Түркі Кеңесінің алғашқы медиа форумы өтті

22-24 қазан аралығында Түркия Республикасы Президентінің коммуникациялар басқармасы мен Түркі Кеңесі Хатшылығының ұйымдастыруымен Стамбул қаласында алғаш рет Түркі кеңесі медиа форумы болып өтті. Бұл форумға Түркия Республикасы Президентінің Коммуникациялар жөніндегі директоры профессор Фахреттин Алтун, Әзірбайжан Президентінің көмекшісі, Президент Әкімшілігінің Сыртқы саяси мәселелер бөлімінің меңгерушісі Хикмат Гаджиев, Түркі Кеңесінің Бас Хатшысы Бағдат Әміреев, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Президенті Ерсін Татар, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия елдерінен келген лауазымды тұлғалар мен журналистер қатысты. Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық, саяси газетінің атынан форумға қатынасу орайы бізге бұйырды. Төменде осы айтулы форум туралы ретімен баяндауды жөн көрдік.

 

Түркия серіктестікке дайын

22 қазан күні 9:30-да басталған форум Түркі Кеңесінің Бас Хатшысы Бағдат Әміреев мырзаның құттықтау сөзімен ашылды. Бағдат Құлтайұлы өз сөзінде соңғы 2 жыл ішінде Түркі Кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірге қадам басқанын, ұйым саяси, сауда-экономикалық және басқа да салаларда елеулі табыстарға қол жеткізгенін, бірлескен ынтымақтастықтың тетігі, ортақ дауыс және Түркі әлемінің тұғырнамасы болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ жаһандану дәуірінде интернеттің дамуымен әлем бірыңғай ақпараттық-коммуникациялық кеңістікке айналғанын атап өтті. Ол осы қиын-қыстау кезеңдерде Түркі әлемі әлеуметтік желілер мен байланыс арналарындағы, әсіресе Қарабахтағы азаттық соғысы кезіндегі бірлескен әрекеттерімен ынтымақты көрсете отырып, біртұтас әрекет еткенін атап өтті. Бас Хатшы Түркі Кеңесі ортақ ақпараттық кеңістік құра отырып, елдер арасындағы БАҚ және ақпарат саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі қызметті жүзеге асыруды жалғастырады деп басып айтты.
Келесі кезекте Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның форумға арнаған бейне үндеуі көрсетілді. Президент мырза БАҚ және коммуникация саласында тәуелсіздік алудың маңыздылығын атап өтіп, Түркі әлемін тәжірибе алмасу, күш-жігерді біріктіру және қазіргі әлеуетті барынша тиімді пайдалану жолдарын іздеу арқылы осы тұрғыда бастамалар жасауға, сонымен бірге әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат мәселесін атап өтіп, бақылаудың болмауы демократияға да, әлеуметтік әлемге де қауіп төндіретінін атап өтті.
Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Президенті Ерсін Татар Түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығы үшін Медиа-форумның шешуші рөлін атап өтіп, Солтүстік Кипрдің БАҚ-тағы қиянатқа қарсы күрестегі тәжірибесіне егжей-тегжейлі тоқталды.
Бұдан соң Форумның ұйымдастырушы, Түркия Республикасы Президиумының Коммуникациялар жөніндегі директоры профессор Фахреттин Алтун сөз алды. Осы форумға қатынасып отырған барлық азаматарды шын жүректен құттықтаған Фахреттин мырза: «осы сапарларыңызда сіздер өз елдеріңізде, өз жерлеріңізде жүргендей сезініңіздер. Бұл медиа форумның бауырластық байланыстарымызды нығайтуын тілейміз» деді. «Түркі Кеңесінің алғашқы саммиті осыдан он жыл бұрын Қазақстанда өткізілген еді. Онда мүше елдердің іскерлері арасындағы қатынастарды жетілдіру мақсатымен Түркі Бизнес Кеңесі құрылған болатын. Сол алғашқы саммиттің оныншы жылында бұл жолы Түркі кеңесі медиа форумы ұйымдастырылып отыр» деді Фахреттин Алтун мырза. Бұдан ары бауырлас елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықтың көрінісіндей болған Қарабах соғысы және сол кездегі әлемдік ақпарат кеңістігіндегі түрлі жағдайларға айырықша тоқталған Фахреттин мырза: «Біздің қарсымызда қоғамды мәдени, экономикалық және идеологиялық тұрғыдан отарлауды көздейтін жалған индустрия тұр. Бұлар әлемнің түрлі аймақтарында жалған хабарлар мен «ойлап табылған» контенттер арқылы қоғамды жікшілдікке итермелейді. Біз бұған қарсы күресті ұлттық қауіпсіздік стратегиямыздың бір бөлшегі ретінде көреміз. Кейбір дәстүрлі медиа ұйымдары да қоғамның рефлекстерін сынайтын «жаңғырық» туғызуды мақсат ететін хабарлар жариялайды. Осындай «заманауи Троя аттарына» мұқият болып, барлығымыз бірлікте бұлардың зиянды істерін тоқтатуымыз керек. Біз президент Ердоған мырза айтқандай әділеттіліктің коммуникация саласында да орындалуын талап етеміз. Қазіргі кезеңде әділетсіздік пен теңсіздік кейбір орталарда ақпарат құралдарындағы билігі үстінде жалғасуда. Цифрлық фашизм және кибер империализм секілді жаңа буын қауіптер бара-бара артқан ортада өзімізді қорғаудың жолы не? Ол – үйлесімділік, ынтымақтастық, ұйымшылдық. Бұл форум осылардың нақты көрсеткіштерінің бірі. Біздің елдерімізге қарсы бағытталған түрлі операцияларды бірлікте тойтаруымыз, дұрыс информацияға бағыт беруіміз керек. Бір-біріміздің тәжірибелерімізді пайдаланып, бізді бұғаттауға тырысқан қапастарды бірлікте қиратуымыз керек. Халықаралық тәртіп өзгерген осы жаһандану заманында Түркия Республикасы Түркі кеңесіне мүше барлық бауырластарымызбен серіктестікке даяр екенімізді ашық айтамын» – деді Фахреттин Алтун.

 

 

 

Бауырластықты бекемдейтін кино индустриясы

Бұл жолғы форумға журналистерден бөлек Түркия мен Қазақстанның кино индустриясы саласының өкілдері де қатысқан болатын. Лауазымды тұлғалардың баяндамаларынан кейін келесі кезекте осы саланың басында жүрген азаматтарға сөз берілді. Түркия Республикасы соңғы кезде кино-сериал өндірісінде толағай табыстарға қол жеткізген ел. Өздерінің айтуынша, кино-сериал сату жағында дүниежүзінде АҚШ-тан кейінгі екінші орында екен. Түркиялықтардың жасаған туындылары қазіргі таңда әлемнің 70-тен астам еліндегі басты телеарналарында көрсетіліп жатыр. Түркия Радио Теледидар мекемесінің (TRT) басшылары, Анадолы агенттігінің жетекшілері мен танымал продюссерлер де осы реткі медиа форумға қатысып, түркі елдерінің ортақ тарихын кино-сериалдар арқылы әлемге таныту туралы жақсы ойларын ортаға салды. Қазақстан делегациясының құрамында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Танысбай, «ҚазАқпарат» агенттігінінен Елдос Наширали, «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев, қоғам қайраткері Тоғжан Қожалиева, актриса Альмира Тұрсын және т.б. қатысты. Қазақстандық режиссёр Ақан Сатаев түсірген, Түркі елдеріне ортақ тарихи тұлға есептелетін Томирис туралы түсірілген «Томирис» фильмі пандемия жағдайына байланысты Түркия кинотеатрларында өткен тамыздың соңында ғана көрсетіле бастаған екен. Дегенмен фильмді көрген кинотанушылар мен көрермендер жақсы бағасын беріпті. Осы жерде аталмыш фильмнің әзірбайжандықтарға қатты ұнағаны айтылып жатты. Көршілес Иран елімен қырбай болып жүрген әзірбайжандарға «парсы патшасының басын кесіп алған сақ қызының» әрекеті бақталас көршілерін шапалақпен тартып жібергендей әсер қалдырса керек…
Бұл сессияда сөз алған қонақтар тарихи тұлғалар туралы бірлесіп сериал түсіру жөнінде ойларын ортаға салды. Түркияның ірі мемлекеттік медиахолдингі «TRT» басшысы Мехмет Собаджи сөз кезегі келгенде «Қорқыт Ата» телесериалын түсіруді ұйымдастыру бойынша бірлескен жоба жасауға дайын екендігін айтты. Кино индустриясы саласында жақсы дамыған Түркия қазіргі таңда өзбекстандықтармен бірлесіп сериал түсіргені белгілі.

 

Терең тарих, кемел келешек

Форумның келесі кезеңінде Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы қатарлы бауырлас елдердің тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Терең тарих, кемел келешек» атты арнайы сессия басталды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев сөз кезегінде: «Бүгінгі таңда ел мен елдің рухани байланысын қамтамасыз ететін бір сала бар десек, бірінші орында медиа кеңістік деп айтар едік. Сондықтан осы саладағы ынтымақтастықты тереңдетуіміз керек деп ойлаймын» деді. Бұдан ары Кемелбек Бақтығұлұлы Қазақстанның 30 жыл ішінде ақпарат және коммуникация саласындағы жетістіктерін атап өтті.
Түркі Кеңесі Бас Хатшысының орынбасары Гисмат Гозаловтың модераторлығымен өткен пікірталасқа қатысушылар Түркі Кеңесі аясында БАҚ және ақпарат саласындағы байланыстарды дамыту үшін қолданылуы қажет ынтымақтастық жолдары мен іс-қимылдарды талқылады.

 

Түркі кеңесіне мүше болғысы келетіндер көп

Форумның екінші күні Түркі Кеңесінің Бас Хатшысы Бағдат Әміреев мырза қазақстандық делегация мүшелерімен кездесті. Түркі кеңесінің маңыздылығы мен түркі елдері арасындағы байланысты тереңдетудің маңыздылығын айрықша атап өткен Бағдат Әміреев абыройы күн санап өсіп келе жатқан Кеңес туралы айтты. «Қазіргі таңда Кеңеске мүше алты мемлекет бар. Алдағы уақытта Түрікменстан Республикасы да бұл Кеңестің құрамына кіретін болады. Қазір Түркі Кеңесіне мүше болғысы келетіндер көбейіп келеді. Бізге Латын Америкасы елдерінің дипломаттары ресми түрде кездесіп, Кеңеске мүше болғысы келетіндіктерін айтып жатыр. Қазірге дейін 15-тей мемлекет осындай ұсыныстарын білдірді. Ал біздің ұстанымымыз – Түркі Кеңесіне мүше болу үшін ол міндетті түрде түркітілдес ел болуы керек. Яғни мемлекеттік тілі немесе ресми қолданатын тілі түркі тілі болуы керек», – деді Бағдат Құлтайұлы.

 

Форумнан түйген ойлар

3 күнге жалғасқан медиафорум барысында ортақ тарихы бар бауырлас елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықтан бөлек ақпарат, коммуникация саласындағы селбестікті дамыту жайы кеңінен талқыланды. Форумға қатысқан түркиялық әріптестер арасында ақпарат саласының майталмандарынан бөлек, медиа кеңістігін құқықтық тұрғыдан қаматамасыз етумен айналысып жүрген заңгерлер де өз тәжірибелерімен бөлісті. Соңғы жылдары Түркия Парламентінде ақпарат-медиа саласына қатысты құқықбұзушылықты заңмен реттеу мәселесіне байланысты жаңа заңдар қабылданған екен. Соның нәтижесінде «Google, YouTube, Facebook, Twitter» секілді алпауыт компанияларға қарата Түркияда арнайы өкілдіктерін ашу туралы талап хаттар жолданыпты. Қайта-қайта ескертулерінің арқасында қазіргі таңда «YouTube» компаниясы Түркияда ресми өкілдігін ашу туралы келісімге келген екен». Мұндағы басты мақсатымыз ақпарат саласы мен медиа кеңістігіміздің қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін», – дейді түркиялық әріптестер. «Егер аталған компаниялар Түркияда өкілдіктерін ашуға келісім бермесе, біз заң арқылы осы арналарға Түркиядан берілетін жарнамаларға шектеу қоямыз. Сол арқылы оларды бізбен санасатын етуіміз керек. Олай болмағанда біздің ақпарат, медиакеңістігіміз жат ниетті топтардың сайран салатын ордасына айналады», – дейді. Бұл да біздер үшін ойланарлық мәселе.
Сөз арасында ортақ телеарна құру, бірыңғай ақпарат кеңістігін қалыптастыру туралы ойлар айтылды. Негізі ортақ телеарна құру туралы ойды ең алғаш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы мамырда Бодрум қаласында өткен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің төртінші саммитінде ортаға қойған еді. Н.Назарбаевтың пікірінше, ол телеарна түрік, ағылшын және орыс тілдерінде хабар таратуы қажет. Қазақстан президенті «Әл-Жазира, ВВС сияқты ол телеарна түркі дүниесін әлемге насихаттауда оң рөл атқаратынын» ескерткен болатын. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамыз.
Форум аясында Ұлттық қауіпсіздіктің маңызды саласы ретінде қаралатын ақпарат, медиа саласындағы ортақ мақсаттар мен цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірігіп әрекет ететін кез келді деген ортақ шешім барлық қатысушылардың көңілінен шыққандығы белгілі еді.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ