Түркістандық актер режиссура саласында да танылып жүр

Мұзафар Ғалымжанұлы Түркістан қаласындағы театр сахнасында шығармашылық жолын бастаған. Оның актерлік қабілеті мен сахналық пластикасы көрермен назарын бірден аударды. Әсіресе, Түркістан музыкалық драма театрының репертуарындағы Шекспирдің «Ромео және Джульеттасындағы» Ромео бейнесін сомдауы жас актердің дарынын айқын көрсеткен рөлдердің бірі болды десек қателеспейміз.

Актерлікпен қатар Мұзафар бүгінде режиссура саласында да өзін сынап жүр. Түркістан театрында ол алғашқы қойылымына жетекшілік етті. Дәлірек айтсақ, «Жалдамалы пәтер» спектаклін сахналап, заманауи тақырыпты көркемдік тұрғыда жеткізе білді. Көзі қарақты көрермен нәзік сезімге негізделген шығармашылық әлеммен танысты. Жалпы қойылымның көтерер тақырыбы да өзекті. Онда тіршіліктің қамытын киіп, күнделікті күйбеңнің салдарынан қаншама жан өзге біреудің босағасында пәтер жалдап күн кешіп жүргені рас. Жалдамалы пәтер жанға сая бола ма? Ал егер ол үйден күтпеген жерден тағдырыңды жолықтырсаң ше? Жұмбақ жағдайда танысқан қыз бен жігіттің арасын өнерге деген құштарлық жақындата ала ма? Махаббат хикаясының әрі қарай қалай өрбитінін көрсетеді. Спектаклдің басты кейіпкері бала кезінен мықты композитор болуды армандайды. Талантты жігіт Артур өнер байқауынан қайтсем де өтуім керек, жеңімпаз атануым керек деп арман қала Астанаға келіп, пәтерді жалға алады. Ал оған келсе жұмбақ жағдайда пәтерді Наз есімді қыз да жалға алған болып шығады, Бағына орай ол да өнерге құштар, қаламды жанына серік еткен. Алғашқыда екеуінің арасында түсініспеушілік жағдайлар орын алғанымен, уақыт өте келе нәзік сезімге ұласады. Басты рөлдерді Қадыржан Төреханов, Аяжан Жұмабек, Досымжан Арқабеков, Аида Серикова, Темірлан Еркінғалиев, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Ұлан Әділбек, Мейіржан Тұрсынов, Ақбала Ыбырайқызы, Болатбек Оспан, Мерей Құдайберген сынды театрдың белді әртістері ойнайды. Қойылымның композиторы – Ербол Нариманұлы, көркемдік жетекшісі – Мадина Мұратпекова.

Талантты режиссер 2000 жылы 29 наурызда Атырау облысы Атырау қаласында дүниеге келген. Бүгінде Түркістан қаласының тұрғыны. 2014-2017 жылдар аралығында Нұрғиса Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының «Актер шеберлігі» факультетінің «Әртіс» мамандығын тәмәмдаған. 2017-2021 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Театр өнері» факультетінің «Музыкалық драма әртісі» мамандығында оқыған. 2021 жылдан бастап киелі шаһардағы театрда әртіс қызметін атқарады.

Мұзафардың шығармашылығына тән ерекшелік – жастарға жақын тақырыптарды көтеру, күрделі мәселелерді жеңіл юмормен немесе поэтикалық образдармен жеткізу. Оның қойылымдары мен сценарийлерінде достық, махаббат, арман, өмір мен өлімнің философиясы қатар өріледі. Осылайша театр ашылғалы бері еңбек етіп келе жатқан талантты жас актер осы жолы өзін автор әрі режиссер ретінде жаңа қырынан сынады. Қазіргі таңда «Түнгі терапия» атты психологиялық драмасында адам жанындағы жаралар мен емделмеген сезімдерді сахналық диалогтар арқылы жазылып жатыр. Ол да алдағы уақытта көпшілік назарына ұсынылмақ.

Түркістан қаласы