Notice: Uninitialized string offset: 0 in /var/www/vhosts/elana.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-recovery-mode-email-service.php on line 1

Notice: Uninitialized string offset: 0 in /var/www/vhosts/elana.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-recovery-mode-email-service.php on line 1
Ұлағат Ханзада: «Даланың қазағы шетелдің етігін тұтынуды ойына да алмайды» - "ЕлАна" әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты

Ұлағат Ханзада: «Даланың қазағы шетелдің етігін тұтынуды ойына да алмайды»

Соңғы кездері отандық өнімге деген қызығушылықтың артып, дәстүрлі қолөнердің заманға сай дамып жатқанына куә болып жүрміз. Өйткені көненің көзі, ескінің ізі болғанымен, шеберлердің тіккен ұлттық киімдерінің, жасаған бұйымдарының шетелден келетін заттардан әлдеқайда сапалы екеніне әсте-әсте болсын көз жеткізіп келеміз. Осы бағытта он саусағынан өнер тамған ұсталарды қолдап, жасаған өнімдерін халық арасында насихаттап жүрген Ұлағат Ханзадамен жуырда тілдесудің сәті туып, Астанадағы «Самғау» базарына арнайы ат басын бұрған болатынбыз. Журналистика саласында 12 жылын сарп еткен бүгінгі кейіпкеріміз ұлттық өнеркәсіп саласына кездейсоқ келген жан емес. Ендеше, кезекті ашық сұхбатқа берелік.

— Ұлағат мырза, журналистикадан бірден ұлттық өнеркәсіпке бет бұру қиынға соқпады ма?

— Қордайдағы былғары зауыты мен осы кәсібімді қолға алардың алдында 8-9 жылдай тоқтап тұрған екен. Сөйтіп, жекеменшікте болса да мемлекет қарамағындағы кәсіпорын басшылығымен келіссөз жүргізіп, мен де өз жұмысымды бастап кеттім. Әрине, шетелге тапсырыс беріп, жылдам пайдаға кенелуге болушы еді. Бірақ менің әуелдегі мақсатым бір тиын болса да қазағымның қалтасына түссе екен деген ой болды. Яғни материал да, зауыт та, тапсырыс беруші де өзімізден болса, сыртқа ақша кетпесе, қандай ғанибет! Осы кәсіпті дөңгелетіп келе жатқаныма бүгінде бес жылдың жүзі болса да, ұлттық қолөнерді халық арасында кеңінен насихаттауды 2006 жылдан бастадым. Мәселен, сипаттама ретінде тілде бар да, материалдық жағынан жоғалған дүниелерді табуға атсалыстық. Оған шеберлердің көп көмегі тигенін айта кетейін. Солармен бірігіп, кітаптан ізденіп, ескіше атауларды қолөнерімізге қайта әкелдік. Сөйтіп, бұл да бір біткен іс болды деп қарап отырмай, халықтың сол затты тұтынуына жағдай жасадық. Басында бір-екі данадан ғана тапсырыс алсақ, Аллаға шүкір, уақыт өте келе сұраныс артып, кәсібімізге жан кіріп, бір өзім игере алмай, жаныма көмекші алатын жағдайға жеттім.

— Қазақ елі сіздің тауарларыңызды толық танып үлгерді ме?

— Соңғы бір-екі жылға қарағанда, биылғы жетістіктеріміз, Аллаға шүкір деп айтайын, өте жақсы. Мысалы, Астанада өкілдігіміз бар, Қарағандымен келіссөздер жүргізудеміз. Қызылордадағылармен жұмысымыз алдағы бір айда басталмақ. Негізінен, біздің «Hanzada.kz» компаниясымен келісім жасаушылардың ең бір ұтатын тұсы — мейлі ол іргеміздегі аймақтар болсын, мейлі шалғайдағы болсын, қолөнер шеберлерімен келісімшарт жасағанмен бірдей. Себебі еліміздің түкпір-түкпіріндегі шеберлеріміздің тұтынатын материалдары біздің зауыттан шығады. Яғни бізге де, он саусағынан өнер тамған шеберлерімізге де тиімді. Бастысы, бағасы жағынан біз басқалардың нанына ортақтаспаймыз. Тасымалдаудағы жол шығыны мен сауда нүктесіндегі орнымыздың жалға алу ақысын қосқанның өзінде шеберлеріміздің қойған ортақ бағасынан асыра қоймаймыз. Біздің мақсатымыз — тұтынушыға тауарды делдалсыз жеткізу. Бір сөзбен айтқанда, делдалдың қызметін түгелдей өз мойнымызға алып отырмыз. Бір айта кететіні, біздегі агроөнеркәсіптің кенжелеп қалуының бір себебі — күнделікті керек-жарақтың жоқтығы. Айталық, малшыларымыз атқа қажет өмілдірік, құйысқан, жүген, ноқта, таралғы, тебінгі, тартпасы, сағалдырығы, тіпті, қамшысының бүлдіргісіне салатын қайысты, қоржынға дейін шетелден сатып алып отыр. Бұл олардың жалқаулығынан емес. Әлі күнге бабаларымыздың дәстүрін жалғап, ерсілі-қарсылы көшіп-қонып жүрген ағайындарымыз жоқ емес. Байлар секілді «Джип» мініп мал қайтарып емес, ат үстінде жүрген бауырларымыз жетерлік. Бүгінде соларға арналып шетелден «Еуропалық» деп етіктер келуде. Бірақ олар оны кимейді, тұтынуды да ойына алмайды. Оның екі себебі бар. Біріншіден, әлгі «импортный» етіктер суыққа, күнделікті қар кешуге жарағанмен, атқа мінуге жарамайды! Неге? Өйткені оның табаны резинадан болғандықтан, аттың темір үзеңгісіне аяғыңды салғанда үзеңгі етігің тұрмақ табаныңды қарып жібереді. Табаны қайыстан болмағандықтан, ұлтаны пластмасса мақтаулы шетел етіктері қыстыгүні атқа мінуге мүлдем жарамсыз. Екіншіден, олардың былғарысы шошқаның терісінен жасалады. Яғни бірыңғай суық тартатын материалдан жасалған етікпен Арқаның 40 градус немесе шығыстың 50 градусқа дейінгі аязында атқа мінем деп ойламаңыз. Шошқаның терісінен жасалғандықтан, ол тез ылғалданады, ал аяғың сәл ылғалданды дегенше аттың үстінде үсіп өлдім дей бер.

— Өзіңіз аңшылықпен айналысасыз ба?

— Өзімді аңшымын деп сенімді түрде айта аламын. Тазы, төбет, бүркіт ұстаймын. Қолымыздан аттың тәуірі, иттің тәуірі, құстың тәуірі үзілген емес. Сондықтан өзім атқа мініп, аңға шыққанда аяғымдағы етіктен қандай кемшілік көрдім, соны дамытуға әрекет қылдым. Қазақтың байырғыдан келе жатқан көк етік, көне етіктерінің сол жақ сыңарының ұшы сүйірлеу, ал оң жағы доғалдау болып келеді. Өйткені сол жақ аяқты үзеңгіге салып, атқа қарғып мінуге осылай ыңғайлы. Керісінше, оң жағының доғал болуының себебі — қазақ оған ежелден найзасын, құрақ, бақанын, ең болмаса ұстаған бүркітінің балдағын тіреп отырады. Біздің өндіріп отырған етіктеріміз сол стандартта жасалған. Сондықтан тұтынушыларымыздың басым бөлігі аңшылар мен малшылар. Олар оны сәндік, қысқы етік ретінде де киіп жүре алады. Қазақта түрлі әшекеймен оқаланған етіктер болған. Бірақ басы мен қонышы емес, көбіне өкшесі жалт-жұлт етіп тұрған. Тағы бір баса айта кететіні, біз бабаларымыздың етік жасау технологиясынан асырып ештеме жасап жатқанымыз жоқ. Олар қалай тұтынды, біз де Еуропа сияқты сән қумай, солай тұтынуымыз керек деп есептеймін. Мынау шетелден келіп жатқан жуан санға дейін жететін әйелдеріміз тұтынып жүрген «Батфорд» етіктері қазақтың соңғы ханы Кенесарының қарындасы Бопай анамыздың етігінің үлгісінде жасалған. Олардың көшірме екенін мұражайдан Бопай ананың етігін ұстап көрген адам бірден түсінеді. Киім өркениетін айтып жатырмын ғой. Мәселен, Сәкен Сейфуллиннің киген туфлиінің мұражайда көшірмесі тұр. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында Сәкен тұтынған сол туфлидің табаны мен өкшесі қайыс, бұзаудың терісінен жасалған. Бұл жөнінде алаштанушылар білуі керек. Бір қызығы, дәл сол модельді, дизайнды Сәкен киген туфлидегідей қайыстан өкше құрау тәсілін Италияның «Fabi» деген бүгінде брендке айналған кәсіпорны көшірген. 1956 жылы болуы керек, аталмыш компания С.Сейфуллин киген туфлидің үлгісінде қайыстан аяқ киім өндіруді бастап кеткен. Бұған нақты дәлел, деректер бар. Ал оған дейін еуропалық аяқ киімдердің өкшесі ағаштан жасалған.

— «Fabi» тауарлары секілді қала тұрғындарына лайықталған етіктер бар ма?

 — Ата дәстүрдегі қолөнерді дамытуды қолға алдым дегенмен, бізге де күн көру керек, бизнес болғасын пайда да табу керек, жұмысшыларыма айлық беру керек. Бір ғана мысал айтайын, аңшы және малшы тұтынушыларым киіп жүрген қысқы етікті мен 2007 жылдан бері киіп келемін. Сол кездері аяғымнан шешіп аламын деп «сат та сатқа» басқан жігіттер де болды. Ең алғаш рет көпшілік алдында Бекболат Тілеухан ағамыз «Намыс» журналының тұсаукесерін жасағанда киіп бардым. Бабаларымыз тұтынған етікті мен киіп кіріп келгенде аяғыма бәрі қарап, содан менің кәсібім ілгері жылжыды. Ал сол киген етігімді Жәңгір ханның мұражайдағы етігінің көшірмесін суретке түсіріп алып, Моңғолиядағы бауырларымызға жасатқан болатынмын.

МҰРАЖАЙ СИЯҚТЫ ДҮКЕН

«Жақсыны көрмекке» дегендей, Елорданың алып базарынан ойып тұрып орын алған Ұлағат Ханзаданың дүкенінен құрқол қайтса да, таң-тамаша болып кететіндердің санында есеп жоқ. Тіпті, сауда орнынан оның бренд бутигін адаспай табасыз.

— Ата-бабамыздың тұтынған киімдерінің әрқайсысының өзіндік атауы мен қызметтері болған. Мен кез келген тұтынушыны қолынан ұстап алып дүкендерімізде ілініп тұрған киімдердің бабаларымыздың тіліндегі шекпені, тоны, шапаны, тұлыбы мынау деп соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп бере аламын. Біздің киімдерімізді көруге келгендерге бәрін тәптіштеп, заттардың материалына дейін сипаттап, тарихына дейін айтсам, олар «сіздің дүкеніңіз дүкен емес, мұражай сияқты» деп күліп кетеді. Бұл да менің бір мақсатым. Қазіргінің қазағы отандық өнімді тұтынып қана қоймай, ол туралы жетік білуі де ләзім. Бүгінгі таңда саудамыз сондай керемет болып, аспандап кетіп жатпаса да, осындай ақпаратымызға қызығып келетіндер де бар.

%d0%bc%d1%8b%d1%811

— Еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатқан етіктеріңізде айырмашылықтар бар ма?

— Мұны ешкім де елге бөлу деп түсініп қалмасын, етіктерімізді еліміздің орталығынан батысына дейін және шығысына дейін екі бөлек етіп жасаймыз. Өйткені екі жақтың ауа-райы, климаты, ылғалдылығы екі түрлі. Мысалы, қалыңдығы 1,6 миллиметр болатын сиыр терісінен жасалған етікті Шымкенттің қазағына бердік делік. Бір айдан кейін оны тұтынған адамның жүрегі қысылып қайтыс болуы әбден мүмкін. Бұл медициналық тұрғыдан дәлелденген. Тананың, торпақтың, баспақтың терісінен тігілген аяқ киімдерді біз оңтүстіктен батысқа дейін жөнелте береміз. Ал қысы-жазы су кешіп жүретін Арқаның, Шығыс Қазақстанның қазақтарына бұқаның терісінен, онда да мойын жағынан немесе жон арқасынан пішілген етіктер сатамыз. Көшпелі қазақ өркениетін, солардың дүниетанымын ескеріп, аяқ киім түрлерін жасап шығарамыз. Бұл жағынан бізге Дәркенбай ұстаның көзін көрген шеберлердің көп көмегі тиді. Дәркенбай Шоқпарұлы — қазақтың 5000 сөзін экспонатқа айналдырған тұлға. Мәселен, ұластыру деген сөз бар. «Тойың тойға ұлассын!» деп жатамыз. Бұл бір тойың бітпей жатып шаңырағыңда екінші той болсын деген ниетте айтылған. Ал сол сөз металл өңдеу технологиясында бар. Өзіндік температурасында қызған екі металды бір-біріне қосу әдісі ұластыру деп аталады. Шекістіру деген де бар. Қазақ «Ер шекіспей бекіспейді» дейді. Мұның мәні қызған екі түрлі металдың суып, көгерген шағында инерциямен соққанда жабысып қалуында жатыр. Бұдан «Тайқазанның» жасалу технологиясын көреміз. Тағы бір қызықты айта кетейін, бір кездері замш деген материалдан біз де жасап көрейік дедік. Сөйтіп, Қытайдың, Түркияның жасаған замш аяқ киімін өндіріп едік, тері жарылғандықтан, биттің қабындай екен, сапасыз болып шықты. Содан баяғы атаулардан іздеп көрдік. Күдері деген материалды тауып алдық. Кәдімгі Қазтуғанның жырынан білетін боларсың: «Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз. Күдеріден бау тағып Кіреуке киер ме екенбіз?» — деген бір ғана шумақтағы күдері дегенді тауып, бір марқайып қалдық. Бабаларымыз қолданған бұл материалдың әлем тілдерінде баламасы жоқ деп сенімді түрде айта аламын. Ол қандай десеңіз, мал терісінің сойылған беті қайысқа жонылып, сыртқы жүндері тықырланып алынады. Бірақ тері жармай өңделеді. Ол болаттай берік болғандықтан, кіреуке деп тұрғанымыз сауыт болса, соның бауын бабаларымыз күдеріден жасаған. Жақында көкпаршы жігіттер бізде қонақ болып, күдеріден жасалған қос алақандай ғана қиындыны қолдарына ұстаттым. Сонда бабаларымыздың былғары өндірудегі даналығы ғой, әлгі тепсе темір үзетін жігіттер күдеріні үзе алмады.

— Біз білмейтін немесе тұрмыста қолданылмай жүрген басқа қандай материалдар бар?

— Мен іздеп жүрген мауыты деген материал бар. Жүсіпбектің әкесі Аймауыт па, ал енді аймауыт деген не десең, ол сауыттың бетінде тұратын шарайнаны айшық формасында жауып тұратын матаның түрі екен. Жақында қолыма мауыты деп қиынды ұстатқан еді, бірақ ол мауытыға жақын материал. Оның құрамы кендірден жіңішке күдері жіп, иленген былғары, құрым және жылқының қылынан тұрады. Ал енді соны өндіру технологиясын таба алмай жүрмін.

«АЛЫПСАТАР АТЫҢ ШЫҚСЫН, АЛТЫҒА АЛЫП, БЕСКЕ САТ»

Ұлағат Ханзада отандық өнімдердің сауда айналымында, жалпы нарықта еленбей келе жатқанының негізгі себебін түсіндірді. Дизайнды жарасым деп түсінетін ағамыз: «Аяғыңа кигенің қанша сәнді болса да, жарасып тұрмаса, не қажеті бар?» — дейді. Аяқ киімдерінің табаны бірыңғай қайыстан жасалған отандық өнімді көргенде бабаларымыздың «сұлуынан жылуы» деген тәмсілі еріксіз еске түсті.

— Бізде әлі күнге сенбестік басым. Қазақы нақыштағы дүние, отандық өнім десек, санасы «қазақтар не жасай алсын» деген кереғар пікірмен уланған жұрт ат-тонын ала қашады. Италия, Түркиядан келетін бренд өнімдерден біздікі әлдеқайда сапалы, ал бағасы екі-үш есе арзан болса да, халықтың көңілінің бұрмауы сол идеологияның кесірінен деп білемін. Дизайнда кемшілік бар шығар дейсің, тағы да бабаларымыздың нақылын мысалға келтірейін: «Аяқта аяқ киім тар болса егер, не пайда дүниенің кеңдігінен?» Осы сөздің өзінде бабаларымыздың аяқ киім өндірісіндегі таным-түсінігі жатыр.

— Бәлкім, бағасы алаңдататын болар?

— Бізде мынадай бір парадокс бар. Егер тауардың бағасы қымбат болса, демек ол сапалы. Бірақ бұл барлығына қатысты деген сөз емес қой. Бабаларымыз «Алыпсатар атың шықсын, алтыға алып, беске сат» дейді. Міне, нағыз қазақтың саудасы осы. Біздің дүкендерімізде сатылатын отандық өнімдеріміздің жасалу технологиясы шетелдікінен он есе артық, бағасы екі-үш есе арзан. Мұны қайталап айтудан жалықпаймын. Тағы бір сананы улаған «бренд» деген ұғым бар. Өткенде ғана өз көзіммен көрдім, бір жас жігіт Түркияның шүберек аяқ киімін 39 мың теңгеге алды. Кейін сол жігіт айналып біздің дүкенге келді. Он екі мың теңгенің былғарыдан жасалған аяқ киімін көрді, ұнатты, киіп бір байқады. Бірақ жанарынан «Аға, мынауыңыз подделка емес пе?» деген сөзді оқып қойдым.

— Дегенмен, мемлекет тарапынан қолдау бар ғой?

— Бізде шағын өнеркәсіпті қолдау, бизнесті өркендету деген сияқты бағдарламалар бар. Бірақ соның баршасы Кеңес үкіметінен қалып кеткен жалған ұранға, жадағайлыққа айналып кеткен. Одан кейін бизнес бастаған кәсіпкерлердің бір-бірінің тауарын тұтыну аты
мен жоқ. Қарапайым ғана мысал, Индира Ганди Англияның отарынан егемендігін ала салысымен төрт жылға дейін ағылшын тауарларын тұтынудан бас тартты. Осы арқылы олар сариды, яғни жамылғыны көптеп өндіріп, кейін ұлттық киіміне айналдырып жіберген. Мемлекеті отандық өнімін қолдады. Мен мемлекет деп билікті айтып отырғаным жоқ. Билік мемлекеттің ары кетсе екі пайызы, қалғаны тұтастай халық. Сайып келгенде, халықтың отандық өнімге деген түсінігін дұрыс жолға қойып алу керек.

— Жарнама мақсатында танымал ағаларымызға өтініш айтып көрдіңіз бе?

— Елімізге белгілі ақын-жазушылармен, әншісазгерлермен аралас-құралас, ағалы-інілі болып сыйласып кеттік. Бірақ олар өздері біздің бұйымды ұнатып, өзі тұтынып немесе балаларына алып бермесе, жақындары, достарына сыйлап жатпаса, ондай жарнамадан не пайда? Ағаларымызды шақырып алып, суретке, видеоға түсіріп алып, кейін иығынан тонды, аяғынан етігін шешіп алып, алғыс жаудырып шығарып салғаннан не ұтамыз? Олай өзімдіөзім алдаудың не қажеті бар деп ойлаймын. Абайдың айтқаны бар ғой: «Алдаудың ең жаманы — өзін-өзі алдау. Себебі алдаушы мен алданушы бірге болады», — деген. Қазір интернет деген жақсы ғой, желілерде тауарларымызды суретімен бағасын көрсетіп, жарнамалап тұрамыз. Рас, жақында Досымжан Таңатаров ағамыз дүкенімді жарнамалауды ұсынды. Ол кісіні «инстаграм» желісінде жүз мыңнан астам адам оқиды екен. Алайда мен келіспедім. Өзіңіз ұнатсаңыз алыңыз дедім. Тапсырыспен бір тымақ жасатты. Кейін қарасам, «инстаграмына» салыпты, бірақ тымақты жақынына сыйлап жіберіпті. Жиын-тойда, басқосуларда жолығып қалатынымыз болмаса, күнде бірге дастархандас болып, жақын араласып көрмеген Аманжол Әлтаев ағамыздың өзі жақында бізге келді. «Осы дүние кенжелеп қалды-ау, кім бастар екен деп жүрген едім. Ұлағатжан, сен бастапсың, біз де бір қосшылығымызды білдірейік» деп етік алып, ер-тоқымға тапсырыс беріп кетті. Міне, осындай ағаларымыздың өздері шынайы ниетпен келіп тапсырыс беріп, керек-жарақтарын сатып алып жатқан жайы бар.

—«Hanzada.kz» брендке айналып үлгерді ме?

— Брендке бірте-бірте айналамыз деген ойдамын. Қазіргі кезде тауарларымызға ортақ атау болып кеткен «Hanzada.kz» тек аяқ киімдерге ғана жүрмейді. Өйткені шетелдік бренд аяқ киім кәсіпорындары бізге тапсырыс беріп жатыр. Доллардың қазіргі жағдайында оларға осы жол тиімді болып тұр. Атай кетсем, олардың қатарында жоғарыда айтқан «Fabi», «Koton», «Baskoni» секілді бренд фирмалар бар. Бір қуантарлығы, д о л л а р д ы ң осы деңгейінің арқасында ішкі өнімнің бәсекеге қабілеттілігі енді көрініп жатыр. Мысықтілеу болмайын, бірақ та алдағы уақытта да көк ақшаның құны осы күйінен танбаса, екі-үш жылдың ішіндегі отандық өндіріс орындары жағдайларын әлдеқайда күшейтіп алатынына сенімім мол. Сондай-ақ, Алматыдағы «Достық Плаза», «АДК» секілді сауда орындарындағы көптеген бутиктер Қордайдағы зауыттың өнімдерін халыққа сатып отыр. Себебі белгілі, шетелден тауар әкеліп Қазақстанға сату бүгінгі күні қиын мәселеге айналып отыр.

— Сонда тұтынушы қазақтар шетелдің брендінен аяқ киім алдым деп жүреді екен ғой…

— Иә, даңғой қазаққа да керегі сол ғой. Кейбіреулер бұл өз-өзімізді алдау емес пе деп жатыр. Бірақ қазіргі замандағы нарық талабы солай. Көшіруден алдына жан салмайтын Қытай біздің де бұйымдарымызды көшіруге әрекет жасап жатыр екен. Бұл — қуантарлық жағдай. Соның өзінде біз олардан алда боламыз. Өйткені біздің еліміздей Қытайда далада шіріп жатқан, өртеліп жатқан малдың терісі жоқ. Олар да тек шошқаның терісінде есеп жоқ. Ал былғары технологиясынан аз да болса хабары бар адам шошқаның терісінен жасалған аяқ киімді тұтынбайды.

— Сыр-сұхбатыңызға көп рақмет! Кәсібіңіздің нәсібін көріп, елдің алғысына бөленіп жүре беріңіз!

Сұхбаттасқан — Ермұрат Назарұлы