ҰЛТТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ АРДАГЕР АНАСЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Биыл қазақ баспасөзінің қара нары, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы 80 жасқа толып отыр. Саналы ғұмырын білім беру саласына, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, ұлттық журналистиканы дамытуға және жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған қаламгердің мерейтойына орай түрлі сала өкілдерінен құттықтаулар келіп түсуде.
Жуырда мерейтой иесіне мемлекеттік деңгейде құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, 19 қазанда Сәуле Мешітбайқызын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов қабылдап, жылы жүздесу өткізді.
Кездесу барысында ұлттық журналистиканың бүгінгі жай-күйі, отандық баспасөздің қоғам өміріндегі орны, балалардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту секілді өзекті мәселелер сөз болды.
Жүздесу аясында Қанат Ысқақов мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 26 маусымдағы Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерекелік медалін табыс етті.
Сондай-ақ бірінші вице-министр Сәуле Мешітбайқызына Қазақстан Республикасы вице-президенті Ерлан Қариннің және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың мерейтойға арналған құттықтау хаттарын тапсырды.
Ерлан Қариннің құттықтау хатында Сәуле Мешітбайқызының 35 жылдық тарихы бар «Qazaqstan Dauiri» газетінің мазмұнды әрі мағыналы шығуына атсалысып, төл баспасөздің өркендеуіне үлес қосып келе жатқаны атап өтілген.
«Сіздің ұлттық журналистиканың дамуына, жас ұрпақ тәрбиесін жетілдіруге сіңірген еңбегіңізді әрдайым жоғары бағалаймыз», – делінген құттықтау хатта.
Ал Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтауында мерейтой иесінің қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қаламгер, қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп жүрген қайраткер екені айтылған.
Құттықтау хатында оның балалар баспасөзі арқылы жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтуге, шығармашылық қабілетін шыңдауға, бойына ізгілік пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге бағытталған қызметі де ерекше бағаланған.
Бұл құттықтаулар – Сәуле Мешітбайқызының ұзақ жылғы еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі.
«Баланы кітап оқуға баулу үшін алдымен газет-журнал оқуға үйретуіміз керек»
Мерейтой иесімен жүздесу барысында балалардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, мерзімді басылымдардың тәрбиелік маңызы және «Мөлдір бұлақ» журналының болашағы туралы да әңгіме өрбіді.
Сәуле Мешітбайқызының айтуынша, қоғамның рухани дамуы мен жас ұрпақтың білімге құштарлығын арттыруда баспасөздің алатын орны ерекше.
Осы орайда ол Мемлекет басшысының кітап оқитын ұлт қалыптастыруға бағытталған бастамаларына тоқталып, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға оң көзқарасын білдірді.
«Президенттің кітап оқитын ұлт қалыптастыруға бағытталған бастамалары аясында атқарылып жатқан жұмыстарға көңіліміз толады. Ел ішінде жүргендіктен, қоғамдағы өзгерістерді, жүзеге асып жатқан игі істерді көріп жүрміз. Дегенмен балаларды кітап оқуға баулу үшін алдымен газет-журнал оқуға үйретуіміз керек деп ойлаймын. Кішкентай ғана газет пен журналды оқуға дағдыланбаған бала үлкен кітапты қайдан оқысын? Оқуға деген қызығушылық баланың бойында біртіндеп қалыптасады. Сондықтан балалар баспасөзінің тәрбиелік және танымдық мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет», – деді Сәуле Мешітбайқызы.
Қаламгердің пікірінше, мерзімді басылымдар баланың оқу дағдысын қалыптастырып қана қоймай, ойлау қабілетін дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге және туған тіліне деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ Сәуле Мешітбайқызы балалар баспасөзінің бүгінгі жағдайына тоқталып, алдағы уақытта республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының таралымын арттыруға басымдық бергісі келетінін айтты.
«Алдағы уақытта “Мөлдір бұлақ” журналының таралу ауқымын кеңейтіп, оны мүмкіндігінше көп баланың қолына жеткізгіміз келеді. Балалар басылымын оқитын жас оқырмандардың қатары артса, олардың кітапқа, әдебиетке, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы да өсе түседі. Біздің мақсатымыз – баланың бос уақытын мазмұнды өткізуіне ықпал етіп, оның рухани дамуына үлес қосу. Журнал тек ақпарат беретін басылым емес, жас ұрпақтың бойына ізгілік пен адамгершілікті сіңіретін тәрбие құралы болуы керек», – деп атап өтті мерейтой иесі.
Айта кетейік, бүгінде Сәуле Мешітбайқызы – 35 жылдық тарихы бар «Qazaqstan Dauiri» газетінің және республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры. Сонымен қатар ол «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті әрі «ЕлАна» сайтының бас редакторы ретінде қоғамдық өмірге белсене араласып келеді.
Оның басшылығымен жарық көріп келе жатқан басылымдарда елдің әлеуметтік мәселелері, ұлттық құндылықтар, ана тілі, тәрбие, білім мен руханият тақырыптары тұрақты түрде көтеріліп келеді. Әсіресе балалар баспасөзі арқылы өскелең ұрпақтың танымын кеңейтіп, бойына ұлттық тәрбие мен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге бағытталған еңбегінің орны бөлек.
Елқуат Елтөре



