ду-ду әңгіме. Біреу шамасы жеткенше  даттап, біреу айызы қанғанша мақтап жатыр.  Тіпті құрылған кеңесті биліктің қолжаулығы деп түңіліп жатқандарға не шара? Әйтеуір бейтарап қалып жатқан халық жоқ. Айқайға сүрен қосып, ояу екенін сездіріп жатыр айналайын халқым!

Бұл идея қалай туды?  Бірден айтайық, ешкімнің басына алма түсіп кетіп, жаңалық ашқан Ньютонның кебін киген жоқ. Бәрі де табиғи жолмен басталды. Халықтың жанайқайы сайын даланы жаңғыртқанда… халықтың  талап-тілегі қара  бұлттай түйіліп нөсерлеткенде… халықтың ашуы  шарт-шұрт етіп найзағай болып ойнағанда… осындай ала – көбең шақта билік селк ете қалғандай болды.  «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген тәмсіл рас болып шықты ақырында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  (12 маусым) өзін ұлықтау рәсімінде, халықтың жүрек толқуын басу үшін   Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын мәлімдеді.  Және бұл жаңа орган билік пен қоғам арасында диалог орнату үшін жасалып жатқан іс -шара екенін жасырмады. Демек, халықтың арасынан жиналған кеңес мүшелері халықтың талап-тілегін, мұң-мұқтажын тура президенттің өзіне жеткізіп тұрмақ. Жақсы бастама…Бірақ….

Сонымен Ұлттық кеңес құрамына 44 адам кіргені белгілі болды. Олар:

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері

Қасым-Жомарт Тоқаев – ҚР Президенті, Төраға
Қырымбек Көшербаев – ПӘ Жетекшісі, Төраға орынбасары
Ерлан Қарин – ҚР Президентінің кеңесшісі, Хатшы
Ұлттық кеңес мүшелері:
Қайырбек Арыстанбеков
Жамбыл Ахметбеков
Берік Әбдіғалиұлы
Мұрат Әбенов
Азаматхан Әміртай
Данияр Әшімбаев
Арманжан Байтасов
Бақытжан Бұқарбай
Михаил Дорофеев
Дания Еспаева
Ораз Жандосов,
Қайрат Жолдыбайұлы
Расул Жұмалы
Гүлмира Илеуова
Қазыбек Иса
Рауан Кенжеханұлы
Талғат Қалиев
Асылбек Қожахметов
Жәнібек Қожық
Дәурен Қуат
Сейдахмет Құттықадам
Бағдат Мусин
Ауыт Мұқибек
Абылай Мырзахметов
Саясат Нұрбек
Қанат Нұров
Айман Омарова
Айгүл Орынбек
Рақым Ошақбаев
Төлеутай Рақымбеков
Асхат Садырбай
Ерлан Саиров
Айдос Сарым
Максим Споткай
Мұхтар Тайжан
Жеміс Тұрмағамбетова
Ермек Тұрсынов
Бекболат Тілеухан
Андрей Чеботаров
Марат Шибутов
Арман Шораев

 

БИЛІК  ТАҢДАҒАН  40 АДАМ, ХАНҒА 40 УӘЗІР БОЛУҒА  ЛАЙЫҚ ПА?

 

Ақордадағы үштікті есептемегенде, кеңес мүшелері 40 адам екен. (Айман Омарова өз қалауымен ұйымнан шығыпты).   Бұл 40 адам  түрлі саланың өкілдері. Ішінде кім жоқ дейсіз,  президент боламын деп талпынып «тауы шағылған» үміткерлер, әдебиеттің, мәдениеттің, киноның, спорттың, саясаттың, діннің, БАҚ саласының, экономика мен бизнестің, құқықтық сектордың, агро сектордың, әлеуметтік сектордың, депутаттық корпустың т.б. өкілдері бар.  Әттең – ай, дегізетіні:  оларды халықтың сайламағаны ғана. Көпшіліктің дүрлігіп жатқаны да содан. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, Қосанов та жай кетпей,  халықтың көзін ашып кетті емес пе? Содан бері елі іші саясатқа өте сақ. Баяғыдай «маған бәрібір деп кергімейді», қайта  өре түрегеледі. Шулаған жұрттың сөзіне құлақ түрсек, «билік технократтары сайлаған адамдар, жеме — жемге келгенде халықтан жалт бұрылып кетпей ме?» деген қауіп басым. Олай болып жатса,  қалт-құлт етіп тұрған биліктің өзіне сын айтам деушілер де жетеді!  Мұны уақыт еншісіне қалдырайық. Кезі келгенде бәрі де айқындалар сәт туар…

Енді мына бір қызыққа қараңыз, ақорда сайлаған 40 адам, қазақ ертегілерінде болатын  хандардың 40 уәзірін еске салып тұр.  40 уәзір ханның ақылшылары болатын. Бұл жолғы 40 өкіл де тап сондай лауазымда. 40 уәзір ханның пәрменімен халықтың тұрмыс-тіршілігін саралайтын,   40 халық өкілі де қауымымен бірге.  Неткен керемет ұқсастық десеңізші!  Тек халықтың арманы, 40 «уәзір» ханды адастырып, «май шелпекке бөгіп»,  халықтан алшақтатып кетпесе  болдыға сайып тұр. Өйткені ертегілердің аяғында қырық адамның ақылы бар патшаның, өзін арбаған 40 уәзірді жазалап жататыны қайталанбаса дейміз — дағы.

ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІ… ПАРЛАМЕНТТЕН БАР МА ДӘМЕСІ!

 

Ал енді біз сөз етіп жатқан  кеңестің қызметі мен құзыреті қандай? Түсінікті болу үшін тарқата жазайық…
1. Ел-халықтың, саяси партиялар мен саяси ұйымдардың, қоғамның белсенді өкілдерімен мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ақылдасу, кеңесу. Яғни, Ұлттық кеңес өкілдері қандай да бір мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер айтып, ел-жұрттың талап-тілектерін Президент кеңесінде талқыға сала алады.
2.Ұлттық кеңес өз қызметінде ҚР Ата Заңын, заңдарын, Президент актілерін, өзге де құқықтық-нормативтік актілерді басшылыққа ала отырып жұмыс жасайды.
3. Мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізеді.
4. Жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарайды.
5. Жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында диалог орнатады.

Қарап тұрсаңыз 5 – ақ пункттен тұрады. Бірақ олардың әрқайсысының салмағы зілдей ауыр. Жауапкершілігі күшті. Бар ісің, қимыл-қозғалысың, сөйлеген сөзің  халықтың көз алдында. Жолдан тайдың ба, сынның алмас қылышы турап тастайды. Бұлтаққа салдың ба, буып тастайды. Жалтақтадың ба, жағаңнан алады.

Ұлттық қоғамдық сенiм комиссиясын құрудағы мақсат – ел сөзінің билікке жетпеуінен, жетсе де оны құлаққа ілмейтін шенеуніктердің көптігінен туындағанын жасырмайық. Соның салдарынан халықтың дүмпуі күшейді. Сілкіністер көбейді. Әлеуметтік теңсіздіктер ашық айтыла бастады. Шерулету сәнге айналды. Ақырында билік  амалсыздан, шарасыздықтан  парламенттің жұмысын халықтың арасынан шыққан адамдарға жүктеп көрмек ниетке көшті. Сол арқылы тыныштықты сақтау, уақытты созу ойларында бар болуы ықтимал. Қалай десек те билік халықпен санасуға мәжбүрлік танытуда.

Негізінде Қазақстанның  Заң шығарушы органы – Парламент. Оның қос палатасы бар. Сенат пен Мәжіліс. Төменгі палата саналатын Мәжілісте 107 депутат, Жоғарғы палата саналатын Сенатта 47 депутат бар. Барлығы 154 депутат. Бұлар саяси партиялар мен Ассамблеяның өкілдері. Сөйте тұра, бүгінгі таңда халықтың сеніміне ие бола алмай отыр.  Көпке топырақ шашпайық, Парламентте азулы, ұлтқа шын жаны ашитын тұлғалар аз емес. «Бірақ көп қорқытып, терең батырып» жатқандықтан олар көзге ілінбей қалуда…

Енді міне, халықтың ортасынан шыққан өкілдер сенім кеңесіне шақырылып жатыр.

ОЛ — ЕЛ СЕНІМІН АҚТАЙ АЛА МА?

 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылсын деген құжатқа президенттің қолы қойылғаннан кейін, ақордадағы технологтар әлеуметтік желідегі белсенділермен ашық диологқа бара бастады. Мақсат айқын. Артынан халық еретін азаматтармен тіл табысу арқылы, президент жарлығын іске асыру.  Әйтседе  шақырғанға «ләппәй тақсыр» деп құрақ ұшпай, қатаң талап қойғандар да кездесті.

Белгілі кәсіпкер, қоғам белсіндісі Марғұлан Сейсембай Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына неге енбегенін былайша түсіндірді.  «Олар менiң шартымды орындамады. Мен оларға саяси тұтқындарды босатыңдар, сонда Кеңеске кiремін деп шарт қойғанмын. Бұл шартты орындамай, Кеңесте жұмыс iстеу — аморальды», — деп қысқа қайырды ол.

Қоғам белсендісі жаңадан құрылған ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, «Қазақстан барысы» даму қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев өзі мүшелігіне енген Ұлттық Кеңес туралы пікірін былай жеткізді. Мен де сенбеймін, шенділерге. Өзгерістер енгізудің екі жолы бар. Біріншісі — митинг, жалғасы майдан — соғыс. Екіншісі — бейбіт келісім арқылы өзгерістерді енгізу. Бұны Тоқаев мырза менсіз де түсініп жүр. Егер Кеңес түк нәтиже бермесе, сол бірінші жол қалады. Қан төгіледі, қазаққа қазақ оқ-дәрі себеді. Оны пайдаланған Путин әскерлерін кіргізіп, қазақтың жерін ойып алады. Өз басым сөйлесуге де, соғысуға да дайынмын», — деп жігерлі ұстаным танытып отыр.

Әлеуметтік желі де  «лаулап» жанып тұр. Ондағы пікірлер де сан-алуан. Сондағы бірнеше пікірді оқырмандар назарына ұсынып көрелік.

БҰЛ  КЕҢЕС –  «КИСЛОРОДНАЯ ПОДУШКА»

 

Марат Бәйділдәұлы (Тоқашбаев) журналист: Сонымен Президент жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылыпты. Оның ережесімен таныстық. Құрамын да қарап шықтық. Мақсаты – мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар жасау көрінеді. Ұлттық кеңестің 41 адамнан тұратын құрамында Ораз Жандосов, Сейдахмет Құттықадам, Расул Жұмалы, Арман Шораев, Қайрат Жолдыбай, Қазыбек Иса, Дәурен Қуат, Айгүл Орынбек сияқты өзіндік шынайы ұлттық ұстанымдары бар азаматтар болғанымен негізінен биліктің ықпалынан шықпайтын, дәлірек айтқанда шыққысы келмейтін билік «қызметшілерінен» жасақталыпты.

Бұл шынымен ұлттық қоғамдық сенім кеңесі болса оның құрамында ұзақ жылдардан бері Қазақстанда демократиялық өзгерістер жасау жолында күресіп келе жатқан Жасарал Қуанышалин, Рысбек Сәрсенбай, Ермұрат Бапи, Сергей Дуванов, Мақсат Нұрыпбаев сияқты қайраткерлер көрінуге тиіс еді. Іс жүзінде «ұлттық кеңес» көне трафарет бойынша түзілген.

Ұлттық кеңестің мақсаты мен міндеттері, сондай-ақ кадрлық құрамы елімізде ешқандай түбегейлі өзгерістер жасалмайтынын әйгілейді. Бұл әншейін – көз алдау. Шын мәнінде бұл жансақтау бөлімінде жатқан «режимнің» соңғы сәтін ұзартуға арналған отандық аппарат. Ұсыныстарын – аурудың аузына тосқан «оттегілік жастықшалармен» теңестіруге болады. Бірақ мұндай «кислородная подушкалар» режимнің ғұмырын мәңгілік ете қоймасы анық.

МҰНДА БИЛІККЕ ЖАҒЫНУШЫ ЖАҒЫМПАЗДАР КӨП…

 

Журналист жазушы Серік Пірназар: Ұлттық кеңес. Шыны керек, оның құрамы көңілден шыққан жоқ. Біздің ұғымымызда ол халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болуға тиісті еді. Мына қалпына қарағанда, оның мұндай мелдет атқара алатындай меселі жоқ. Бұл шын мәнінде негізінен жай ғана ас ішіп, аяқ босататын кәдімгі нансоғарлардан құралған терме жамағат, яғни құрама команда болған да шыққан. Әлбетте, бұлардың бәрін бірдей бір шыбықтың ұшына байлап, суға батыра салуға болмайды, бірақ іштерінде халықтың сөзін сөйлегеннен гөрі билікке жағынудың да ғана жөн-жоралғыларын жасап, өз ұпайларын түгелдеп жүретін жәдігөйлер тым көп екен. Соның ішінде бұл топта мәжіліс депутаттары неге жүр? Олардың онсыз да өз құзіреттері бар емес пе? Ал мына топқа кірмесе болмайтын, болса  оларды депутаттықтан біржола босатып алу керек шығар? Сол сияқты президент әкімшілігі басшысының мұнда не үшін кіріп кеткенін де түсіне алар емеспін.

Осының бәрі бұл кеңестің билікке халық үнін жеткізетін ұйым болмай қалғанын, оның кәдімгі мәжілісқорлар жиынына айналып кеткенін байқатады.

Ал біз халық үшін шыр-пыры шығатын адамдар ұлттық кеңес мүшесі болуы керек, деп бекер қиялдап келген екенбіз.

Тағы да «бұл той той болмады, бала-шаға жеп кеттінің» кері келгелі тұр екен.

Алла ақырын берсін.

 

  ҮРЛЕМЕЙ ЖАТЫП…

 

Қанат Әбілқайыр журналист, жазушы: «Ұлттық қоғамдық кеңес құрылып, оған мүше азаматтардың тізімі жарияланды. Кешелі бері сол кеңеске қатысты түрлі сындарды оқып елдің белсенділігіне риза болып отырмын! Бұған дейін де дәл осындай білек сыбана сынаған болсақ, анау парламент атты бордақы-қорадағы зейнеткерлердің баяғыда-ақ аяғын аспаннан келтірмес пе едік деп қоямын!

Десе де, кей азаматтардың «үрлемей жатып, көзің қалай?» деп жатқаны түсініксіз! Құдай-ау, кеңестің бір жиыны өтпей тұрып бас-көз демей төмпештегеннен не өзгереді? Сәл-сәл шыдайық та…

Олардың алғашқы қарқынын көрейік. Сөзінің ыңғайын байқайық.

Бүгін қызды-қыздымен кеңеске мүше болғандардың бәрін іске алғысыз етіп тастадық делік. Оның орнына кімің бар! Рас, оншақты адамды ұсынарсыз. Сіз ұсынған сол оншақтыны тағы қаралайтын топ бар екенін неге ұмытамыз?

Тоқаев командасы қазіргі тізімді түзіпті. Депутаттар жасай алмағанды осы Кеңеспен жасайтындай ыңғай танытыпты. Жасап көрсін! Осы сенім білдірген адамдар қоғамның тамырын басып тұрып, соқталы мәселелерді көтерсін!

Мәселен, мен Ораз Жандосовқа сенемін! Қайрат Жолдыбайұлы елдік мәселеде оңай жағылатын жаңғақ емес. Даурен Қуат ағам да ұлттық проблемаға келгенде білек сыбана іске кірісетін азамат.

Басқаны білмеймін, осындай ағалар бар кеңес сондайлық әлсіз құрылым болмауға тиіс. Мәселен, ұлттық кеңеске мүше болған осындай ағаларды қосақ арасында қалдырып, негізсіз сынау қаншалықты әділетті?

Десе де, кеңес «ұлттық» деген атауды алып отырғандықтан да, қоғамдық пікірмен санасамыз» деген ұранды жалау еткендіктен де әлеуметтік желідегі кей пікірлерді ескергені жөн секілді.

Тоқаевтің командасының таңдауы түскен адамдардан өзге қоғамдық белсенділер ұсынған оннан аса тұлғаларды кеңеске мүше ету керек.

Бұл біріншіден, аталған кеңес шындығымен қоғамдық пікірмен санасатынын айғақтайды.

Екіншіден, кеңестің салмағы арта түседі.

Үшіншіден, «Қосановтың ойынынан» кейін кез-келген қадамға күдікпен қарайтын қоғамдық сананы дауалайды».

ҚҰЗЫРЕТІ ЖОҚ ҰЙЫМ ҚҰРУ КІМ ҮШІН ҚАЖЕТ?

 

Түйін сөз: Көпшілік жүрген жерде сан алуан ойлардың астасып жатуы да заңдылық. Кімнің аузына қақпақ қоярсың? Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне үмітпен қарап отырғандар өте аз. Ал қарсы тараптағылар, сенім кеңесін құрамын деп əуреге түскен билікті, өзіне деген күдікті одан ары ұлғайтты деп табылып жатыр.

«Егер біз расымен демократиялық ел болсақ, Ата заңның жолыменен жүретін болсақ онда біізге осындай кеңестің қажеті бар ма?  Бұл бір жағынан парламент пен үкіметке деген сенімсіздікті күшейтіп жібермей ме?» деген қауіп те көмейде бүлкілдеп тұр.

Заң бойынша заң жобасын үкімет жасайды. Кейін оны парламентте қарайды. Сосын қабылдап алып, оны орындайды. Ал, мына кеңес оның бәрінен жұрдай! Ешқандай өкілеттілік жоқ.  Олай болса бұл ұйымды құру не үшін керек болды?…

Айтпақшы, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы 2019 жылдың тамызында өтеді деп жоспарланып отыр.

 

Нағашыбай Қабылбек