Ұлт тағдыры – жан қалауы, көтергені – ар жалауы!

Құрметті  Сәуле  Мешітбайқызы!

 Сізді мерейлі жасқа толуыңызбен құттықтаймын! 

Халқымыз өзіңізді отандық журналистиканы өркендетуге мол үлес қосып келе жатқан қоғам қайраткері, білікті ұстаз, танымал қаламгер ретінде жақсы біледі және құрметтейді.

Жас ұрпаққа білім беруден басталған еселі еңбек жолыңыз жемісті болды. Ұзақ жылғы ұстаздық қызметіңізде мыңдаған шәкірттер тәрбиелеп шығардыңыз. Мемлекеттік тілді дамыту, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, жаңа терминдерді қолданысқа енгізу бағытында атқарған жұмыстарыңыз жұртшылық тарапынан қолдау тапты. 

Бүгінгі таңда «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналына басшылық жасап, баспасөз саласының жаңа белеске көтерілуіне күш-жігеріңізді арнап келесіз. Балалар басылымын шығару арқылы өскелең ұрпақтың рухани-мәдени байлығын арттырып, олардың бойында патриотизмді қалыптастыруға еңбек сіңіріп жүрсіз. 

Алдағы уақытта да саяси-қоғамдық, тағылымы мол, әлеуметтік-ақпараттық маңызы зор істерге бастамашы болып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін.

Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр мен құт-береке тілеймін!

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті

 

Құрметті  Сәуле Мешітбайқызы!

Мерейлі мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Сіз ұлттың үлкен жүректі қайраткер қызы, парасат иесі, ардақты Ана, ұлағатты ұстаз болудың үлгісін көрсетіп, халық арасында «Ел Анасы» атандыңыз.  

Ұстаздықтан басталған еңбек жолыңыз егемен еліміздің игілігі жолында абыроймен жалғасты. Бүгінде халық пен билік арасында алтын көпірге айналған ақпарат саласында үздіксіз еңбек етіп, барлық жиған біліміңізді, тәрбиеңізді, өнегеңізді жастарды тәрбиелеуге арнап келесіз. 

Осы жолда Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың стратегиялық бағыттарын жүзеге асыруға елеулі үлес қосып, еңбекқорлық пен  адамгершіліктің және іскерліктің асыл қасиеттерін көрсетіп  келе жатырсыз.

Ұшқыр қаламыңыз бен батыл қадамдарыңыздың арқасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, егемен еліміздің руханияты мен мәдениетін дамытуға,  мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге өлшеусіз үлес қосып келесіз.  

Алдағы уақытта да Сіздің тәуелсіз мемлекетіміздің жарқын болашағы жолындағы талай игілікті істерді қолға алып, жастарға үлгі бола жүріп еңбек ете беретініңізге сенімдіміз. 

Жасыңызға жас қосылсын! Сізді тағы да мерейлі мерейтойыңызбен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, әулетіңізге амандық тілеймін!  

 

Құрметпен,  Нұрлан Нығматулин,  ҚР  Парламенті  Мәжілісінің төрағасы 

 

 

Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!

Сізді төл мерекеңіз – туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Өміріңіздің осынау беделді белесіне елге танымал белгілі журналист, талай буын шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз ретінде абырой аясында жетіп отырсыз. 

Сіздің отандық журналистика саласын дамытуға сіңірген еселі еңбегіңіздің өлшемі зор, өткір тақырыптарды көтеріп жазған жарияланымдарыңыздың қашанда мазмұны терең, оқылымы көп. Сондықтан да сізді қатары қалың оқырман қауымы биік бағалайды, зиялы орта құрметтейді.

Қазақ баспасөзінің көрігін қыздырып, қарымын арттыру жолында талмай еңбек ете беріңіз.

Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық шалқар шабыт тілеймін.

 

Құрметпен, Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі  

 

Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!

Сізді 75 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Осынау жылдар белесінде сіз мағыналы да мазмұнды өмір жолынан өтіп келесіз. Түрлі қызметтерде болып, отандық педагогика, журналистика салаларының өркендеуіне өз үлесіңізді қосудасыз. Еңбек жолыңызды қарапайым ұстаз ретінде бастап, іскерлігіңіз бен кәсіби біліктілігіңіздің арқасында басшы лауазымдарға дейін көтеріле білдіңіз. Сіз тәрбиелеген шәкірттер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде елеулі қызмет етуде. Бұл – ұстаздық жолындағы ерен еңбегіңіздің жемісті нәтижесі.

Сондай-ақ сіз журналистика саласында да айтулы табыстарға қол жеткізе білдіңіз. Республикалық бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында басшылық қызметте жүріп, қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің шешілуіне айрықша үлес қосудасыз. 

Шығармашылық жолыңыздағы ізгі ізденістеріңіз нәтижелі болып, толағай табыстарға ұласып, әрдайым халқымыздың ыстық ілтипатына бөлене беріңіз!

Сізге алдағы уақытта да абырой биігінен көріне беруіңізді тілеймін. Денсаулығыңыз зор, ырыс-дәулетіңіз мол болып, шаңырағыңыздан шаттық арылмасын!

 

Ізгі ниетпен, Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі

 

 

Құрметті  Сәуле Мешітбайқызы!

Сізді 75 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! ​ ​ ​

Өзіңізбен сыйлас іні ретінде кәсіби шеберлігі жоғары тұлға, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, қоғам мен ел алдында зор беделі бар ұлтжанды азаматша деп білемін, құрметтеймін.​ ​ ​ ​ ​ ​

Адалдықты ту етіп, қоғамымыздағы жасалып жатқан ізгілікті, жақсылықты жазу арқылы халықтың рухани кемелденуіне үлес қосып, жақсы мен жаманды қатар айта жүріп, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбиеңізді сіңіріп, дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп келесіз. ​

Ел анасы ретінде өзіндік өмір өрнегіңізбен еліміздің өсіп-өркендеуіне, патриотизм, тіл, мәдениет, телеарна, ағартушылық, білім, қазақ журналистикасы саласының дамуына зор үлесіңізді қосып жүрсіз. Ұстаздық ұлағатыңызбен қоғамдық-танымдық, рухани-мәдени, әлеуметтік саланы дамытуда өзіңізге тән ізденімпаздығыңызбен, жаңашылдығыңызбен, идеялардың көптігімен ерекшелендіңіз. Алтын бесік Ақтөбе өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы қарқынды қадамдары мен ілкімді істерін, тың жаңалықтарын ақпарат айдынына жарыққа шығаруда көп еңбек сіңіріп келесіз.​ Түрлі лауазымды қызметтерден адал еңбекпен сатылап өсіп, Елбасының сенімін ақтап, Мемлекет Басшысының сындарлы саясатын қолдап, өзіңізге көрсетілген сенім мен жауапкершілік міндеттерін абыроймен атқарып отырсыз.

Ұлт саясатын, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда, ақпарат құралдарында мемлекетіміздің оң имиджін қалыптастыруға шығармашылық қызметіңізбен қызу қолдап танытудасыз. Ел мерейін асқақтатып, ұлт беделін өсіру жолындағы ізгілікті істе қанатыңыз талмасын, қажыр-қайратыңыз қашанда арта бергей!

Мерейтойыңызбен құттықтай отыра сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, ұзақ ғұмыр, қызметте толағай табыс, бақ-береке тілеймін!

 

​Құрметпен, ​Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі

 

 

Аса құрметті  Сәуле Мешітбайқызы!

Сізді 75 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Сіз саналы ғұмырын елдік мұратқа, ұлттың ұпайын түгендейтін ірі істерге арнаған аяулы жансыз. Еліңіз сізді көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ардақты апамыз ретінде жақсы біледі әрі қадірлейді. 

Еңбек жолыңыз отыз жылдан аса ұстаздық еткенде балалардың нәзік жүректеріне жол таба білетін өз ісінің нағыз хас шебері болдыңыз. Ана-ұстаз ретінде үлкен жүрегіңізбен балалардың өмірден өз жолын тауып, кейін еліміздің мықты азаматы болып қалыптасуына ықпал еттіңіз. Кейінгі жылдары республикалық «Qazaqstan dauiri» газетінде жауапты қызметті абыроймен атқарып, сенім үдесінен шықтыңыз. 

Кемел біліміңіз бен бай тәжірибеңізді еліміздің Тәуелсіздігін нығайту ісіне арнап келесіз. Қазақстандық патриотизмнің қалыптасуы мен мәдениетінің дамуына, отбасы, көші-қон мәселелері, мәдени, тарихи ескерткіштердің сақталуы, мемлекеттік тілдің дамуы сияқты көптеген мәселелердің шешілуіне де үлесіңіз өте зор. Міне, осындай ұзақ жылғы жемісті еңбегіңіз мемлекет тарапынан да лайықты бағасын алып, халықтың қошеметіне бөлендіңіз. Бүгінде ақпарат құралдары арқылы халықтың тілегін билікке жеткізіп,  қоғамның ауыр жүгін арқалап жүрген «Ел анасы» атандыңыз. 

Қадірлі Сәуле апай!

Сізді туған күніңізбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, еліміздің гүлденуі жолында атқарып жатқан ілкімді істеріңізге толағай табыстар тілеймін!

Мерейтойыңыз құтты болсын!

 

Құрметпен,  Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі   

 

 

Қазақ халқының киелі перзенті, парыз арқалаған парасат иесі, Ұлттық мүдденің  жанашыры, ел анасы, қоғам қайраткері, шындықтың шырақшысы,

Ақиқаттың алауы – Сәуле Мешітбайқызы 

 

Сағыныш толы жанарын қадап Отпанның   биік шыңына,

Абыз даланың қанбайтын мөлдір сырына.

Манаты  жақтан мамырлап бұлттар көшкенде,

Иегін артып Үстірттің  үнсіз қырына.

Арманнан аққу жүздіріп Қашағандардың  жырына.

 

Апамыз солай әулие көрсе тоқтай ғап, 

Жанартау болып кететін, жағалай шырақ, оттай нақ.

Ананың уыз дұғасы – ақ тілек болып төгіліп,

Самарқанның  көк тасындай балқытып, жүрегіңе шоқ байлап.

…Қорамсаққа қол салып, ойқанасың оқ сайлап.

 

Ер Бекеттің елінде  Сәуле апама төр дайын,

Төрлет, апа, киелі, Маңғыстаудың көр жайын.

Көкмойнағы желбіреп, көлқайнары мөлдіреп, 

Досқа – ашық босаға, ал, дұшпанға – өр дәйім.

Қауызына сендік аппақ ниеттің, тамшы нұр боп орнайын.

 

Есіміңіз елге қанық, Түбекке, өз ботасын  нар маядай іздеген,

Адай Атам  әруағымен демеген, Маңғыстаудың қызысыз ғой, Сіз деген.

Жетпіс бес жас – мейірім мен қанағат, келуші еді бір ақ бауыр қарлығаш,

Сәуле апа – жанның жарық жылуы, күтіп жүрміз біз деген.

Үш жүз алпыс Әулиесін тербеткен, тағы да бір жүріп өтсек, тарих толы ізбенен.

 

Өр мінезің – өміршіл, жан қалауың – ұлт тағдыры, ұраның,

Жер жәннаты – Жетісу, Саумал бұлақ – Сарыарқа, 

Аппақ сүттей – көңілің, бір қолыңда құраның.

Жайқалады құрағың,

Гүлденеді Тұраның,

Айтылады бір әнің!..

Мен де күйге келтірем, домбырамның құлағын.

Барлық таудың басына жағып шығам ұлттың ұлы шырағын!..

Сәуле апа, шашсын саған тіршіліктің сәулесін, анау Ай мен мына Күн.

Мырза Құдай сағасынан жарылқар, болашақтың бұлағын.

Шыда, Апа, үмітіңді үкіле,

Құттықтаймыз құрметпен, ізетпен,

Хақтан қайыр сұрағын.

 

 

Құрметпен,  ініңіз  Сабыр Адай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ақтау қаласы

 

Халықаралық “Qazaqstan dauiri” газетінен

(Жалғасы бар)