Ұлттық тілдің қуаты – ұлттық эфирдің жауапкершілігі

Бүгін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайына қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасындағы ақпарат, телевизия саласына қатысты негізгі ойлармен бөлісуді жөн санадым.
Ұлттық телеарнаның эфирінен естілген әр сөздің салмағы бар. Бір бала сол сөз арқылы дүниені таниды. Бір көрермен күрделі мәселенің мәнін түсінеді. Бір отбасы экраннан өз өмірін, өз құндылықтарын көреді. Сондықтан телерадио саласында тілге қызмет ету күнделікті кәсіби жауапкершіліктен басталады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзін осы жауапкершілік тұрғысынан қабылдадым. Президент көтерген міндеттер «Қазақстан» телерадиокорпорациясының шығармашылық ұжымдарына, редакторлары мен журналистеріне, режиссерлері мен продюсерлеріне тікелей қатысты.
✅ «Адам қай тілде ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алса, сол тілдің әлеуеті күшейе түсетіні анық».
Президенттің осы тұжырымы бүгінгі медианың тіл тағдырындағы орнын дәл көрсетеді. Көрермен күн сайын өзіне қызықты, пайдалы, сенімді дүниені таңдайды. Қазақ тіліндегі өнім сол таңдауға лайық болғанда оның аудиториясы да, ықпалы да артады.
“Қазақстан” телерадио корпорациясы үшін басты өлшемнің бірі – эфирдегі әр жобаның көрерменге беретін мазмұны. Бағдарламаны қазақ тілінде әзірлеумен бірге оның ойы терең, тілі табиғи, пішіні тартымды болуын қамтамасыз ету маңызды. Сол жолында жүздеген адам 24/7 жұмыс істейді. Көрермен өз сұрағына жауап тауып, кейіпкерге сеніп, оқиғадан әсер алғанда ғана қайта оралатыны анық.
Балалар мен жасөспірімдер аудиториясына келгенде бұл талаптың маңызы тіпті жоғары. Бүгінгі баланың ақпараттық ортасы кең. Ол әлемнің кез келген елінде жасалған анимацияны, бейнежазбаны, ойынды бірнеше секундта табады. Демек, қазақша өнім де оның қызығушылығы үшін бәсекеге түседі. Баланың тілін дамытуға арналған туынды оның жасын, танымын, әзілін, арманын түсінуден басталуы қажет.

«Balapan» арқылы ұсынылатын әрбір оқиға, әрбір кейіпкер баланың ана тілімен жақын өсуіне ықпал етеді. Оның қазақша сұрақ қойып, қиялдап, жаңалық ашуына мүмкіндік беретін мазмұнның құны зор. Сондықтан балалар контентінің сапасын көтеруді ұзақ мерзімді шығармашылық міндет деп қабылдаймыз.
Бұл жауапкершілік отбасылық сериалға да, танымдық хабарға да, әзіл мен ойын-сауыққа да қатысты. Экрандағы кейіпкерлердің сөзі өмірге жақын болуы керек. Көрермен олардың қуанышын да, алаңын да түсінсін. Қазақ тілі арқылы қазіргі адамның өмірін, кәсібін, қарым-қатынасын толық бейнелей алғанда ұлттық контенттің тартымдылығы күшейеді.
✅ Мемлекет басшысының «Ғылым дамыса, қазақ тілі де ғылым мен өндірістің тілі болмақ» деген сөзі ұлттық эфирдің тақырыптық аясын кеңейтуге үндейді.
Біз қазақ тілінде технологияны, медицинаны, инженерияны, экономиканы түсінікті әрі қызықты баяндай білуіміз керек. Ғалымның зертханасына, инженердің өндірісіне, кәсіпкердің жұмыс ортасына жиі үңілгеніміз жөн. Жаңа білімді өмірмен байланыстырып жеткізу көрерменнің дүниетанымын кеңейтеді әрі қазақ тілінің заманауи мүмкіндігін танытады.
Осы тұста журналистің дайындығы мен редактордың талғамы шешуші рөл атқарады. Күрделі ұғымды түсіндіру үшін алдымен оны терең меңгеру қажет. Терминді орнымен қолдану, деректі тексеру, маманның ойын дәл жеткізу – эфир сапасының негізі.
✅ Президент көтерген тілдегі бірізділік мәселесі де біздің күнделікті жұмысымыздың өзегінде тұр. Теледидар мен радиодан тұрақты естілген қолданыс көпшілікке тез тарайды. Сондықтан редакциялар тіл мамандарымен, сала сарапшыларымен байланысын күшейтіп, дұрыс жазылым мен айтылымға ортақ талап қалыптастыруы маңызды.
Әсіресе радионың орны бөлек. Радиода сөздің мағынасы, дауыс ырғағы, сөйлеу мәдениеті тұтас әсер береді. Тыңдарманмен сенімді байланыс орнататын да – осы табиғилық. Қазақ радиосының тілдік дәстүрін сақтап, оны жаңа буынның тыңдау дағдысымен сабақтастыру – үлкен шығармашылық еңбек.
Цифрлық орта осы еңбектің мүмкіндігін кеңейтеді. Көрермен мен тыңдарманның бір бөлігі мазмұнды телефоннан, әлеуметтік желіден, бейнеплатформадан қабылдайды. Сондықтан эфирде жасалған жақсы дүниенің цифрлық кеңістікте де өз аудиториясын табуына жағдай жасауымыз керек. Әр ортаға лайық баяндау тәсілі, сапалы дыбыс пен бейне, түсінікті тақырып, сауатты субтитр – барлығы маңызды.

Корпорацияның телерадио мұрағатына да осы көзқараспен қарау қажет. Онда халқымыздың дауысы, тарихи сәттері, өнері мен ойы сақталған. Сол мұраны цифрландыру, сипаттау, іздеуге қолжетімді ету арқылы оны жас ұрпақтың білім көзіне айналдыра аламыз. Кешегі сұхбаттың, сирек жазбаның, деректі кадрдың бүгінгі адамға айтары көп.
Жасанды интеллект те осы жұмыстың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Оны қолдануда тілдің табиғаты, мағынаның дәлдігі, деректің сенімділігі басты назарда болуы тиіс. Технологияның пайдасы шығармашылық ұжымның кәсіби білімімен, редакциялық жауапкершілігімен ұштасқанда артады.
Ұлттық медианың тағы бір маңызды міндеті – қоғамдағы өзара құрметті нығайту.
✅ «Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек», – деді Президент.
Эфирдегі пікірталас мәдениеті, жүргізушінің сауалы, кейіпкерге деген қарым-қатынас осы ұстанымға сай болуы қажет. Қазақ тілін үйреніп жүрген азаматтың талабын қолдау, елге еңбек сіңіріп жүрген түрлі этнос өкілдерінің тәжірибесін таныту, ортақ құндылықтарды күнделікті өмір арқылы көрсету адамдарды жақындастырады.
Тілге құрмет сөздің әдебінен де байқалады. Адамның қадір-қасиетін сақтау, орынсыз келемежге жол бермеу, өткір мәселені байыппен талқылау – ұлттық эфирдің мәдени өлшемі.
✅ «Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді».
Осы байланысты ұлттық медиа күн сайын нақты адамдардың еңбегі арқылы көрсете алады. Білімді жастың ізденісі, ауыл мұғалімінің тәжірибесі, дәрігердің кәсібилігі, өнерпаздың таланты, кәсіпкердің жасампаздығы – елдің шынайы келбетін құрайтын оқиғалар. Соларды сапалы мазмұнға айналдыру арқылы біз көрерменнің өз еліне, өз мүмкіндігіне сенімін нығайтамыз.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының қазақ тілінің болашағына қызмет етуді осындай күнделікті жұмыстан көремін. Оның нәтижесі – көрерменнің ықыласы, тыңдарманның сенімі, баланың қазақша туындыны өзі іздеп табуы.
Х құрылтайда Мемлекет басшысы қазақ тілін бірлік пен ынтымақтың, ғылым мен технологияның тілі ретінде дамытуға айқын бағдар берді.
Жүз пайыз қазақ тілінде хабар тарататын «Qazaqstan» Ұлттық арнасы үшін бұл – күнделікті шығармашылық жауапкершілік. Біздің міндетіміз – ана тілімізде сапалы, тартымды, заманауи мазмұн ұсынып, көрерменнің сенімін ақтау.