Түнгі кітапхана қызығы

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана «Кітапхана түні» акциясын өткізуді дәстүрге айналдырды. Жақында аталмыш ация аясында өткен әдеби, мәдени кешке 600-ден астам адам жиналып, неше түрлі қызықты бағдарламаларды тамашалады. Сонымен қатар, осы кеште Ертіс-Баян өңірі ақын жазушыларының брайль шрифімен жарыққа шыққан «Қос тіл – қос қанат» атты жыр жинағы оқырманға таныстырылды.

Кітапхана басшысы Шолпан Шахметованың сөзінше, «Кітапхана түні» алғаш 2014 жылы ұйымдастырылған. Міне, содан бері кітапханашылар дәстүрден жаңылай келеді. Шара 11 алаңға бөлініп ұйымдастырылды. Соның бірі – кітапхананың екінші қабатында құрылған қазақ ауылы. Онда қазақтың ұлттық қолөнер туындылары көрмеге қойылды. Оқырмандар жергілікті шеберлердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарды және ағаштан ойып жасалған ыдыстарды тамашалады. Сонымен қатар, өңірдегі сән орталықтары ұлттық киім үлгілерін көрсетті. Қазақ ауылы алаңына жиналған оқырмандар өңірімізге белгілі айтыс ақындары – Бейсенбі Мұқажан мен Шолпан Байғалықызының сөз сайысын да тамашалады. Шараның әдебиет алаңында жергілікті ақын-жазушылар бас қосып, өз өлеңдерін оқып берді. Содан кейін брайль шрифімен жарыққа шыққан «Қос тіл – қос қанат» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті. Жинақта Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сүлеймен Баязитовтың және Ольга Григорьева, Талғат Ғарипов, Елена Игнатовская сынды жергілікті ақындардың өлеңдері топтастырылған.

Шеберлік сыныбы алаңында ұйымдастырушылар кітапты қалай жылдам оқу тәжрибесімен бөліссе, спорттық алаңда шахмат турнирі ұйымдастырылды. Ғимараттың кіші залында балалар кітапханасы бөлімінің 60 жылдығына арналған ретро-кеш өтті. Кішкентай оқырмандар назарына «Барби» қуаршағының кейіпкерлері көрмеге қойылды. Сонымен қатар, осыдан 60 жыл бұрын жарыққа шыққан әндер айтылып, билер ұсынылды. Сондай-ақ, сол кезде жарыққа шыққан кинолардан үзінді көрсетілді. Кітапхананың кіреберісінде «Автограф сессиясы» болды. Оған өңірімізге белгілі журналист, өлкетанушы Александр Вервекин қатысып, соңғы уақытта жарыққа шыққан «Берлинская стажировка журналиста» кітабымен таныстырды. Алдағы жоспарлармен бөлісіп, жақында жолсапар очерктері мен репортаждары тағы бір кітап болып басылатынын атап өтті. Осы кеште қайырымдылық жәрмеңкесі болып, оған оқырмандар өз қолдарымен дайындап әкелген тамақтарын сатты. Жәрмеңкеден түскен қаражат Павлодар қаласында

тұратын Мәриям есімді сырқат баланың ата-анасына берілді. Бұдан бөлек, түрлі сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

— Біздің ең жас оқырманымыз төртте болса, ең үлкені 29 жаста. Бүгінгі шараға солардың барлығы келіп отыр. Жалпы, оқырмандардан кітапханада осындай мәдени, ойын-сауық кештерін жиі ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар түсіп тұрады. Дегенмен, мұндай кештерді әр ай сайын өткізуге мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан, жылына бір рет өткізуді дәстүрге айналдырдық. «Кітапхана түні» шарасының басты мақсаты – жастарды кітапханаға тарту, сол арқылы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, яғни, жалпы қауымды әдебиетпен сусындату, — деді кітапхана директоры Шолпан Шахметова.

Тілеуберді САХАБА

Суретке түсірген – Айбек Жұматов.